YouVersion Logo
Search Icon

Елшілер 4

4
1Олар әлі де халыққа сөйлеп тұрған сәтте, бас қызметкерлер мен ғибадатхана күзетінің басшысы мен саддукейлер келіп қалды,
2олардың халыққа тәлім беріп және Исаның өліп, өлімнен қайта тірілгені туралы жариялап жатқандарына ашуланды.
3Сол жерде оларды бас салып ұстап алып, кеш батып қалған мезгіл болғандықтан, оларды келесі күнге дейін абақтыға жаптырып қояды.
4Ал сол арада болғандардың көпшілігі естіген сөзге сенді, бауырластар саны бес мың ер адамға артты.
5Келесі күні яһудейлердің басшылары мен ақсақалдары және Таурат заңын зерттеушілер бірігіп, Иерусалимге жиналатын болды.
6Ол жерде бірінші бас қызметкер Анна мен Қаяфа, Жохан мен Ескендір, сонымен қатар, бірінші бас қызметкерлердің әулетіне жататын жақын адамдардың бәрі болды.
7Олар тұтқынға алынғандарды ортаға шығарып: -Сендер мұны қандай күшпен және кімнің атымен істедіңдер? -деп олардан сұрады.
8Сонда Киелі Рухқа кенелген Петір оларға былай деді: -Халықтың басшылары мен ақсақалдары!
9Егер де бүгін біз мына сал болып ауырған адамға байланысты жасалған ізгі іске әрі оның қалай сауығып кеткеніне бола жауапқа тартылып жатқан болсақ,
10онда сіздердің бәріңізге, бүкіл Исраил халқына мына нәрсе мәлім болсын: бұл адам сендер айқышқа шегелеген Назареттік Исаның, яғни, Құдай өлімнен қайта тірілтіп алған Иса Мәсіхтің атымен сауықты! Енді, міне, ол сіздердің алдарыңызда сап-сау қалпында тұр!
11Сіздер «Қорлап, құрылысқа жарамсыз етіп тастаған Сол Тас енді ең басты іргетасқа айналды».
12Исадан басқа ешкім де құтқара алмайды, себебі біз секілді аспан астында өмір сүріп жатқан адамдарды құтқарып алатын есім Одан басқа ешкімге берілмеген, -деді.
13Сонда олар Петір мен Жоханның батылдығына таңғалды, олардың оқымаған әрі қарапайым адамдар екені көрініп тұрды. Олардың Исаның қасында жүретінін білетін.
14Олардың қасындағы адамның сауығып кеткенін көргенде, ешқандай да қарсылық білдіре алмады.
15Бұдан кейін оларға синедерионнан сыртқа шығуын бұйырды да, өздері бір-бірімен ақылдасып:
16-Мына адамдарға не істесек болады? -деді олар, -олар арқылы жасалған мына керемет іс бүкіл Иерусалим тұрғындарына мәлім болды, біз мұны жоққа шығара алмаймыз.
17Енді осы нәрсе халықтың арасына бұдан да кең тарап кетпеу үшін, оларға осы Адамның атына байланысты бұдан былай еш нәрсе айтпаңдар деп қорқытып қояйық, -десті.
18Сонымен, оларды қайтадан шақырып алып: -Енді Исаның атына байланысты мүлдем еш нәрсе жариялап айтушы болмаңдар және ешқандай тәлім де бермеңдер, -деді.
19Сонда Петір мен Жохан оларға былай деп жауап қайырып: -Құдай алдында Оның айтқанын емес, сендердің айтқандарыңды тыңдау дұрыс па, өздеріңіз ойлап қараңыздаршы?
20Адайда біз нені көргеніміз бен нені естігеніміз жайында айтуды тоқтата алмаймыз, - деді.
21Жоғары кеңестің мүшелері оларды жазалайтындай еш нәрсе таппаған соң және халықтың қолдауын көріп, оларды тағы да қорқытып, босатып жіберді. Осы болған оқиғадан кейін барлығы Құдайды мадақтады,
22сауығып кеткен адамның жасы қырықтан асып кеткен еді.
23Петір мен Жоханды босатып жіберген соң, олар өздерінің ортасына келіп, бірінші бас қызметкерлер мен ақсақалдардың өздеріне не айтқанын жеткізді.
24Осы болған оқиғаны естігеннен кейін, олардың барлығы бір кісідей Құдайға дауыстап: -Көк пен жерді, теңізді де және ондағылардың бәрін де жаратқан Жаратушы Иеміз!
25Сен Киелі Рухың арқылы біздің арғы бабамыз әрі Өзіңнің қызметшің Дәуіттің аузымен: «Неге ұлттар қарсыласып, халықтар түкке тұрмайтын нәрсемен айналысып кетті?
26Жер бетіндегі патшалар бас көтеріп, басшылар бірге жиналып, Иемізге, Оның Майланғанына (Мәсіхке) қарсы шығып жатыр», - деп айтқан болатынсың.
27Шынымен де, Ирод пен Понти Пилат осы қалада өзге ұлт өкілдерімен және Исраил халқымен бірігіп, Сенің киелі Ұлың әрі Өзің майлаған Исаға қарсы тұрды.
28Олар Сенің қолың (күшің) арқылы және Сенің еркіңе сай алдына ала белгіленгенді іске асырды.
29Ием, енді қазір олардың көрсетіп жатқан қоқан-лоқысына назарыңды аударшы, Сенің құлдарыңа Өзіңнің әрбір сөзіңді ашық айта алатын батылдық бере гөрші!
30Сенің киелі Ұлың Иса арқылы сауықтырулар мен кереметтер жасап, бізге Өзіңнің қолыңды соза гөрші! -деп мінәжат етті.
31Олар осылай мінәжат еткен кезде, олар жиналып отырған жер қозғалып кетті, сол кезде олардың бәрі Киелі Рухқа кенелді, сонда олар Құдайдың сөзін аса бір батылдықпен айта бастады.
32*Сол жердегі көптеген сенушілердің жүрегі мен жаны бір (бірлікте) болды. Олардың бірде-біреуі де өзінде бар нәрсені өз меншігім деп қараған жоқ, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарын ортақ пайдаланды.
33Иеміз Исаның өліп, қайта тірілуі жөнінде елшілердің берген куәлігі Құдіретті Ұлы Күштің көмегімен болды, сондықтан Құдайдың рақымы олардың бәріне молынан берілді.
34Сол себепті де олардың ешқайсысы ешқандай мұқтаждық көрген емес, жері немесе үйі бар адамдардың көпшілігі сатқан мүліктерінен түскен қаражатты өз еріктерімен әкеліп,
35оларды елшілердің алдына апарып қоятын. Ал олар мұны әркімнің мұқтаждығына қарай таратып беріп отырды.
36Мысалы, елшілер Барнаба деп атап кеткен Кипрдің тумасы, Жүсіп есімді леуілік (аударғанда «жұбатушы ұл» дегенді білдіреді)
37өзінің сатқан жерінің ақшасын алып келіп, оны елшілердің алдына апарып қойды.

Currently Selected:

Елшілер 4: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in