Елшілер 3
3
1Сағат тоғыздың кезінде Петір мен Жохан мінәжат ету үшін, ғибадатханаға қарай көтеріліп келе жатты.
2Сол ғибадатхананың «Әдемі» деп аталатын қақпасының алдына ана құрсағынан аяғы кем болып туылған бір ер адамды ғибадатханаға келетіндерден қайыр сұрау үшін, әкеліп отырғызып қоятын.
3Ғибадатханаға кіріп келе жатқан Петр мен Жоханды көрген сол адам олардан қайыр сұрайды.
4Сонда Петір мен Жохан одан көз алмай қадала қарап: -Бізге қарашы! - деді.
5Ол бір нәрсе берер деп дәметкендіктен, оларға назарын аударды.
6Сонда оған Петр: -Менде күміс те, алтын да жоқ, бірақ не бар, соны саған беремін, -деді де: -Назареттік Исаның атымен орныңнан тұрып, жүріп кет! - деді.
7Сөйтті де оны оң қолынан ұстап, көтерді, сол сәтте мүгедектің табаны мен буындарына күш пайда болды!
8Ол орнынан атып тұрып, жүріп кетті! Олармен бірге ғибадатханаға кіріп, секіріп жүріп, Құдайды мадақтады.
9Сол жердегі бүкіл халық оның жүріп жүргенін, Құдайды мадақтағанын көреді.
10Оның ғибадатхананың «Әдемі» деп аталатын қақпасының алдында қайыр тілеп отыратын адам екенін таниды, оларды қорқыныш билеп, болған оқиғаға бола естері шығып, аң-таң күйге түседі.
11Әлгі адам Петір мен Жоханға жабысып, олардан бір елі қалмай қояды. Осы болған оқиғаға халықтың бәрі таң-тамаша болып, сол жердегі Сүлейменнің бағаналы сарайының жанына жинала бастады.
12Мұны көріп тұрған Петір халыққа былай деп үн қатты: -Исраилдің ер азаматтары, бұған неге соншама таңырқап тұрсыңдар? Біз оны өз күшімізбен не болмаса ізгі қасиетіміздің арқасында жасаған жоқпыз. Бізге неге соншама тесірейіп қарап қалдыңдар?
13Ыбырайымның, Ысқақтың, Жақыптың Құдайы және біздің ата-бабаларымыздың Құдайы, Өзінің Ұлы Исаны даңққа бөледі, ал сендер Оны басқаларға ұстап бердіңдер. Пилат Оны босатып жібермек болғанда, сендер Одан бас тарттыңдар.
14Сендер әрі киелі, әрі әділетті Исадан бас тартып, Оның орнына өздерің кісі өлтірушіні қалап, сұрап алдыңдар.
15Өмірдің бастауы болған Исаны өлтірдіңдер! Алайда Құдай Оны өлімнен қайта тірілтіп алды, мына біз соған куәміз!
16Сендер өздерің күнде көріп -біліп жүрген мына адамды сол Исаның атына сенген сенімі нығайтты, сөйтіп, ол Исаға деген сенімі арқылы толығымен сауықты, қайтадан қалпына келіп, сендердің орталарыңа оралды.
17Бауырластар, сендер де, сендердің басшыларың да соны білместікпен істегендеріңді мен түсінемін.
18Ал Құдай Өзінің пайғамбарларының аузымен Мәсіхтің азап шегетіні жайында алдын ала айтып кеткен еді, міне, бұл осылай орындалды.
19Сонымен, күнәларың кешірілсін десеңдер, тәубеге келіп, теріс жолдарыңнан кері қайтыңдар,
20өйткені Иеміздің жүзінен рухани жаңартатын жаңа уақыттың келе жатқаны байқалады, сондықтан Ол сендерге алдын ала тағайындап қойған Мәсіх Исаны жіберді.
21Құдай өткен ғасырларда Өзіне бағышталған пайғамбарларының аузымен: «Бәрін қайта қалпына келтіретін уақыт келгенше, Ол, яғни, Мәсіхкөкте болады», -деп айтқан еді.
22Кезінде Мұса былай деп айтып кеткен: «Сендердің Құдай Иелерің мен сияқты бір Пайғамбарды өз бауырластарыңның арасынан қайтадан қоятын болады. Оның сендерге айтқандарының бәрін тыңдауға тиіссіңдер.
23Сол Пайғамбарды тыңдағысы келмейтін әрбір жан халықтың арасынан аластатылып, құртылуы тиіс».
24Бір кездері Самуилден бастап, басқа пайғамбарлар да бірінен соң бірі алдын ала болжап, осы күндер туралы айтып кеткен.
25Сол пайғамбарлардың ұрпақтары -сендерсіңдер. Құдай сендердің ата-бабаларың Ыбырайыммен келісім шартқа отырған кезде оған: «Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық халықтарға әкелік батаң тарайтын болады», -деген болатын.
26Құдай Өз Ұлын өлімнен тірілтіп алғаннан кейін, сендерге батасын (жарылқауын) беріп, әрқайсысыңды зұлым әрекеттеріңнен бас тартып, жиренту үшін, ең алдымен, Оны сендерге жіберді.
Currently Selected:
Елшілер 3: ZO
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Association Bible Society of Kazakhstan, 2022-2023