YouVersion Logo
Search Icon

Елшілер 5

5
1Анани есімді бір ер адам әйелі Зәпирамен бірге жеке мүліктерін сатып,
2әйелі екеуі келісіп, сатылған бағадан өздеріне бөліп алып қалады да, қалғанын елшілердің алдына қояды.
3Сонда Петір оған: -Анани, сайтан не үшін сенің жүрегіңді өзінің өтірігімен толтырып қойды, ол сенің Киелі Рухты алдауыңа жол берді, сөйтіп, сен сатылған жеріңнің жарты бағасын өзіңе жасырып алып қалдың?
4Жер сенің өз меншігің болғандықтан, сатылғаннан кейін де түскен ақша да сенікі болып қалмай ма? Не себепті сен жүрегіңе осы бір ойды кіргіздің? Сен адамдарға емес, Құдайға өтірік айтып тұрсың, - деді.
5Осы сөзді естігеннен кейін, Анания жерге құлап түсті, оның рухы (жаны) одан шығып кетті. Осы оқиғаны көргендердің бәрінің зәре-құты қалмады.
6Жастар орындарынан тұрып, оны дәстүрге сай орап, сыртқа алып шықты да, апарып жерледі.
7Осыдан кейін, шамамен үш сағаттай уақыт өткен соң, оның әйелі кіріп келді, әйтсе де ол болған жағдайды білмейтін.
8Сонда Петір оған: -Сендер өздеріңе тиісті жеке меншік жерлеріңді осы бағаға саттыңдар ма, маған соны айтшы? -деді. Әйел оған: - Иә, сол бағаға, - деді.
9Сонда Петір: -Сендер сонда Иеміздің Рухын сынамақ болып өзара келісіп алғансыңдар ма? Есік алдына келіп қалған аяқтардың дыбысын естисің бе? Міне, сенің күйеуіңді жерлегендер қайтып келді. Енді олар сені де алып шығады, - деді.
10Сол сәтте әлгі әйел оның аяқ жағына құлап түсті, оның рухы да (жаны) одан шығып кетті. Жастар кіргенде оның өліп қалғанын көріп, оны да сыртқа алып шығып, күйеуінің қасына апарып жерледі.
11Бұл оқиғаны қауымдағылар да түгел естіді, оларды және осы жайында естігендердің барлығын қатты үрей биледі.
12Осылайша елшілер арқылы халықтың арасында көптеген кереметтер жасалып жатты. Елшілердің бәрі Сүлейменнің төбесі жабық бағаналы сарайында бір кісідей бірге жиналып жүрді.
13Халық оларды аса құрметтеді, ал кездейсоқ қосылмай қалғандардың ешқайсысының оларға барып қосылуларына батылдары жетпеді.
14Сөйтіп, Иемізге сенім артқан ерлер мен әйелдер саны көбейіп, күннен-күнге арта түсті.
15Сонымен қатар, адамдар ауруларды жатқан төсегімен көшеге шығарып қоятын. Петір олардың қасынан жүріп өткен кезде, оларға оның көлеңкесі түсіп, олар сауығып кететін.
16Бұған қоса Иерусалимнің айналасында орналасқан қалалардан да науқас адамдар мен таза емес рухтың жетегіндегі балаларды алып келетін, олардың бәрі дерттерінен сауығып жатты.
17Осы кезде бірінші бас қызметкерлерді және олармен бірге жүргендерді, сондай-ақ саддукейлер бағытын ұстанатындарды қызғаныш билегендіктен,
18олар Мәсіхтің елшілерін қолға түсіріп, оларды өкіметтің абақтысына жаптырды.
19Бірақ түн ішінде Иеміздің періштесі түрменің есіктерін ашып, оларды шығарып алып:
20-Ғибадатханаға барыңдар, -деді, -сол жерде осы өмір туралы айтылған сөзді түгел халыққа жариялап айтып беріңдер, - деді.
21Бұған құлақ асқан елшілер таң ата ғибадатханаға келіп, тәлім бере бастады. Осы кезде бірінші бас қызметкерлер өздерімен бірге болғандарды және синедерион мүшелерін, барлық Исраил ұлдарынан ақсақалдарды жинап алып, қызметкерлерін абақтыдан елшілерді алып келуге жіберді.
22Дегенмен, қызметкерлер елшілерді абақтыдан таппады. Сосын олар қайтып келіп, оларға:
23-Біз барғанда абақтының барлық жағынан мықтап бекітілгенін және қақпа алдында күзетшілер тұрғанын көрдік, бірақ қақпаны ашқан кезде, ішінен ешкімді таппадық, - деп болған жағдайды айтып берді.
24Оларды тыңдаған ғибадатхана күзетінің басшысы мен бірінші бас қызметкерлер бір-біріне: «Сонда олармен не болды?» - деп, не болғанын түсінбей, абдырап қалды.
25Сол кезде біреу келіп: -Сендер абақтыға жауып тастаған әлгі ер адамдар ғибадатханада жүр, сол жерде олар халыққа тәлім беріп тұр, - деп хабарлады.
26Сонда күзет басшысы қызметшілерімен бірге барып, оларды ертіп келді. Елшілерге ешқандай күш көрсетпеді, өйткені сол жердегі адамдар өздеріне тас лақтырып, ұрып жіберер деп, халықтан қорықты.
27Олар елшілерді ертіп келгеннен кейін, оларды синедерионның алдына тұрғызып қойды. Сонда бірінші бас қызметкер оларға:
28-Біз сендерге енді қайтып осы Есімді атап, тәлім бермеңдер деп ескертіп, бұйрық бердік емес пе? -деп сұрады. -Сендер бүкіл Иерусалимді өз тәлімдеріңмен толтырып тастадыңдар және осы Адамның қанын біздің мойнымызға артып қойғыларың келеді, - деді.
29Сонда Петір мен басқа елшілер: -Негізінде, адамға емес, Құдайға көбірек мойынсынған дұрыс!
30Ата-бабаларымыздың Құдайы сендер айқыш ағашқа іліп өлтірген Исаны қайта тірілтті.
31Сөйтіп, Құдай Оны жол Бастаушы әрі Құтқарушы ретінде оң қолымен қолдап, көтеріп, жоғарылатты, ондағы мақсаты Исраил халқының тәубеге келіп, күнәларына кешірім алуы еді.
32Бұл айтылған сөзге мына біз және Өзіне мойынсынғандарға берген Құдайдың Киелі Рухы куә, -деді.
33Осыны естіген кезде олар ашудан жарылып кете жаздағаны соншама, елшілерді өлтіріп тастағылары келді.
34Сол арада Таурат заңының оқытушысы ретінде халықтың құрметіне ие болып жүрген Гамалиил атты бір фарисей орнынан тұрып, синедериондағыларға: -Мына адамдарды сыртқа шығара тұрыңдаршы, - деп бұйырды.
35Содан кейін ол: -Исраил елінің ер-азаматтары, бұл адамдарға қолданатын іс-әрекеттеріңе аса абай болыңдар, -деді.
36Естеріңде болса, осыған дейін Теуда есімді адам өзінөзі ұлымын деп жариялағанда, оның артынан төрт жүзге жуық адам ерген болатын. Алайда оның өлімінен кейін оған ерген адамдардың бәрі бытырап кеткен.
37Одан кейін халық санағы жүріп жатқан күндердің бірінде ғалилеялық Яһуда деген пайда болып, оның артынан да біраз халық ерді. Ол өлген соң, оны тыңдап, соңынан еріп жүргендердің бәрі тарап кетті.
38Сондықтан сендерге айтарым: бұл адамдарға тиіспеңдер, оларды босатып жіберіңдер. Егер де бұл ісәрекет адамдардың қалауымен болса, онда бұл құрып, жоқ болады.
39Ал егер де бұл Құдайдан болса, сендер оны құрта алмайсыңдар, керісінше, осы істерің арқылы Құдайға қарсы күресуші болып қаласыңдар, -деді. Сонда олар бұл сөзге құлақ асады.
40Елшілерді қайта шақырып алып, оларды ұрып-соғып, бұдан былай Исаның атын атамауды бұйырды. Осыдан кейін оларды босатып жіберді.
41Елшілер Исаның атына бола синедерионның алдында тұрып, жәбір көргендері үшін қуанып, өз жолдарымен кетті.
42Осылай олар ғибадатханада немесе үйде болсын, әрдайым Мәсіх Иса жөніндегі тәлімдерінде Ізгі хабар таратуды тоқтатқан жоқ.

Currently Selected:

Елшілер 5: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in