Ешуа 5
5
Ғылғалдағы сүндеттеу рәсімі
1Өзеннің батыс жағындағы аморлықтардың патшалары және теңіз жағасында тұратын қанахандықтардың патшалары Жаратқан Иенің исраилдіктер өзеннен өтіп болғанға дейін олардың алдарынан Иорданның суын құрғатып қойғаны туралы естіді. Содан әлгі патшалар жүрексініп, әлсіреп, исраилдіктерден зәре-құты қалмай қорықты.
2Сол кезде Жаратқан Ие Ешуаға: «Өткір шақпақ тастан пышақ жасап, сүндеттелмеген исраилдік еркектерді сүндетте», — деген әмір берді.#5:2 Құтқарылу мейрамын тойлау үшін еркектердің сүндеттелген болулары тиіс еді (5:10; Мыс 12:48-49). 3Ешуа өткір шақпақ тастан пышақ жасап, сүндеттелмеген исраилдіктерді Гибеат-Аралот#5:3 Яғни «Сүндет төбесі». деген жерде сүндеттеді.
4Ешуаның бұларды сүндеттегенінің себебі мынау: Мысыр елінен көшіп шыққан, қару ұстайтын жастағы еркек атаулы иен даланы кезіп, көшіп-қонып жүрген уақытта қайтыс болып біткен еді. 5Мысырдан шыққан барлық еркектер сүндеттелген болса да, кейін иен даланы кезіп жүрген кезде туылған еркек кіндіктілер әлі сүндеттелмеген болатын. 6Мысырдан көшіп шыққан, соғысқа жарамды еркек атаулы өліп біткенге дейін бүкіл Исраил халқы қырық жыл бойы иен даланы кезіп, көшіп-қонып жүрді. Өйткені олар Жаратқан Иенің айтқан сөзіне мойынсұнбаған еді.#5:6 Рул 14:1-4,9-11. Сондықтан Ол ата-бабаларына олардың кейінгі ұрпақтарына табыстауға уәде еткен, ағы мен балы ағыл-тегіл елді сол буын ешқашан көрмейді деп шешіп, Онысын антымен бекіткен болатын. 7Сол буынның орнына Жаратқан Ие олардың ұлдарын қойғандықтан, Ешуа енді соларды сүндеттеді. Олар сапар кезінде туылғандықтан әлі де сүндеттелмеген еді. 8Бүкіл халықтың еркек кіндіктілері сүндеттеліп болғаннан кейін, жаралары жазылғанша ел қонысында қала берді.
9Сол кезде Жаратқан Ие Ешуаға: «Бүгін мен Мысырдың масқарасын сендерден (ірі тастай) домалатып алып тастадым», — деді.#5:9 Уәделі елге кіріп, Жаратқан Иеге қайтадан бағышталулары арқылы исраилдіктер Мысырдағы құлдықтан әрі мысырлықтардың мазақтауынан құтқарылды. Сол себепті бұл жер күні бүгінге дейін Ғылғал (яғни «Домалату») деп аталады.
Халықтың Ғылғалда Құтқарылу мейрамын өткізуі
10Исраилдіктер Ғылғалда, Иерихонның маңындағы жазықта, қала тұрды. Сол айдың он төртінші күнінің кешінде олар (халықтың Мысырдан құтқарылғанын еске алатын) Құтқарылу мейрамын қарсылап, арнайы құрбандық шалды. 11Дәл келесі күні олар алғашқы рет сол елдің өнімінен дайындалған тамақ: ашытқысыз нан мен қуырылған дәнді дақылдар жеді. 12Халық елдің өнімін тамақ қыла бастаған күннен бастап манна#5:12 Яғни Құдай кереметпен күн сайын беріп келген тәтті нан (Мыс 16:35). сап тиылды. Сол жылы исраилдіктер маннамен емес, Қанахан елінің өнімімен тамақтанды.
Көктен түскен қолбасшымен кездесу
13Сол тұста Ешуа Иерихонның маңайында жүріп басын көтеріп, қарап қалғанда, міне, қарсы алдында тұрған, қолында жалаң семсері бар біреуді көрді. Ешуа оған таяп келіп:
— Сен кімді жақтайсың, бізді ме, әлде жауларымызды ма? — деген сауал қойды. 14Ол:
— Жоқ, қазір Жаратқан Иенің әскербасы ретінде келіп отырмын, — деп жауап қатты. Сонда Ешуа етпетінен жерге жата кетіп, оны қастерлеп:
— Ием, мендей пендеңізге не бұйырасыз? — деп сұрады. 15Жаратқан Иенің әскербасы Ешуаға:
— Аяқкиіміңді шеш! Сен басып тұрған осы жер киелі,#5:15 Мыс 3:5. — деді.
16Ал Иерихон қаласы исраилдіктерге бола тас бекітілді. Ешкім қалаға кірмейтін, ешкім қаладан шықпайтын болды.#5:16 Ескерту: көптеген шетелдік аудармаларда осы аят 6-тараудың бірінші аяты болып есептелінеді. Сондықтан сол аудармаларда 6-тараудағы аяттардың реттік саны осы шығармаға қарағанда бір санға артық.
Currently Selected:
Ешуа 5: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.