YouVersion Logo
Search Icon

Ешуа 4

4
Ұлы кереметке арнап ескерткіш орнату
1Бүкіл халық Иордан өзенінің арғы бетіне өтіп болғаннан кейін, Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: 2«Халық арасынан он екі адамды, әрбір рудан бір-бір адамнан шақырып алыңдар. 3Оларға мынадай бұйрық беріңдер: Діни қызметкерлердің Иорданның ортасында қозғалмай тұрған жерінен он екі тас алыңдар. Оларды бүгін кеште халық түнейтін жерге дейін көтеріп апарып, сонда қойыңдар».
4Сонда Ешуа исраилдіктердің он екі руынан бір-бірден өзі тағайындаған адамдарын#4:4 3:12. шақырып алып, 5оларға былай деп бұйырды: «Иордан өзенінің ортасына, Құдайларың Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдына, барыңдар. Сол жерден әрқайсың Исраил руларының санына сай бір-бір тастан көтеріп, иықтарыңа салып алыңдар. 6Бұл тастар араларыңда ескерткіш болсын. Болашақта бала-шағаларың: «Бұл тастар сіздер үшін нені білдіреді?» деп сұрағанда, 7оларға: «Иордан өзенінің суы Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында кесілгендей қақ айырылды. Келісім сандығы Иорданды кесіп өткенде өзеннің суы ақпай тұра қалды. Сондықтан осы тастар Исраил халқы үшін мәңгілік ескерткіш болады» деп жауап беріңдер».
8Исраилдіктер Ешуаның бұйрығын жүзеге асырды. Олар Жаратқан Ие Ешуаға айтқандай, Иордан өзенінің ортасынан Исраил руларының санына сәйкес етіп он екі тас алды. Оларды халықтың түнеуге тоқтаған жеріне көтеріп апарып, сол жерге қойды. 9Сонымен Ешуа Келісім сандығын көтерген діни қызметкерлердің аяқтары Иорданның ортасында тұрған жерден алынған он екі тасты (ескерткіш ретінде) орнатып қойды.#4:9 Немесе: Діни қызметкерлердің аяқтары Иорданның ортасында тұрған жерге (де) он екі тасты орнатып қойды. Сол тастар күні бүгінге дейін сол жерде.
10Жаратқан Иенің Ешуа халыққа жеткізсін дегенінің барлығы Мұсаның Ешуаға бұйырғандарына сай толықтай жүзеге асып біткенше, Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның ортасында тұра берді. Халық өзеннен тездетіп өте шықты. 11Бүкіл халық өтіп болған соң Жаратқан Иенің Келісім сандығы оны көтеріп жүрген діни қызметкерлермен бірге барша халықтың көз алдында өзеннен өте шықты. 12Рубен мен Ғад руларының және Манаса руының жартысының қаруланған адамдары Мұсаның айтқан бұйрығына сай барлық басқа исраилдіктерден бұрын өтіп кеткен еді. 13Барлығы, шамамен қырық мыңдай шайқасқа қаруланған адам, Жаратқан Иенің алдынан#4:13 Келісім сандығының қақпағы және Оның үстіндегі екі керуб мүсіні Жаратқан Иенің жер бетіндегі «тағы» деп аталған (Мыс 25:22; Рул 7:89; Пат1 4:4; Жыр 98:1). өзеннің арғы жағына, Иерихон жазығына саппен өтіп шықты.
14Сол күні Жаратқан Ие бүкіл Исраилдің көз алдында Ешуаның мерейін мейлінше үстем қылды.#4:14 3:7. Олар кезінде Мұсаны өмір бойы құрметтеп өткендей, енді Ешуаны да құрметтейтін болды.
15Жаратқан Ие Ешуаға: 16«Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлерге Иордан өзенінен шықсын де!» — деп бұйырғанда, 17Ешуа оларға: «Өзеннен бері шығыңдар!» — деген болатын. 18Міне, ғажап, Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның ортасынан шығып, аяқтары қара жерге тиісімен, өзеннің суы өз орнына қайта келіп, бұрынғыдай арнасынан шығып тасып аға жөнелді.
Халықтың Ғылғалда қоныстануы
19Осылай халық бірінші айдың оныншы күні#4:19 Ежелде Жаратқан Ие халықты бірінші айдың оныншы күні (шамамен наурыз мерекесі кезінде) ұлы кереметтермен Мысырдағы құлдықтан құтқарып, шығарған еді (Мыс 12:1-13,29-37). Енді Ол халықты тағы да жылдың бірінші айының оныншы күні ұлы кереметтермен уәделі елге бастап кіргізді. Иордан өзенін кесіп өтті. Олар Иерихон қаласының шығыс жағындағы Ғылғалда#4:19 5:9. тоқтап, қостарын тікті. 20Иорданнан алынған он екі тасты Ешуа Ғылғалда тұрғызып қойып, 21исраилдіктерге былай деді: «Болашақта балаларың сендерден: «Мына тастардың мағынасы қандай?» деп сұраған кезде, 22оларға мынаны түсіндіріп беріңдер: «Халқымыз Исраил осы жерде Иордан өзенін құрғақ жермен кесіп өтті». 23Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендер Иордан өзенінен өткенше оның суын көздеріңнің алдында құрғатып қойды. Ол бұрын біз Қамысты теңізден өтіп болғанша оның суын да дәл солай құрғата тұрған еді. 24Ол жер бетіндегі барлық халықтардың Жаратқан Иенің зор құдіретін білулері үшін және сендер Құдайларың Жаратқан Иені құрметтеулерің үшін осылай істеді».

Currently Selected:

Ешуа 4: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in