YouVersion Logo
Search Icon

Билер 16

16
Самсонның Газадағы қала қақпасын жұлып алып кетуі
1Бірде Самсон (філістірдің) Газа қаласына барды. Сол жерде бір жеңіл жүрісті әйелге көзі түсіп, оның үйіне кірді. 2«Самсон осында келіпті» деген хабар қала тұрғындарының арасына жайылды. Олар сол жерді айналдыра қоршап, қала қақпасын да түні бойы бақылаумен болды. «Таң сәріде оның көзін құртамыз!» — деп олар дыбыс шығармай сол түнді өткізді.
3Бірақ Самсон түн ортасына дейін ғана демалды. Содан соң орнынан тұрып, қала қақпасын жақтауы, ысырмаларымен қоса тұғырымен жұлып алып, иығына салып, Хебронның қарама-қарсысындағы тау басына апарып тастады.#16:3 Газа мен Хебронның арақашықтығы 60 шақырымдай. Газа теңіз жағалауында орналасқан, ал Хебронның қарама-қарсысындағы тау басы теңіз деңгейінен 1000 метрдей биіктікте.
Далиданың Самсонды алдап ұстап беруі
4Кейін Самсон Сорек аңғарында тұратын Далида#16:4 Осы есім Делила деп те айтылады. есімді бір бойжеткенге ғашық болды. 5Філістірлердің әміршілері#16:5 3:3; Еш 13:3. Далидаға барып: «Самсонды алдап, оның ерен күшінің көзі неде екенін, біздің қалайша оны жеңе алатынымызды біліп ал! Сонда оны байлап тастап, бой ұсындырамыз. Сол үшін саған әрқайсымыз бір мың бір жүз мысқал күмістен береміз!» — деп уәде берді. 6Сондықтан Далида Самсоннан:
— Сенің ерен күшіңнің көзі неде? Сені бағындыру үшін қалай байлап тастауға болады, соны маған айтып берші! — деп сұрады. 7Самсон оған:
— Егер мені садақтың әлі кеппеген жеті керме жібімен байлап тастаса, мен әлсізденіп, жай адам сияқты болып қаламын! — деді.
8Содан філістірлердің әміршілері әйелге садақтың әлі кеуіп үлгірмеген жеті адырнасын әкеліп берді, ол Самсонды солармен байлап-матап тастады. 9Бірнеше філістір оны ұстамақ болып, ішкі бөлмеде тығылып отырды. Далида: «Самсон! Філістірлер сені ұстауға келіп қалды!» — деп дауыстады. Бірақ Самсон ұшып тұрып, үстіндегі жеті адырнаны от тиіп жанған білте іспетті бырт-бырт үзіп тастады. Осылайша оның құдірет-күшінің неде екені анықталмады. 10Сонда Далида:
— Сен мені алдап соғып, өтірік айттың. Сені қалай ғана байлауға болады? Соны қазір айтып берші! — деп өтінді. 11Ол Далидаға:
— Егер мені әлі қолданылмаған жаңа арқанмен мықтап байлап тастаса, мен әлсізденіп, жай адам сияқты болып қаламын! — деп жауап берді.
12Далида жаңа арқандар алып, оны байлап-матап тастап, «Філістірлер сені ұстауға келіп қалды!» — деп дауыстады. Самсонды ұстауға келген філістірлер ішкі бөлмеде отырған еді. Бірақ Самсон білегіндегі арқандарды жіп құрлы көрмей үзіп тастады. 13Далида бұртиып:
— Бұған дейін мені алдап соғып өтірік айтып келесің! Енді айтшы, сені қалай байлап тастауға болады? — деп тұрып алды. Сонда Самсон:
— Егер сен шашымның жеті өрімін өрмекпен бірге тоқып, қазығымен жерге қадап қоятын болсаң, мен әлсізденіп, жай адам сияқты болып қаламын, — деді. Самсон ұйықтап жатқанда Далида оның шашының жеті өрімін өрмекпен бірге тоқып, 14қазығымен жерге қадап қойып: «Філістірлер сені ұстауға келіп қалды, Самсон!» — деп дауыстады. Самсон ұйқысынан оянып, қазықты өрмегімен қоса жұлып алды. 15Содан соң Далида Самсонға:
— Сен мені сүйемін дейсің, бірақ маған шын жүректен адал емессің. Мені үш рет алдап соқтың! Өзіңнің ерен күшіңнің себебін айтпай қойдың! — деп ренішін білдірді.
16Ақыры, күн сайын Далида қыспақтап сұрай бергендіктен, Самсонның жаны түңіліп, өмірден қатты налыды. 17Ол Далидаға жүрегіндегі бар құпиясын айтып беріп:
— Менің басыма ешқашан ұстара тимеген. Анамның құрсағынан-ақ Құдайға ерекше бағышталған жанмын.#16:17 Яки: назирмын (13:5,13-14; Рул 6:2-5). Егер шашым алынып тасталса, онда бойымдағы зор күштен айырылып, әлсізденіп, жай адам сияқты болып қаламын, — деді.
18Далида Самсонның өзіне бүкіл құпиясын ашқанын түсініп, філістірлердің әміршілеріне кісі жіберіп: «Енді келе беріңіздер, Самсон маған жүрегіндегі бар құпиясын ашып, айтып берді!» — деп шақырды. Сонда әлгі әміршілер қайта оралып, әйелге берешек күміс ақшаларын да ала келді. 19Далида Самсонды өзінің тізесіне жатқызып ұйықтатып, бір адамды шақырып, оған Самсонның басындағы жеті өрім шашын алдыртып тастады. Содан Самсон әлсізденіп, күшінен ада болды.
Самсонның ең соңғы да ең зор жеңісі
20Далида: «Філістірлер сені ұстауға келіп қалды, Самсон!» — деп дауыстады. Самсон ұйқысынан оянғанда, бұрынғыдай бір бұлқынып бұғаудан босап шыға келемін деп ойлады. Ол Жаратқан Иенің өзін тастап кеткенін білген жоқ.#16:20 16:9,14; Рул 14:42-43; Еш 7:12; Пат1 16:14.
21Філістірлер Самсонды қолға түсіріп, оның көзін ойып алып, соқыр қылды. Содан оны Газа қаласына апарып, қола кісенмен бұғаулап, түрмедегі диірменнің тасын айналдыртып қойды. 22Алайда оның алынып тасталған шашы қайтадан өсе бастады.
23Сол күндері філістірлердің әміршілері өздері табынатын Дагон атты тәңірсымаққа арнап көптеп құрбандық шалып ұсынып, көңілді мереке өткізуге жиналды. Олар: «Біздің тәңіріміз қас жауымыз Самсонды қолымызға түсірді!» — деп мақтанды. 24Халық та Самсонды көргенде өздері табынатын тәңірсымақты мадақтап былай деп әндетті:
«Тәңіріміз елімізді құлазытқан,
Көп адамымыздың көздерін құртқан
Қас жауымызды қолымызға тапсырған!»
25Олар көңіл көтеріп, мәз болып отырғанда: «Самсонды шақырып алып келіңдер, ол бізге өнерін көрсетсін!» — десті. Оны түрмеден алдыртып, ол солардың алдында ойнап қызық көрсетті.
Бұдан кейін оны ғибадатхана бағаналарының ортасына тұрғызып қойды. 26Самсон өзін қолымен жетелеп жүрген қызметші жігіттен: «Мен үйдің бағаналарына қол тигізейінші. Соларға сүйеніп тұрайын!» — деп өтінді. 27Ғибадатхана еркегі бар, әйелі бар халыққа лық толы еді, філістірлердің барлық әміршілері де жиналған болатын. Ғимараттың төбесінде Самсонның көрсеткен қызығын тамашалап еркегі бар, әйелі бар тағы үш мыңдай адам жиналып тұрған еді.
28Сонда Самсон Жаратқан Иеге іштей сиынып: «Уа, Жаратушы Тәңір Ие, мені қайтадан ескере гөр! О, Құдай, маған осы бір жолға құдіретіңді дарыта көрші! Філістірлерден екі көзім үшін кегімді бір-ақ қайтаруға мүмкіндік бере көрші», — деп мінажат етті. 29Осыны айтып, ғимараттың төбесін тіреп тұрған екі орталық бағананың біреуіне оң қолын, екіншісіне сол қолын созып сүйенді. 30Самсон: «Філістірлермен бірге мен де жан тапсырайын!» — деп сиынып, бағаналарды бар күшімен итерді. Сонда бүкіл ғимарат қирап, ішіндегі філістірлердің әміршілерін және бар халықты басып қалды. Осылайша Самсонның өлер кезінде құртқан жауларының саны оның өмір бойы құртқан жауларының санынан асып түсті.
31Самсонның ағайындары және әкесінің бүкіл әулеті сол жерге ылдилап барып, оның мәйітін елдеріне алып кетті. Оны әкесі Маноғахтың Сора мен Ештағолдың арасындағы қабіріне қойды. Самсон Исраилге жиырма жыл бойы билік айтқан еді.

Currently Selected:

Билер 16: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in