YouVersion Logo
Search Icon

Билер 15

15
Самсонның қайын жұртын опасыздығы үшін жазалауы
1Біраздан кейін бидай орылып жатқан кезде Самсон сыйлыққа бір лақ алып, әйелін көруге барды да:
— Мен әйелімнің бөлмесіне кіремін! — деді. Бірақ әйелдің әкесі оны бөлмеге кіргізбей, 2Самсонға:
— Шынында мен сен оны әбден жек көресің деп ойлап, күйеу жолдасыңа ұзаттым. Ал сіңлісі одан әлдеқайда сұлу емес пе? Соны алсаңшы! — деп ұсынды. 3Бірақ Самсон:
— Мен енді філістірлерге қандай жамандық жасасам да, кінәсіз боламын! — деп жауап қайырды. 4Самсон үш жүз түлкі#15:4 Немесе: шибөрі. ұстап алып, оларды қос-қостан құйрықтарынан матап, ортасынан бір алаудан байлап қойды. 5Сол алауларды тұтатып, түлкілерді філістірлердің пісіп тұрған егіндіктеріне қарай қоя берді. Осылай олар філістірлердің буылған масақтары мен пісіп тұрған егіндерін, тіпті жүзімдіктері мен зәйтүн бақтарын да өртеп жіберді.
6Філістірлер: «Мұны кім істеді екен?» — деп сұрастырып, «Мұны істеген — Самсон, тимналық бір адамның күйеу баласы. Сол адам Самсонның әйелін қайтарып алып, оның бір жолдасына қосыпты» — дегенді біліп алды. Сонда філістір жасақшылары өрлеп келіп, сол әйелдің өзін де, әкесін де өртеп жіберді. 7Ал Самсон оларға: «Сендер солай істегендіктен, мен де енді барлығыңа тиісті жазаларыңды тартқызып болмайынша осылай істеуімді тоқтатпаймын!» — деді. 8Содан ол соларға қатты соққы беріп, көбін қырып тастады.
Самсонның жау қолына беріліп, бір мың адамын құртуы
Мұнан кейін Самсон Етам атты жартасқа ылдилап барып, ондағы бір үңгірді паналап тұрды. 9Ал філістірлер өрлеп барып, Яһуда жерінде қостарын тікті. Олар Лехидің#15:9 Ежелгі (Рамат-)Лехидің Яһуданың төменгі қыраттарында, філістір елінің шекарасында орналасқаны ықтимал (15:14,17). маңына жайылып, елді тонаумен болды. 10Яһуда руының адамдары:
— Бізге қарсы неге аттанып келдіңіздер? — деп сұрағанда, олар:
— Самсонды ұстап алып, бізге істегенінің есесін өзіне қайтаруға келдік! — деді. 11Сонда Яһуда руынан үш мың адам Етам жартасына ылдилап барып, Самсонға:
— Філістірлердің бізге үстемдік жүргізетінін#15:11 13:1. білмейсің бе? Бұлай істегенің не? — деген сұрақ қойды. Ол:
— Олар маған не істесе, мен де оларға сонысын қайтардым! — деді. 12Яһуданың адамдары:
— Сені байлап, філістірлердің қолына тапсыруға келіп отырмыз, — дегенде, Самсон:
— Сендер маған бас салмаймыз деп ант етіңдер! — деп талап етті. 13Олар:
— Біз сені тек мықтап байлап, олардың қолына ұстап береміз, сол ғана. Сені сөзсіз өлтірмейміз! — деп уәде беріп, оны екі жаңа арқанмен байлап, жартастан алып шықты.
14Самсон Лехиге келгенде, філістірлер оның алдынан қуана айқайлап шықты. Сонда Жаратқан Иенің Рухы Самсонға құдіретпен қонып, оның қолындағы арқандар от тиіп тұтанған зығыр жіп іспетті білектерінен жерге сырғып түсіп қалды. 15Самсон есектің құрғап кетпеген бір жақ сүйегін тауып алып, сол жақ сүйекпен бір мың адамды ұрып-соғып өлтірді.
16Содан соң Самсон мәтелдеп былай деді:
«Мың жаудың көзін құрттым есек жағымен-ақ,
Өліктерін үйіп салдым есек жағымен-ақ!»
17Мұны айтқаннан кейін Самсон қолындағы жақ сүйекті лақтырып тастады. Осы жерге Рамат-Лехи (яғни Жақ сүйек қыраты) деген ат қойды.
18Сол кезде Самсон қатты шөлдеді. Ол Жаратқан Иеге: «Уа, Ием, Сен мен арқылы осы зор құтқаруды сыйладың. Енді шөлден өлермен боп, мына құдайсыз жаулардың#15:18 14:3-4. қолына түсуім керек пе?» — деп дауыстап сиынды. 19Сонда Құдай Лехидегі бір қуыс жерді қақ жарып, одан су аға жөнелді. Самсон судан ішіп, бойына күші қайтып, әл жинады. Сондықтан бұл қайнарды Ен-Хақоре (демек, Шақырғанның қайнары) деп атады. Лехиде осы су көзі әлі күнге дейін бар.
20Філістірлер үстемдік жүргізген сол заманда Самсон Исраилге жиырма жыл бойы билік айтты.

Currently Selected:

Билер 15: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in