Билер 14
14
Самсонның філістір қызына үйленуі
1Бір күні Самсон Тимна#14:1 Яһуданың батыс жағындағы төменгі қыраттарында, філістір елінің шекарасында орналасқан шағын қала (Еш 15:10,57). қаласына барып, сонда бойжеткен філістір қызына көзі түсті. 2Самсон әке-шешесіне қайтып келіп:
— Мен бір філістір бойжеткенді көрдім. Барып, соны маған алып беріңіздерші! — деп сұрады. 3Бірақ әке-шешесі оған:
— Сол құдайсыз#14:3 Немесе: сүндеттелмеген (Пат1 14:6). філістірлерден барып әйел алатындай, өз руымызда, не бүкіл халқымызда қыз құрып қалды ма? — десе де, Самсон әкесінен:
— Сол қызды маған алып беріңіздерші, ол маған ұнайды! — деп өтіне берді. 4Жаратқан Ие осы жайтты қолданып, Исраилге сол кезде үстемдік құрған філістір жауларына қарсы әрекетін бастамақ болды, ал Самсонның әке-шешесі соны түсінген жоқ.
5Ақыры Самсон әке-шешесімен Тимнаға ылдилап барып, қаланың маңындағы жүзімдіктерге жетті. Аяқ астынан бір жас арыстан Самсонға ақырып шыға келді. 6Сол сәтте Жаратқан Иенің Рухы Самсонға құдіретпен қонып,#14:6 14:19; 15:14; 3:10; 13:25; Пат1 11:6. ол арыстанды лақ құрлы көрмей жай қолдарымен-ақ қақ жарып бөліп тастады. Мұны әке-шешесі көрген жоқ, өзі де айтқан жоқ. 7Содан Самсон Тимнаға кіріп жаңағы бойжеткенмен сөйлесіп көрді. Қыз Самсонға қатты ұнап қалды.
8Біраз уақыттан кейін Самсон сол бойжеткенге үйлену үшін (әке-шешесімен бірге) қайтадан барды. Өзі өлтірген арыстанның өлексесін көру үшін жолдан бұрылып, қараса, оның ішін бір үйір бал арасы жайлап алыпты, балы да бар екен. 9Самсон балды қолымен қырып алып, сонысын жеп кете берді. Ол әке-шешесіне қайтып қосылғанда, балдан оларға да берді. Бірақ оны арыстанның қаңқасының ішінен алғаны туралы айтқан жоқ.
10Әкесі бойжеткеннің үйіне құда түсіп барып, Самсон жас жігіттердің дәстүріне сай қонақасы берді. 11Қайын жұрты Самсонды көргенде қасына еріп жүруге отыз күйеу жолдас қосты. 12Самсон соларға былай деді:
— Мен сендерге бір жұмбақ айтайын. Егер жеті күн той тарқамайынша оны шешсеңдер, сендерге отыз бәтес жамылғы мен отыз киім беремін. 13Егер жұмбақты шеше алмасаңдар, онда отыз бәтес жамылғы мен отыз киімді сендер маған бересіңдер! — Олар:
— Айт жұмбағыңды, естиік қандай екенін! — деп келісті. 14Сонда Самсон жұмбағын айтты:
«Жегіштің ішінен жейтін тағам,
Мықтының ішінен тәтті дәм».
Жігіттер үш күн бойы жұмбақты шеше алмады. 15Төртінші күні олар Самсонның қалыңдығына қоқан-лоқы жасап былай деді: «Күйеуіңді алдап, жұмбақтың шешуін біліп ал да, бізге айтып бер. Әйтпесе біз өзіңді әкеңнің үй ішімен бірге өртеп жібереміз. Сендер бізді осында әдейі тонау үшін шақырыпсыңдар!»
16Сонда қалыңдығы Самсонның қасында жылай беріп:
— Сен мені сүймейсің, мені жек көресің! Халқымның адамдарына жұмбақ айтып, оның шешуін тіпті маған да ашпадың! — деді. Ол:
— Мен шешуін тіпті өз әке-шешеме де айтқан жоқпын. Неге саған айтуым керек? — деп жауап берді. 17Сол тойдың қалған күндері қалыңдығы Самсонның қасында жылай беріп, оны мезі қылғаннан кейін, жетінші күні ол жұмбақтың шешуін қалыңдығына айтып берді. Ал ол соны жұртына жеткізді.
18Сөйтіп, қаланың адамдары жетінші күні күн батпай тұрып Самсонға:
— Балдан тәтті не бар? Арыстаннан мықты не бар? — деп шешуін айтып берді. Самсон оларға астарлап:
— Менің қашарыммен#14:18 Яғни жас сиырыммен. жерді айдамасаңдар, жұмбақты шеше алмас едіңдер, — деп жауап қайырды.
19Сонда Самсонға Жаратқан Иенің Рухы құдіретпен қонып, ол (філістірлердің) Ашкелон қаласына ылдилап барып, сол жердің отыз адамын өлтірді.#14:19 Філістірлер сол заманда Исраил халқына зорлық-зомбылық жасайтын (13:1; 14:4;15:9). Олардан олжа алып, отыз киімді жұмбақтың шешуін айтқандарға үлестіріп берді.
Самсонның қаһары лаулап, ол әкесінің үйіне өрлеп қайта оралып, сол жерде тұрып қалды. 20Ал оның қалыңдығы тойдағы ең жақын күйеу жолдасына ұзатылды.
Currently Selected:
Билер 14: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.