Езекиел 18
18
Жауапкершілік жайлы: әркім өз күнәсінің жазасын тартпақ
1Кейінірек Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2«Сендер «Қышқыл жүзімді көп жеген — аталары, ал тістері қамалған#18:2 Яки: тістері мұқалған. — балалары»#18:2 (Ерм 31:29) Яки: «Әкелері тәттіні көп жегеннен балаларының тістерін құрт жеген». деген нақыл сөзді Исраил еліне байланысты қандай мақсатпен айтасыңдар? 3Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: сендер Исраилде бұл нақылды енді қайтып айтпайтын боласыңдар. 4Біліп қойыңдар: Әкесі болсын, баласы болсын, әрбір тірі жан Менікі! Күнә жасаған адамның өзі өлуге тиіс.
5Айталық, бір әділ адам игі де әділ іс-әрекет істейді дейік. 6Ол биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық асынан ішіп-жемейді де, Исраил халқы табынатын жалған тәңірлерге сиынбайды да. Ол өзгенің әйеліне барып неке адалдығын бұзбайды, етеккірі келіп жүрген әйелімен де жақындаспайды. 7Сондай әділ адам ешкімге қысым көрсетпей, жарлыға берген қарызы үшін кепілдікке алғанын қайтарып бере салады. Ол ешкімді тонамайды, қайта, ашқа тамақ, жалаңашқа киім береді. 8Әділ адам бейшараға берген қарызы үшін не өсім, не үстеме алмайды, жамандық істеуден бойын аулақ ұстайды, екі адамның арасындағы дауды әділдікпен шешеді. 9Демек, ол Менің ережелеріме мойынсұнып, заңдарымды сенімділікпен ұстанады. Мұндай адам — әділ жан, ол сөзсіз өмір сүретін болады.#18:9 Яки: шынайы өмірге ие болады. (Демек, ол Жаратқан Иемен тығыз байланыста тұратын болады: Жыр 62:2-4; 72:26,28.) Мен, Жаратушы Тәңір Ие осыларды нық айтамын.
10Алайда оның бұзық баласы бар дейік. Осы жас жігіт кісі тонап, қан төгеді, сол сияқты басқа да зұлым істер істейді екен. 11Әкесі бұлардың ешқайсысын істеп көрмеген болса да, оның ұлы аталған күнәларына қоса биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық асынан ішіп-жейді, әрі өзгенің әйеліне барып неке адалдығын бұзады. 12Сондай-ақ ол кедейлер мен мұқтаждарға қысым көрсетіп, адамдарды тонайды, жарлыға берген қарызы үшін кепілдікке алғанын қайтармайды. Жалған тәңірлерге сиынып, өзге де жексұрын күнәлар жасайды, 13бейшараға берген қарызы үшін өсім мен үстеме алады дейік.
Осындай адамның өмір сүре беруіне бола ма? Жоқ, болмайды! Жасаған жеркенішті күнәларының кесірінен ол ақырында сөзсіз өлтіріліп, кінәсі өз мойнында болады.#18:13 Леу 19:11,13,15; 20:7,8,10; Жыр 72:17-20.
14Айталық, осы жігіттің өз ұлы бар дейік. Ұлы әкесінің жасап жүрген күнәларын көріп жүрсе де, өзі соларын қайталамайды. 15Ол не биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық асынан ішіп-жемейді, не Исраил халқы табынатын жалған тәңірлерге сиынбайды, не өзгенің әйеліне барып неке адалдығын бұзбайды. 16Осы әділ жас ешкімге қысым көрсетпей, жарлыға берген қарызы үшін алған кепілдігін қайтарып бере салады, ешкімді тонамайды, қайта, ашқа тамақ, жалаңашқа киім береді. 17Ол бейшараға жамандық істеуден бойын аулақ ұстайды, берген қарызы үшін не өсім, не үстеме алмайды. Сөйтіп ол Менің заңдарымды ұстанып, ережелеріме мойынсұнады.
Мұндай адам әкесінің күнәлары үшін өлімге кесілмейді, керісінше, ол сөзсіз өмір сүретін болады.#18:17 18:9. 18Ал оның әкесі өз күнәларының кесірінен өлуге тиіс, себебі ол басқаларға қысым көрсетіп, елдесін тонап, өз халқының арасында түрлі әділетсіз істер істеп жүрді.
19Алайда сендер: «Баласы әкесінің кінәсі үшін неге айыпталмайды?» деп сұрайсыңдар. Мұның себебі — баласының істері игі де әділ болып, Менің барлық ережелерімді мұқият сақтағандығы. Сондықтан ол сөзсіз өмір сүретін болады. 20Күнә жасаған жанның өзі соның жазасын тартып өлуге тиіс. Баласы әкесінің кінәсі үшін, әкесі де баласының кінәсі үшін жазаланбайды. Әділдің ізгі іс-әрекеті өзіне жақсылыққа саналады, әрі зұлымның арам іс-әрекеті өз мойнына артылады.
21Ал егер зұлым адам тәубеге келіп, жасап жүрген барлық күнәларынан бас тартса, әрі Менің ережелерімді ұстанып, игі де әділ іс-әрекет істейтін болса, ол өлімге кесілмей, сөзсіз өмір сүре беретін болады. 22Сонда оның бұрын жасаған әділетсіз қылықтарының ешқайсысы оған қарсы ескерілмейді. Істеген әділ істері үшін ол өмір сүре беретін болады.
23Әлде Мені зұлым адамның өліміне қуанады деп ойлайсыңдар ма? Керісінше, Мен оның теріс жолынан қайтып, тірі қалып өмір сүре бергеніне қуанамын!»#18:23 18:30,32; 33:11; Жоқт 3:26,31-33; Ош 11:8. Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын.
24Ал егер әділ адам өзінің ізгі іс-әрекетінен бас тартып, күнә жасайтын болса, әрі зұлым адам сияқты жексұрын істер істеуге кіріссе, оның өмір сүре беруіне бола ма? Жоқ, оның бұрын істеген әділ істерінің ешқайсысы да енді ескерілмейді. Сол адам опасыз болып, күнә жасағаны үшін өлімге кесілуге тиіс.#18:24 3:20.
Жаратқан Иенің мүлтіксіз әділдігі
25Ал сендер: «Жаратқан Иенің осылай шешкені дұрыс емес!» деп шағымданасыңдар. Тыңдаңдаршы, уа, Исраил халқы: Менің осылай шешкенім дұрыс емес пе? Әлде сендердің өз шешімдерің дұрыс емес пе? 26Егер әділ адам өзінің ізгі іс-әрекетінен бас тартып, күнә жасайтын болса, ол сонысы үшін өлімге кесіледі. Жасаған күнәларының зардабын тартып ол өлімге душар болады. 27Ал егер зұлым адам істеп жүрген арам істерінен бас тартып, игі де әділ істерді істейтін болса, ол өз өмірін сақтап қалады. 28Өзінің бұрын істеген барлық зұлым қылықтарына өкініп, солардан бас тартқандықтан, ол өлімге кесілмей, сөзсіз өмір сүретін болады. 29Сонда да Исраил халқы: «Жаратқан Иенің осылай шешкені дұрыс емес!» деп шағымданады. Менің осылай шешкенім дұрыс емес пе, уа, Исраил халқы? Әлде сендердің өз шешімдерің дұрыс емес пе?
30Сондықтан, уа, Исраил халқы, Мен сендердің әрқайсыңа өз іс-әрекеттеріңе сәйкес үкім шығарамын! — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. — Бұрын істеген барлық зұлым қылықтарыңа өкініп, солардан бас тартыңдар!#18:30 14:6. Сонда сендер өмір жолдарыңда әділетсіз іс істеп сүрініп құламайсыңдар. 31Істеп келген барлық зұлым қылықтарыңды тастап, жаңа жүрек пен жаңа рухты иемденіңдер!#18:31 11:19-20; 36:26. Әйтпесе сендерге өліп не бар, уа, Исраил халқы? 32Өйткені Мен ешкімнің де өлімін қаламаймын. Сондықтан өкініп, теріс жолдарыңнан қайтып, өмір сүре беріңдер!#18:32 Яки: шынайы өмірге ие болыңдар! (18:23,30) Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыларды нық айтамын.
Currently Selected:
Езекиел 18: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.