YouVersion Logo
Search Icon

Езекиел 17

17
Екі бүркіт пен бір жүзім бұтасы жайлы астарлы әңгіме
1Содан соң Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 2«Ей, пендем, Исраил халқына жұмбақтап мына бір астарлы әңгімені айтып бер:#17:2 15:2-6; 20:49; Бил 9:9-15; 14:12-14; Иш 5:1-7. 3Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Бірде қанаттары мықты, қауырсындары қалың да түрлі-түсті бір алып бүркіт Ливанға#17:3 Алып бүркіт — Набуходоносорды, ал Ливан — Иерусалимді астарлап білдіреді (17:12). ұшып келіпті. Ол бір самырсын ағашының басын бүріп, 4ең биік өскен бұтағын сындырып алыпты.#17:4 17:12. Соны саудагерлердің бір еліне алып кетіп, солардың қаласына#17:4 Яғни Бабылға (17:12; 16:29; Иш 43:14; Ерм 51:13). апарып отырғызыпты.
5Бүркіт сенің еліңнен бір дән#17:5 17:13. де алып, оны құнарлы топыраққа сеуіп тастапты. Дәнді тал іспетті суы мол жерге егіп, одан өскін өсіп шығыпты. 6Өскін тамыр жайып, қаулап өскен аласа жүзім бұтасына айналыпты. Оның бұтақтары бүркітке қарай бұрылып, тамырлары жерге терең кетіпті. Осылай жүзім бұтасы айналасына бұтақтары мен өркендерін жіберіпті.
7Бірақ қанаттары мықты, қауырсындары қалың тағы да бір бүркіт бар еді. Әлгі жүзім бұтасы отырғызылған жерінен көбірек су іздеп, сол бүркітке қарай тамыр жіберіп, бұтақтарын бұратын болыпты.#17:7 17:15. 8Ол бұтақ жайып, жеміс беріп, керемет жайқалған жүзім бұтасы болсын деп, суы мол жердегі құнарлы топыраққа отырғызылған болатын.
9Исраил халқына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сол жүзім бұтасы жайқалып өсе бере ме? Жоқ, Мен оны түп-тамырымен жұлып, жемістерін сыпырып тастаймын. Сонда жемістері де, жаңадан өскен мұртшалары да қурап қалады. Бұтаны түп-тамырымен жұлып тастауға не зор күш-қуат, не үлкен әскер қолы қажет болмайды. 10Бұта басқа жерге көшіріліп отырғызылса да, өсіп-өнетін бола ма? Жоқ, шығыстағы шөлдің аңызақ желі соққанда,#17:10 19:12. ол өсіп шыққан жерінде-ақ біржола қурап қалады».
Астарлы әңгіменің мағынасы
11Содан соң Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 12Мына бас көтергіш халықтан: «Осы астарлы әңгіменің мағынасын түсінбейсіңдер ме?» деп сұра! Оларға мына хабарымды жеткіз: Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалимді басып алды да, қаланың патшасы#17:12 Ехониях (17:4; Пат4 24:11-17). мен әміршілерін Бабылға айдап әкетті. 13Содан соң ол патшалық әулеттен шыққан басқа біреуді#17:13 Яғни Седекияхты (17:5; Пат4 24:17). таңдап алып, онымен келісім жасап, оған өзіне адал болуға ант бергізді. Бабыл патшасы, сондай-ақ, елдің лауазымды адамдарын да тұтқынға алды.#17:13 Пат4 24:15-16; Ерм 24:1. 14Ол мұны Яһуда патшалығы бұдан былай бас көтере алмай, бағынып, тек Бабылмен жасасқан келісімді ұстануларымен ғана жандарын бақсын деп істеді.
15Алайда Иерусалим патшасы Мысырға елшілерін жіберіп, сол елден көп жылқы мен қалың әскер сұрауы арқылы Бабыл патшасына қарсы бас көтерумен болды.#17:15 17:7; Шеж 2 36:13. Ол енді табысқа жете ме? Мұндайды істеген адам аман-есен қала ма? Антын бұзған адам аман-сау құтыла ма? 16Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Иерусалимнің патшасы Бабыл елінің ішінде өледі! Сол елдің патшасы оны билеуші етіп тағайындаған еді ғой! Ал өзі оған берген антын бұзып, жасасқан келісіміне немқұрайды қарады. 17Содан Бабыл патшасы Иерусалим қаласына аттанып барып, көп адамның өмірін құрту үшін қаланы дуалмен қоршап, үймектер үйіп, шабуыл жасамақ. Ал (Мысыр патшасы) перғауын өзінің қалың қолымен, көптеген жасақшыларымен Иерусалим патшасына еш көмек көрсетпейтін болады. 18Иерусалим патшасы келісімді бұзып, берген антына немқұрайды қараған еді. Ол қол алысып уәде бере тұра, осылай сөзінен тайғаны үшін, жазасынан қашып құтыла алмайды. 19Сондықтан мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп мынаны айтады: Иерусалим патшасының Менің атымды атап берген антына немқұрайды қарап, Келісімімді бұзғанының жазасын Мен оның өз басына түсіремін. 20Оған торымды жайып, ол соған түсетін болады. Өзіме қарсы опасыздық жасағаны үшін Мен оны Бабылға апарып, сол жерде соттап жазалаймын. 21Оның тым-тырақай қашқан жасақтары семсерден қаза тауып, тірі қалғандары шартарапқа шашылып кетеді. Сонда сендер бұны айтқан Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар».
Жас өркеннің жерге отырғызылуы
22Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Мен Өзім самырсынның ұшар басынан оның бір өркенін алып, жерге отырғызамын. Сонда Мен ағаштың ең жоғарғы бұтақтарынан бір жас өркенді сындырып алып, оны заңғар да зәулім бір таудың басына#17:22 17:23; 20:40; 40:2; Жыр 2:6; Иш 2:2-3. отырғызамын.#17:22 Бұл уәде Дәуіттің ұлы Ұрпағы — Мәсіхке меңзейді (37:22; 17:4). 23Мен өркенді Исраилдің биік тауының басына отырғызғаннан кейін ол бұтақ жайып, жеміс беріп, зәулім самырсынға айналады. Әр түрлі құстар оған ұяларын салып, оның бұтақтарының саясын паналайтын болады. 24Осылай даланың барлық ағаштары Менің, Жаратқан Иенің, биік ағашты құлатып, аласа ағашты биік қылып өсіретінімді, әрі жасыл ағашты қуратып, қураған ағашты көгертетінімді білетін болады.
Бұны Мен, Жаратқан Ие, айттым да, сонымды орындаймын да!»

Currently Selected:

Езекиел 17: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in