Езекиел 16
16
Жаратқан Иенің Иерусалимге жасаған қамқорлығы
1Жаратқан Ие маған қайтадан сөзін арнап былай деді: 2«Пендем, Иерусалимнің жексұрын іс-әрекеттерін әшкерелеп 3былай де: Жаратушы Тәңір Ие Иерусалимге мынаны айтады: Сенің (рухани) ата-тегің қанахандықтар: әкең — аморлық, шешең — хеттік.#16:3 Ежелгі қанахандықтар — аморлықтар, хеттіктер т.б. халықтар жалған тәңірлерге табынып, өзге де жексұрын күнәлар жасайтын. Құдай өз халқына солардың жиренішті салт-дәстүрлерін қабылдауға тыйым салғанымен, халық бұған мойынсұнбай, сол бөтен халықтардың рухани ұрпақтарына айналды (8:9-16; Жар 10:15-19; 15:18-20; 26:34-35; Заң 20:16-18; Бил 3:5-6). 4Сен дүниеге келген күні кіндігің кесілмеді. Сені ешкім шомылдырып, қаныңнан тазартпады, үстіңе тұз жағып, жөргекке де орамады. 5Сені аяп-мүсіркеп, осылардың біреуін де істеген ешкім болмады. Керісінше, сен дүниеге келе салысымен-ақ жек көрініп, ашық далаға тасталдың.
6Мен сол жермен өтіп бара жатып, үстің қан-қан күйіңде аяқ-қолдарыңды ербеңдетіп жатқан бейшара халіңді көрдім. «Өмір сүр!»#16:6 18:23,32. деп сені бауырыма бастым. 7Саған даладағы өсімдіктей өсіп-өнуге жағдай жасадым. Сен өсіп, үлкейіп, керемет сұлу болдың. Қос анарың толысып, шаштарың өсіп, бой жеттің, алайда әлі де киімсіз жалаңаш едің. 8Мен кейінірек қасыңнан өтіп бара жатқанымда, сені байқап, махаббатқа дайын екеніңді көрдім. Жамылғымның шетін үстіңе жауып, жалаңаш денеңді қымтап, мұныммен өзіңе үйленуге уәде бердім.#16:8 Рут 3:4,9. Яғни саған ант беріп сенімен Келісім жасадым.#16:8 16:59; Мыс 19:3-8; 24:3-12. Осылай сен Мендік болдың, — дейді Жаратушы Тәңір Ие.
9Сені шомылдырып, қаныңды жуып тазартып, денеңе хош иісті май жақтым. 10Үстіңе кестелі көйлек, аяғыңа былғары аяқкиім кигіздім, тағы ақ бәтес#16:10 9:2; Мыс 28:39. киім де кигізіп, жібек шапан жаптым. 11Саған қымбат әшекейлер сыйлап, қолыңа білезік тағып, мойныңа алқа салдым. 12Мұрныңа сақина, құлағыңа дөңгелек сырға тағып, басыңа әдемі тәж кигіздім. 13Осылайша сен алтын-күміс әшекейлер тағып, ақ бәтес пен басқа да қымбат матадан кестеленіп әдемі тігілген киім кидің. Ішетін тағамдарың таңдаулы ұннан, бал мен зәйтүн майынан дайындалатын еді.#16:13 Осы қымбат маталар мен әшекейлер ежелгі киелі шатырдағы шымылдықтарға әрі діни қызметкерлердің салтанатты киімдеріне, ал таңдаулы тағамдар сонда ұсынылып, халық Жаратқан Иенің алдында жейтін ризашылық тартуларына сілтейді (Мыс 26:31,36; 28:6,8-10,13-23,36-41; 29:2,40). Сен патшайым болуға лайықты асқан сұлу болып өстің. 14Менің саған берген салтанатым көркіңді кемеліне келтіріп, сол туралы даңқың халықтардың арасына кең жайылды», — дейді Жаратушы Тәңір Ие.
Иерусалимнің опасыздығы
15«Бірақ сен сол көркіңе сеніп, даңқыңды азғындыққа пайдаландың. Көрінгенмен ашына болып, көркің соның меншігіне айналды. 16Сен киімдеріңнің бірқатарын алып, олардан биіктеу жерлерде жалған тәңірлерге табынатын орындар жасадың. Сол жерлерде жезөкшелікпен, яғни жалған тәңірлерге табынумен, айналыстың.#16:16 7:20; Пат4 23:7; Шеж2 28:24; Иш 57:3-9; Ош 2:8. Мұндай сұмдық бұрын ешқашан болған емес, болашақта да болмауға тиіс! 17Сондай-ақ Менің өзіңе берген алтын-күмісімнен жасалған әдемі әшекейлерді алып, олардан еркек тәңірсымақтардың мүсіндерін жасап, солармен азғындық жасадың. 18Кестелі киімдеріңді үстеріне жауып, Мен саған берген зәйтүн майым мен хош иісті заттарымды оларға тарту еттің. 19Иә, солай болды. Мен өзің ішіп-жесін деп берген тағамдарым#16:19 16:13. — таңдаулы бидай ұнын, зәйтүн майы мен балды сен оларға хош иісті тарту ретінде ұсындың!» — деп әшкерелейді Жаратушы Тәңір Ие.
20«Осы азғындығың аз болғандай, Маған туып берген ұл-қыздарыңды жалған тәңірлерге «тамақ» болсын деп құрбан етіп отқа өртеп жібердің.#16:20 20:31; 23:37; Пат4 21:6; Ерм 7:31. 21Осылайша сен Менің өзіңе сыйлаған балаларымды өлтіріп, оларды жалған тәңірлерге қидың! 22Осы жексұрын күнәларың мен азғын іс-әрекеттеріңді жасап жүрген кезіңде өзіңнің жалаңаш, үстің қан-қан күйіңде аяқ-қолыңды ербеңдетіп жатқан балалық шағыңды есіңе еш алмадың. 23Содан сен қайғы-қасіретке қаласың!» — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.
Жасаған барлық зұлым істеріңе қоса, 24сен әрбір алаңда өзіңе сәкілер#16:24 Немесе: жалпақ үй төбесі үстіндегі табыну орындарын. жасадың. 25Барлық көше бастарында да өзіңе биіктеу орындар тұрғызып, көркіңді масқара еттің. Өз тәніңді кім көрінгенге ұсынып, ойнас жасап, азғындыққа батқан үстіне бата бердің. 26Сен әйелқұмар көршілерің — мысырлықтармен де көп рет азғындыққа батып, қаһарымды қоздырдың.
27Енді, міне, Мен саған қарсы қолымды созып, өзіңе белгіленген жер көлемін азайттым. Сені өзіңді жек көрген філістір қыздарының қолдарына түсірдім. Сонда тіпті олар да сенің осы ұятсыз қылықтарыңа қайран қалды.
28Сен бұған тоймай, Ассурдың ұлдарымен де ойнас жасадың. Алайда одан кейін де тойымсыз болып қала бердің. 29Содан соң сен халдей саудагерлерінің Бабыл елімен қарым-қатынас жасап, азғындыққа түсіп, сонда да тойымды білмедің.
30Осының бәрін сен асқақ та асау жезөкшедей істейсің! Ендеше сенің жүрегің қандай бұзық!#16:30 Немесе: жүрегің қалайша шаршап-шалдыққан! — деп әшкерелейді Жаратушы Тәңір Ие. — 31Өзіңе әрбір көшенің басында және барлық алаңдарда үймек мінбелер жасап, жалған тәңірлерге арналған табыну орындары мен құрбандық үстелдерін тұрғыздың. Сонда кәдімгі жезөкшеден бетер азғын болып, тіпті алар ақыңды да менсінбей күнәға батудасың! 32Сен нағыз опасыз әйелсің! Өз күйеуіңнен гөрі бөтен еркектерді артық көресің! 33Кез келген жезөкше ақы алады, ал сен ашыналарың барлық жақтан келіп, өзіңмен ойнас жасасын деп оларға өзің сыйлықтар алып бересің. 34Сөйтіп, сен басқа азғын әйелдерден өзгесің: еркектер артыңнан ілесіп келіп, ақы төлеген жоқ. Қайта, өзің ашыналарыңа ақы төледің. Міне, осыңмен сен басқалардан өзгешесің.
Иерусалимнің тиісті жазасы
35Сондықтан, ей, жезөкше (іспетті сенімсіз Иерусалим), Жаратқан Иенің сөзін тыңда! 36Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сенің нәпсіқұмарлығыңа беріліп, ашыналарыңмен ойнас жасап, жалаңаш тәніңді көрсеткенің үшін, яғни анау жиренішті тәңірлеріңе табынып, оларға өз балаларыңның қанын тарту ретінде ұсынғаның үшін, 37біліп қой: Мен өзіңмен бірге рақаттанған ашыналарыңның барлығын, өзіңе сүйкімдісін де, жек көрініштісін де жинап аламын. Оларды жан-жақтан саған қарсы жинап әкеліп, олардың көзінше сенің киімдеріңді сыпырып шешіп тастаймын. Сонда олар жалаңаш тәніңді түгелдей көретін болады. 38Саған неке адалдығын бұзған әрі кісі өлтірген әйелдерге тиісті үкімді шығарамын. Мен қаһарыммен, қызу қайрат-жігеріммен төккен қаныңның қарымтасын өз басыңа қайтарамын.
39Сені бұрынғы ашыналарыңның қолына#16:39 Яғни басқа елдердің әскерлерінің қолдарына (7:22,24; 16:26,28-29,37). тапсырамын. Олар сенің табыну орындарыңды құлатып, биіктеу жерлеріңдегі құрбандық үстелдеріңді қиратады, әрі киімдерің мен қымбат әшекейлеріңді сыпырып алып, сені тыр жалаңаш қалдырады.#16:39 23:26,29; Ош 2:3,9-10. 40Олар саған қарсы бір тобырды жинап алып, сені таспен атқылап өлтіріп, денеңді семсерлерімен турап тастайды. 41Содан олар үйлеріңді өртеп, саған көптеген әйелдердің көзінше жазаңды тартқызады. Осылайша Мен сенің азғындығыңды тыйып, сен енді қайтып ашыналарыңа ақы төлемейтін боласың. 42Сонда Менің саған қарсы лаулаған қаһарым басылып, қызу қайрат-жігерім сенен кері бұрылады. Мен тынышталып, бұдан былай саған ашуланбайтын боламын.
43Бірақ содан бұрын Мен істеген істеріңнің жазасын міндетті түрде басыңа шүйілтемін! Себебі сен өз балалық шағыңды есіңнен шығарып,#16:43 16:22; Жыр 77:40-43; 105:13; Ерм 3:22. осы нәрселерді істеуіңмен Менің қаһарымды қоздырдың, — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. — Өзіңнің басқа да жексұрын істеріңнің үстіне ұятсыз азғындығыңды да қосып келесің ғой!
Иерусалимнің арсыз «әпке-сіңлісімен» салыстырылуы
44Мақалдап сөйлейтіндер енді: «Шешесіне қарап қызын таны»#16:44 Яки: «Шешесі қандай болса, қызы да сондай болар». деген мақалды сен туралы айтатын болады. 45Күйеуі мен балаларынан жиреніп бас тартқан шешеңнің сен нағыз қызысың. Сондай-ақ күйеулері мен балаларынан жиреніп бас тартқан әпке-сіңліңнің бірге туған нағыз бауырысың. Сендердің шешелерің хеттік, ал әкелерің аморлық болатын.#16:45 16:3.
46Сенің әпкең — солтүстік жағыңда қыздарымен бірге#16:46 Үлкен қаланың «қыздары»: өзіне қарасты елді мекендер (Еш 15:32; 16:9). тұрған Самария қаласы,#16:46 16:51; 23:4,31-33; Ерм 3:8-11. сіңлің — ежелде оңтүстік жағыңда қыздарымен бірге тұрған Содом қаласы#16:46 16:48,53-56,61; Жар 13:11-13; 18:20; 19:24-25. болатын. 47Олардың жексұрын мінез-құлықтары мен іс-әрекеттеріне еліктеп қана қойған жоқсың, көп кешікпей-ақ сенің бүкіл мінез-құлқың олардікінен де бетер азғын болды. 48Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие ант етіп мынаны айтады: Тіпті сіңлің Содом мен оның «қыздары» сенің өзің мен «қыздарыңның»#16:48 Яғни сенің және өзіңе қарасты елді мекендеріңнің (16:46). істеген зұлымдықтарды еш істеген емес.
49Сіңлің Содомның күнәсі мынау болды: өзі де, маңындағы елді мекендер де өркөкіректеніп, әбден тойынып, бейқам болып кеткен еді. Олар бейшара жарлыларға қол ұшын да бермейтін. 50Осылайша паңданған содомдықтар Менің көз алдымда жексұрын күнәларын жасай берді. Мен бұларын көріп, содомдықтарды қасымнан аластаттым.
51Тіпті Самария сен жасаған күнәлардың жартысын да жасаған жоқ. Сен жексұрын іс-әрекеттерді сол апа-сіңліңнен де көп істедің. Өзіңмен салыстырғанда олар тіптен әділ іспетті болып көрінеді.#16:51 Ерм 3:11.
52Ал енді, масқараңды өз мойныңмен көтер! Сенің күнәларың олардікінен де бетер жексұрын болғандықтан, апа-сіңлің саған қарағанда әділірек, тіпті ақталғандай болып көрінеді. Сондықтан қызара ұялып, масқараңды өз мойныңмен көтер!
Құдайдың өкінген Иерусалиммен жаңа Келісім жасауы
53Алайда бір кезде Мен Содомның, Самарияның және екеуінің «қыздарының» жағдайларын, сондай-ақ сенің де жағдайыңды қалпына келтіремін. 54Сен оларды өз істегендеріңмен жақсы сезіндіргенің үшін ұялып, нағыз масқараға қалатын боласың.
55Сонда әпкең Содом мен сіңлің Самария өздерінің «қыздарымен» бірге бұрынғы жағдайларына қайтып оралады. Сен де «қыздарыңмен» бірге бұрынғы жағдайыңа қайтасың. 56Өзің өркөкіректеніп жүрген кезіңде әпкең Содомды мақал іспетті аузыңнан тастамайтын едің ғой.#16:56 Немесе: әпкең Содомның есімін аузыңа да алмайтын едің ғой.
57Бірақ бір күні сенің асқан зұлымдығың жария болды. Енді арамалықтар#16:57 (Пат4 16:5; Шеж2 28:5-6,23) Немесе: едомдықтар (Пат4 16:6). мен олардың көршілері және філістірлер әрі өз айналаңдағылардың бәрі де сені келекелеп мазақтайды.#16:57 5:14-15; 22:4. 58Сен өзіңнің азғын да жексұрын күнәларыңның кесіріне ұшырайсың, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
59Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: Сен Келісімімді бұзып, Менің антыма немқұрайды қарадың. Сондықтан Мен саған лайықты жазаны қолданамын. 60Ал кейін Мен жастық шағыңда өзіңмен жасаған Келісімімді есіме алып, сенімен мәңгілік Келісім жасаймын.#16:60 37:26; Иш 55:3; Ерм 31:31-34; 32:40; 50:5.
61Сонда сен жүрген жолдарыңды есіңе түсіріп, ұялатын боласың. Мен әпке-сіңліңді алып, саған қыздарың ретінде беремін.#16:61 Яғни саған тәуелді етемін (Иш 2:2-4; 11:9-10). Бірақ мұны өзіңмен жасаған Келісімімнің негізінде жасамаймын. 62Осылай Мен Келісімімді өзіңмен қайтадан бекітіп, сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың. 63Сонда Мен сені істеген барлық істеріңнің арамдығынан тазартып, кешіремін. Мұны есіңнен шығармай, ұялып, масқара болғандықтан енді қайтып (мақтанып, басқаларды айыптауға) аузыңды ашпайтын боласың!» — Жаратушы Тәңір Ие осыларды нық айтады.
Currently Selected:
Езекиел 16: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.