YouVersion Logo
Search Icon

Мысырдан шығу 7

7
1Содан Жаратқан Ие Мұсаға жауап беріп былай деді:
— Біліп ал: Мен сені перғауынның алдында Құдай (іспетті құдіретті) етемін,#7:1 Яки: сені перғауынға Құдай (іспетті билікті) етіп жіберемін (14:16). ағаң Һарон (хабарыңды жеткізуші) пайғамбарың болады. 2Сен өзіңе бұйырғандарымның бәрін оған айтасың, ал Һарон перғауынға өз елінен Исраил халқын босатып жіберсін деп айтуға тиіс. 3Алайда Мен перғауынның жүрегін қасарыстырып қоямын. Мен Мысыр елінде көптеген ғажап істер мен кереметтерім арқылы Өзімнің кім екенімді дәлелдесем де, 4перғауын сендерді тыңдамайтын болады. Сонда Мысырға қолымның құдіретін төндіріп, қатаң жазалар тартқызу арқылы өз жасағым — халқым Исраилді Мысыр елінен алып шығамын. 5Осылайша Мысырға қолымды созып, ел ішінен Исраил халқын алып кеткенімде, мысырлықтар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
6Мұса мен Һарон бұларды мұқият орындап, Жаратқан Иенің өздеріне бұйырғанындай істеді.#7:6 7:2,10; Жар 6:22; 7:5. 7Екеуі Оның хабарын перғауынға жеткізгенде Мұса сексен, Һарон сексен үш жаста еді.
8Сол кезде Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып:
9— Перғауын сендерге: «(Өздеріңді Құдай жібергендігін дәлелдейтін) керемет көрсетіңдер!» деп талап еткенде, сен, Мұса, Һаронға: «Таяғыңды перғауынның алдына қарай жерге лақтыр!» деп айт. Сонда таяқ жыланға айналмақ, — деді.
10Содан Мұса мен Һарон перғауынның алдына барып, Жаратқан Иенің бұйырғанындай істеді. Һарон таяғын перғауын мен оның нөкерлерінің алдына қарай жерге лақтырып жібергенде, ол жыланға айналды. 11Бірақ перғауын өзінің білімпаздары мен сиқыршыларын алдыртты. Сонда Мысырдың абыздары#7:11 Яки: бақсы-балгерлері (Жар 41:8). да сиқыршылықтарымен дәл солай істеді. 12Әрқайсысы таяғын жерге лақтырып, жыланға айналдырды. Бірақ Һаронның жыланға айналған таяғы олардың жылан таяқтарын жұтып қойды! 13Сонда да перғауынның жүрегі қасарысып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала білдірген еді.
Бірінші апат: судың қанға айналуы
14Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
— Перғауынның жүрегі қайтпастан қасарып, халықты жіберуден бас тартып тұр. 15Ертеңгісін перғауын Нілге қарай беттеген кезде#7:15 Сол заманда мысырлықтар Ніл өзеніне табынатын. өзен жағасында жолын тосып тұр! Қолыңа бұрын жыланға айналған таяғыңды ұста. 16Перғауынға былай де: «Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие маған сізге келіп, мынаны айтуды тапсырды: Айдалада Өзіме ғибадат ету#7:16 Яки: Маған арнап құрбандық шалып сиынып құлшылық ету (5:1,3). үшін халқымды жібер! Сен осы уақытқа дейін Мені тыңдамай келдің. 17Сол үшін де Жаратқан Ие мынаны айтады: Менің Жаратқан Ие екенімді қазір жасайтынымнан білетін боласың!#7:17 7:5; Заң 6:22. Қараңыз, мен қолымдағы таяқпен Нілдегі судың бетін ұрғанда, ол қанға айналады. 18Балықтар қырылып, суы сасиды, мысырлықтарға Нілдің суын ішу жиренішті болады». — 19Жаратқан Ие Мұсаға арнаған сөзін жалғастырып: — Сен Һаронға былай де: «Таяғыңды алып, қолыңды Мысырдың суларына қарай көтер! Сонда өзендер мен арықтардың, тоғандар мен су қоймаларының бәрі қанға айналады. Бүкіл Мысырды қан жайлап кетпек, тіпті ағаш не тас ыдыстардың ішіндегі су да қанға айналмақ», — деді.
20Мұса мен Һарон Жаратқан Иенің бұйырғанындай істеді. Һарон перғауын мен оның нөкерлерінің көз алдында таяғын жоғары көтеріп, сонымен Нілдегі судың бетін ұрып қалды. Сонда өзендегі бүкіл су қанға айналды! 21Балықтар қырылып, су сасып кетті. Мысырлықтар өзеннен су іше алмайтын болды. Бүкіл Мысыр жерін қан жайлап кетті.
22Ал Мысырдың абыздары#7:22 (8:7) Яки: сиқыршылары. да сиқыршылықтарымен дәл солай істеді. Сонда перғауынның жүрегі қасарысып, ол Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Жаратқан Ие соны алдын ала білдірген болатын. 23Перғауын кері бұрылып, сарайына кетіп қалды. Бұл апат та оның жүрегін жібітпеген еді. 24Бүкіл мысырлықтар Нілдің жағалауынан ішетін су табу үшін құдық қаза бастады, өйткені өзеннің суын іше алмады.
25Содан Жаратқан Иенің Нілдің суын арамдағанынан кейін жеті күн өтті.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in