YouVersion Logo
Search Icon

Мысырдан шығу 8

8
Екінші апат: құжынаған бақалар
1Мұнан соң Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
— Перғауынға барып, сөзімді жеткіз: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер! 2Егер одан бас тартсаң, бақалар қаптатып, бүкіл өлкеңе залал келтіремін. 3Нілде бақалар құжынап, олар судан шығып, сарайыңа, ұйықтайтын бөлмеңе, тіпті төсегіңе дейін кіріп кетпек. Олар уәзірлеріңнің сарайлары мен бүкіл халқыңның үйлерін де, пештерің мен қамыр ашытатын ыдыстарыңды да жайлайды. 4Өзіңнің, халқыңның және бүкіл нөкерлеріңнің үстеріңде бақалар секіріп жүрмек».
5Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тағы да былай деп бұйырды:
— Һаронға мынаны айт: «Қолыңа таяғыңды ұстап, өзендер, арықтар және тоғандарға қарай көтеріп тұр да, бақаларды шығарып, Мысыр елін бақаға қаптат».
6Һарон қолын Мысырдың суларына қарай көтергенде олардан бақалар шығып, елді жайлап алды. 7Ал абыздар да сиқыршылықтарымен солай істеп, Мысыр жеріне бақалар шығарды. 8Сонда перғауын Мұса мен Һаронды шақырып алып, оларға былай деді:
— Жаратқан Иеге менен және халқымнан бақаларды алып кете көрсін деп жалынып сиыныңдар. Содан кейін мен халықты Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып ғибадат ету үшін жіберемін. — 9Мұса перғауынға жауап беріп:
— Менің сіз үшін, нөкерлеріңіз бен халқыңыз үшін Оған қай уақытта сиынуымды қалайсыз, соны өзіңіз белгілеңіз. Сонда барлығыңыз және үйлеріңіз бақалардан құтылып, тек өзендегілер ғана қалады, — деді. 10Перғауын:
— Ертең, — деп шешті. Мұса:
— Айтқаныңыздай болады. Құдайымыз Жаратқан Иеге тең келетін ешкімнің жоқ екенін осыдан білетін боласыз! 11Өзіңіз, үйлеріңіз, нөкерлеріңіз бен халқыңыз бақалардан құтылып, олар тек өзенде ғана қалады, — деді.
12Мұса мен Һарон перғауыннан шыққаннан кейін Мұса Жаратқан Иеге дауыстап сиынып, перғауынға бола құжынатып алып келген бақаларынан елді құтқарсын деп өтінді. 13Жаратқан Ие Мұсаның перғауынға алдын ала айтқан сөздеріне сай істеді. Содан барлық үйлердегі, қоралар мен даладағы бақалар құрып кетті. 14Жұрт оларды жинастырып, төбе-төбе етіп үйіп қойды. Сонда сасық иіс бүкіл елді алып кетті. 15Алайда перғауын апаттан құтылғанын көргенде жүрегін қайтадан қасарыстырып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала білдірген еді.
Үшінші апат: масалар
16Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
— Һаронға мынаны айт: «Таяғыңды сілтеп, жердің шаң-тозаңын#8:16 Немесе: бос топырағын. ұрып жібер! Сонда бүкіл Мысырдағы шаң-тозаң масаларға айналады».
17Олар солай істеді де. Һарон қолындағы таяғын сілтеп, жердің шаң-тозаңын ұрып қалғанда, адамдар мен малдардың үстіне масалар жабыла қонды. Бүкіл Мысыр еліндегі шаң-тозаң масаларға айналды. 18Абыздар да сиқыршылықтарымен масалар келтіргілері келіп еді, бірақ қолдарынан келмеді. Ал масалар адамдарға да, малдарға да жаппай қонды. 19Сонда абыздар перғауынға:
— Бұл — Құдайдың құдіретті ісі!#8:19 Немесе: Бұл — Құдайдың саусағы (яғни Құдай істеген керемет іс)! (7:5; 10:7; Жыр 8:4) — деді. Алайда перғауынның жүрегі қайтпастан қасарысып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала айтқан да еді.
Төртінші апат: шыбын-шіркейлер
20Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
— Ертеңгісін ерте тұр да, өзенге бара жатқан кезінде перғауынның алдынан шығып, сөзімді жеткіз: «Жаратқан Ие былай дейді: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер! 21Егер оларды жібермесең, онда Мен өзіңе, нөкерлеріңе, халқыңа және тұратын үйлеріңе шыбын-шіркейлерді быжынатып жіберемін. Мысырлықтардың үйлері мен далалары шыбын-шіркейге лық толады. 22Ал сол күні Мен өз халқым мекендеген Гөшен еліне бөлек қараймын: онда ешқандай шыбын-шіркей болмайды! Осылайша сен бұл елдің ішінде Менің, Жаратқан Иенің, бар екенімді білетін боласың. 23Мен өз халқымды сенің халқыңнан ажыратып қоямын. Құдіретімді көрсететін осы керемет ертең болады».
24Жаратқан Ие солай істеді де. Перғауынның сарайы, нөкерлерінің үйлері, бүкіл Мысыр елі бұлттай қаптаған шыбын-шіркейлерге толып, ел күйреп жатты. 25Сонда перғауын Мұса мен Һаронды шақырып алып, оларға:
— Барып, Құдайларыңа арнап осы елдің ішінде құрбандық шалыңдар! — деді. 26Бірақ Мұса:
— Олай істеуге болмайды. Құдайымыз Жаратқан Иеге ұсынатын құрбандығымыз мысырлықтар үшін жиренішті. Шалған құрбандықтарымыз оларға жиренішті болып көрінсе, бізді таспен атқылап өлтіреді емес пе? 27Біз үш күндік жердегі айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге Өзі бұйырғандай құрбандық шалуымыз керек, — деп жауап қайырды. 28Ал перғауын:
— Сендерді Құдайларың Жаратқан Иеге арнап айдалада құрбандық шалуларың үшін жіберемін. Тек алысқа бармаңдар! Енді мен үшін сиыныңдар, — деп өтінді. 29Мұса:
— Қазір қасыңыздан кеткен бойда Жаратқан Иеге сиынамын. Ертең өзіңіз, нөкерлеріңіз бен халқыңыздан шыбын-шіркейлер алыстап кететін болады. Тек перғауын алдауын доғарсын, халықты Жаратқан Иеге арнап құрбандық жасау үшін баруға жібермей жүрмесін, — деді.
30Мұса перғауынның алдынан шығып, Жаратқан Иеге сиынды. 31Ол Мұсаның тілегеніндей істеп, перғауынды, нөкерлері мен халқын шыбын-шіркейлерден арылтты. Сонда елде бір шыбын да қалмады. 32Алайда перғауын бұл жолы да жүрегін қасарыстырып, халықты жібермей қойды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in