YouVersion Logo
Search Icon

Мысырдан шығу 22

22
Ұрлық пен ұқыпсыздық салдары және жазалар
1Біреу мүйізді ірі қара не ұсақ мал ұрлап, сойып алса немесе сатып жіберсе, ол айып ретінде бір ірі қара үшін бесеуін, бір ұсақ мал үшін төртеуін төлесін. 2Біреу түнде бұзып кіріп жатқан ұрыға тап болып, оны ұрып өлтірсе, төгілген қан оның мойнына жүктелмейді. 3Ал егер оқиға жарықта болған болса,#22:3 Яки: күн шыққаннан кейін. (Қарақшыға күндіз тап болған дүние иесі өздігінен кек алмай, оны сотқа тартсын.) онда төгілген қан оның мойнында.
Ұры ұрлаған заттардың орнын толтырсын. Егер ештеңесі болмаса, онда соларды төлеу үшін өзі басыбайлы қызметшілікке сатылсын. 4Егер ұрланған малдар, не мүйізді ірі қара, не есек, не қой-ешкі болсын, оның қолынан тірідей табылса, онда ол ұрлағандарын екі есе етіп қайтарып берсін.
5Біреу егістігінде не жүзімдігінде малдарын бағып, олардың басқа біреудің егістігінде емін-еркін жайылуына жол берсе, онда ол өз егістігінің не жүзімдігінің өнімінің ең жақсысынан айып төлесін. 6Егер өрт тұрып, тікенді бұталарды қамтып, жиналған астық бауларын, пісіп тұрған егінді, я болмаса бүкіл егістікті өртеп жіберсе, онда сол өртті шығарған адам шығынның орнын толтыруға тиіс.
7Біреу жақынына ақшасын не дүниесін сақтап қоюға аманаттап, олар соның үйінен ұрланып, ұры қолға түссе, ол ұрлағандарын екі есе етіп қайтарсын. 8Ал ұры табылмаса, үй иесі Құдай (тағайындаған төрешілердің) алдына барып, оның өз жақынының меншігіне қол сұқпағандығы айқындалсын. 9Кез келген даулы мал-дүние туралы, мүйізді ірі қара, есек, қой-ешкі, киім-кешек не басқа да жоғалған меншік жайында біреу: «Жоғалтқаным осы!» — десе, екі жақ та мәселені төрешілердің алдына алып барсын. Олар Құдай алдында кімді кінәлі деп тапса, сол жақынына екі есе етіп қайтарсын.
10Біреу жақынына есегін, мүйізді ірі қарасын, қой-ешкісін не басқа бір малын баға тұруға беріп, сол өліп немесе жарақаттанып қалса, яки біреу айдап кетіп, бұл жайтты ешкім көрмеген болса, 11онда малды бағуға алып қалған «жақынымның меншігіне қол сұқпадым» деп Жаратқан Иенің алдында ант берсін. Екеуінің арасындағы даулы мәселе осылай шешілсін. Мал иесі мұны қабылдап, анау ештеңе төлемесін. 12Алайда мал қорадан ұрланса, иесіне құны төленсін. 13Егер жыртқыш аң-құсқа таланса, онда бағушы өлімтігін дәлел ретінде көрсетіп, ол үшін ештеңе төлемейді.
14Біреу жақынының малын пайдалана тұруға сұрап алып, иесі жоқ кезде мал жарақаттанып не өліп қалса, оны алған адам құнын төлесін. 15Бұл жағдай мал иесінің көз алдында болса, онда малдың құны төленбейді. Ал егер мал пайдалана тұруға жалға алынса, онда жалдама ақысы төленген шығынның орнын толтырады.
Адамдардың қоғамдағы жауапкершіліктері
16Біреу ешкімге айттырылмаған пәк қызды еліктіріп, онымен жақындасса, сол қалыңмалын төлеп, қызға үйленсін. 17Ал әкесі оған қызын ұзатуға келіспесе, онда айыпкер қалыңмал мөлшерінде күміс ақша төлесін.
18Сиқыршыларды#22:18 Немесе: Бал ашатын әйелдерді. тірі қалдырмаңдар!
19Малмен жақындасатын әркім өлтірілсін!
20Жалғыз Жаратқан Иеден басқа тәңірлерге құрбандық шалған әркім түп-тамырымен құртылсын!#22:20 Немесе: әркім (қарғысыма ұшырағандықтан) Маған бағышталып, бүкіл иелігімен түгелдей жойылсын! (Рул 21:3)
21Жат жұрттық келімсектерге қысым көрсетіп, зорлық-зомбылық жасамаңдар! Өздерің де Мысырда жат жұрттық болып тұрдыңдар ғой.#22:21 23:9; Леу 19:33-34; 25:35; Заң 10:19; 27:19.
22Жесірлер мен жетімдерге жәбір көрсетпеңдер! 23Егер олар сендерден жәбір көргендіктен Маған жалбарынып сиынса, Мен (Жаратқан Ие) олардың зарларына құлақ салып, 24қаһарыма мініп, сендерді семсермен өлтіртемін. Сонда өз әйелдерің жесір, балаларың жетім қалады.
25Араларыңдағы халқымның мұқтаждықтағы біреуіне қарызға ақша берсең, пайдакүнем болып, бергенің үшін өсім ақша талап етпе! 26Егер қарыздар жақыныңның шапанын кепілдікке алсаң, оны күн бата қайтарып беріп отыр. 27Шапаны оның үстін жабатын жалғыз жамылғысы болғанда, сол бейшара не жамылып ұйықтамақ? Ол Маған жалбарынып сиынса, Мен оның зарына құлақ саламын, себебі Мен қайырымдымын.
Құдайды терең қастерлеп, Оның ережелерін орындау
28Сонымен Құдайды#22:28 Немесе: Құдай тағайындаған төрешілер мен билеушілерді (21:6). қорлама! Халқыңның басшысына балағат сөз айтпа!#22:28 Яки: қарғыс сөз.
29Қамбаларың мен күбілеріңе жинаған өнімдеріңнің алғашқыларын Маған ұсынуға сараң болмаңдар.#22:29 Немесе: ұсынуды кейінге қалдырмаңдар.
Тұңғыш ұлдарыңды Маған бағыштаңдар!#22:29 13:2,12. 30Мүйізді ірі қара не ұсақ малдарыңның тұңғыш төлдерімен де солай істеңдер! Олар жеті күн бойы енелерінің бауырында болсын, ал сегізінші күні оларды Маған құрбандыққа шалыңдар. 31Сонда сендер Маған бағышталған қасиетті боласыңдар.
Далада таланған хайуанның етін жемей, итке тастаңдар!

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in