YouVersion Logo
Search Icon

Мысырдан шығу 23

23
Әділдік және мейірімділік
1Құр лақап таратпа!
Жалған куәгер болып әділетсіз адамға қол ұшын берме!#23:1 20:16; Леу 19:11-12; Заң 19:16-21. 2Көпшілікке еріп те зұлымдық жасама! Даулы мәселеге куәлік келтіргенде көпшіліктің ықпалымен шындықты бұрмалама! 3Кедейдің де қисық ісін дауда қолдама!
4-5Біреудің адасып жүрген мүйізді ірі қарасына не есегіне тап болсаң, оны міндетті түрде иесіне айдап апарып бер! Біреудің есегі жүгінің ауырлығынан жығылып, тұра алмай қалғанын көрсең, оны сол күйінде қалдырып кетпе; жүгін түсірісіп, дұрыстап теңдеуге көмектес! Малдың иесі сені жек көретін дұшпаның болса да, солай істеуге тиіссің.
6Араларыңдағы мұқтаж адамның даулы мәселесін теріс шешпе! 7Әділетсіз айыптаудан аулақ жүр; кінәсізді әрі әділді өлімге бұйырма! Мен зұлымдық жасағанды ақтамаймын. 8Пара алма! Себебі пара көрегеннің көзін соқыр қылады, әрі әділдің сөзін бұрмалайды. 9Жат жұрттық адамға зорлық-зомбылық жасамаңдар! Жат жұрттық көңіл күйін жақсы ұғасыңдар, өйткені өздерің Мысыр елінде жат жұрттық болып тұрдыңдар емес пе?!
Демалыс пен тынығу жайлы
10Алты жыл бойы жеріңе егін егіп, өнімін жина, 11ал жетінші жылы оны өңдемей, тынықтыр! Халқыңның мұқтаждары содан шыққан өніммен күндерін көріп, одан қалғандарымен даланың аң-құстары қоректенсін. Жүзімдігіңмен және зәйтүн бақтарыңмен де солай істе.
12Алты күн жұмысыңды істеп, жетінші күні демал! Сонда өгізің мен есегің тынығып, қызметшілерің де, жат жұрттық адамдарың да демалсын.
Жыл сайын өткізілетін үш мейрам
13Өздеріңе айтқандарымның бәрін де орындаңдар!
Басқа тәңірлерге сиынбаңдар, олардың аттары ауыздарыңнан еш шықпасын!
14Маған арнап жылына үш мейрам өткізіңдер:
15Жыл сайын Ашымаған нан мейрамын тойлаңдар! Өзім бұйырғандай, жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Мұны (көктемнің) абиб айының белгіленген мезгілінде өткізіңдер, себебі Мысырдан сол айда көшіп шыққан едіңдер.
Ешкім Менің алдыма құр қол#23:15 Яки: құрбандық немесе өзге сый-тартусыз. келмесін!
16Далаға еккендеріңнің бастапқы өнімдерін жинағанда Алғашқы өнім мейрамын#23:16 Яки: Елуінші күн (немесе: Жеті апта) мейрамын (34:22; Рул 28:26). тойлаңдар!
(Ауылшаруашылық) жылының аяғында, яғни сендер егістіктерің мен бау-бақшаларыңда өнім жинайтын мезгілдеріңде, Сабантой мейрамын#23:16 Яки: Күркелер мейрамын. (Ауылшаруашылық әрі азаматтық күнтізбеге сәйкес жылдың аяғы қыркүйек-қазан айларына келетін.) өткізіңдер!
17Барлық ер адамдарың жылына үш рет Жаратушы Тәңір Иенің алдына келуге тиіс.
18Маған арналған құрбандықтың қанын ашытқымен дайындалған тамаққа құйып ұсынбаңдар!
Мейрамға шалынған құрбандықтың майы таң атқанша қалып қоймасын!
19Жерлеріңнен алғаш шыққан өнімдердің ең жақсыларын Құдайларың Жаратқан Иенің киелі үйіне алып келіңдер!
Лақтың етін енесінің сүтіне пісірмеңдер!#23:19 Бұл әдет жергілікті халықтардың жалған тәңірлеріне табыну рәсімдеріне қатысты болды (23:32-33; 34:15-16,26).
Құдайдың өз халқын жүрген жолдарында қолдауы
20Тәңір Ие тағы былай деді:
— Тыңдаңдар. Мен сендерді жолда қорғап, Өзім дайындаған жерге алып баратын періштені алдарыңнан жіберіп отырмын. 21Оны ренжітуден сақ болып, айтқандарына құлақ асып, оған қарсы қасарыспаңдар! Ол Менің атымнан әрекет ететіндіктен бас көтерулеріңді кешірмейді.
22Ал егер оның тілін алып, Менің айтқандарымның бәрін орындасаңдар, онда Мен жауларыңның жауы болып, сендерге қарсы шыққандарға қарсы шығамын. 23Менің періштем алдарыңнан жүріп отырып, сендерді аморлықтар, хеттіктер, перездіктер, қанахандықтар, хевтіктер және ебустіктердің қоныстанған жеріне алып барады, ал Мен соларды құртамын. 24Олардың тәңірлеріне табынбаңдар, әрі істегендеріне еліктемеңдер! Қайта, олардың тәңір мүсіндерін талқандап, тас бағаналарын қиратыңдар. 25Құдайларың Жаратқан Иеге қызмет етіңдер, сонда Ол нан-суларыңды жарылқап, мынадай уәде береді: Мен араларыңнан ауру-сырқау атаулыны қуамын. 26Елдеріңде не түсік тастайтын, не құрсақ көтермейтін әйел заты әрі аналық мал болмайды. Мен сендерге толық мерзімді өмір сыйлаймын.
27(Уәделі елге бет алған жолдарыңда) Мен алдарыңнан үрей тудырып, сендер тап болған әрбір халықты әбігерге түсіріп, барлық жауларыңды кері қашуға мәжбүрлеймін. 28Мен алдарыңнан хевтіктер, қанахандықтар және хеттіктердің зәрелерін ұшыратын қорқынышты#23:28 Немесе: есекараны. (Есекара солтүстік Мысыр патшалығының таңбасы болатын. Мысыр әскері Қанахан жеріне жиі шабуыл жасайтын.) жіберіп, оларды қуып шығамын. 29Алайда жер елсіз қалып, далада сендерге зиян келтіретін аң-құстар көбейіп кетпес үшін Мен сол тайпаларды бір-ақ жылда қуып шықпаймын. 30Сендер өсіп-өніп, сол елді иемденіп алғанша оларды алдарыңнан біртіндеп қуып шығып отырамын.
31Қамысты теңізден#23:31 Яки: Қызыл теңізден. бастап, філістірлер жағалай мекендеген Жерорта теңізіне дейін, Негев даласынан Евфрат өзеніне дейін шекараларыңды орнатамын. Сол жердің тұрғындарының билігін саған беремін, оларды қуып шығатын боласың. 32Солармен де, олардың табынатын тәңірлерімен де ымыраласпаңдар! 33Сендерді Маған қарсы күнәға батырмас үшін олар елдеріңде бірге тұрмауға тиіс. Әйтпесе солардың тәңірлеріне құлшылық етіп, күнәнің торына түсесіңдер.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in