Мысырдан шығу 24
24
Келісімнің құрбандықтың қанымен бекітілуі
1Кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп те бұйырды: «Һаронды, (оның ұлдары) Надаб пен Әбиһуді және Исраилдің жетпіс рубасын ертіп тауға көтеріліп, Маған алысырақтан бас ұра тағзым етіңдер. 2Тек сен ғана қасыма жақында, ал басқалар таяп келмесін! Халық саған еріп жоғары көтеріліп жүрмесін!»
3Мұса қайтып келіп, халыққа Жаратқан Иенің күллі сөздері мен заңдарын жеткізгенде, бүкіл халық бірауыздан: «Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындаймыз!» — деп жауап берді. 4Сонда Мұса Жаратқан Иенің барлық сөздерін жазып қойды.
Ертеңгісін ол ерте тұрып, таудың етегінде құрбандық орнын тұрғызып, Исраилдің он екі руының белгісі ретінде он екі тас бағананы орнатты. 5Исраилдіктердің арасынан жас жігіттерді жіберіп, олар Жаратқан Иеге арнап бірнеше малдарды шалып, түгелдей өртеп ұсынды. Олар тағы бірсыпыра жас бұқаларды ризашылық құрбандығына шалды.#24:5 18:12; Леу 3:1. 6Мұса солардың қанының жартысын тостағандарға құйып, жартысын құрбандық орнының үстіне бүркіп шашты. 7Содан кейін ол Келісім кітабын алып, халыққа дауыстап оқып берді. Олар:
— Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындап, мойынсұнатын боламыз, — деп жауап қайырды.
8Содан Мұса қанды алып, оны халыққа бүркіп тұрып:
— Бұл — Жаратқан Иенің осы айтылған сөздердің бәрі бойынша өздеріңмен жасаған Келісімін бекітетін қан, — деді.
Құдайдың халық басшыларына аян беруі
9Мұса мен Һарон, Надаб пен Әбиһу және Исраилдің жетпіс рубасысы жоғары көтеріліп, 10Исраилдің сиынатын Құдайының аянын көрді.#24:10 Яки: Исраилдің Құдайын көрді (24:11; Иш 6:1; Езк 1:1,26-28; Дан 7:9-10; Жох 1:18). Оның табанының асты аспандай мөлдір, жарқылдаған саф көк асыл тас#24:10 Яки: сапфир (Аян 21:19). төселген алаңға ұқсады. 11Құдай Исраилдің үрім-бұтағынан таңдаған басшыларына қарсы қол көтерген жоқ. Олар Құдайдың аянын көріп, Оның алдында тамақ ішті.#24:11 Бірге дәм тату келісім жасаудың дағдылы бір бөлігі болды (Жар 31:44,54). 12Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Таудың басына көтеріліп, осы жерде бол. Мен саған халыққа үйрету үшін Өзім ережелерім мен өсиеттерімді жазған тас тақташаларды беремін».
13Сонда Мұса көмекшісі Ешуамен бірге тауға көтерілді. Ал Мұсаның өзі ғана Құдай тауының басына шықты. 14Ол рубасыларға: «Біз қайтып келгенше осы жерде қалыңдар. Һарон мен Һұр сендермен бірге болады. Мәселелері барлар соларға жүгінсін», — деген болатын.
15Мұса көтеріліп бара жатқанда тауды (бағаналы) бұлт басып, 16Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты Синай тауына орнады. Бұлт тауды алты күн бойы жауып тұрды. Жетінші күні Жаратқан Ие бұлттың ортасынан Мұсаға тіл қатты. 17Исраилдің үрім-бұтағының көздеріне Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты таудың басында бәрін жалмап қоятын от іспетті көрінді. 18Мұса бұлттың ортасына кіріп, таудың басына көтерілді. Қырық күн, қырық түн бойы ол сонда болды.
Currently Selected:
Мысырдан шығу 24: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.