Мысырдан шығу 21
21
Исраилдік қызметшілер жайлы ережелер
1Сен халқыңа жариялауға тиісті заңдар мыналар:
2Егер басыбайлы исраилдік#21:2 Яки: ибрани. Немесе: еберлік (Еберден тараған: Жар 14:13). қызметші сатып алсаң, ол саған алты жыл қызмет етсін. Жетінші жылы оған бас бостандығын тегін бер. 3Егер ол келгенде жалғыз басты болса, жалғыз кетсін; ал үйленген болса, әйелі де онымен бірге босатылсын. 4Егер қожайыны қызметшісіне әйел алып беріп, сол оған ұл-қыздарын туса, онда әйелі мен балалары қожайында қалып, қызметшінің жалғыз өзі ғана босатылсын.
5Алайда қызметші: «Қожайынымды, әйелім мен балаларымды сүйемін, бостандық алмаймын», — десе, 6қожайыны қызметшісін төрешілердің алдына#21:6 Яки: Құдай алдына. (Билер, төрешілер және билеушілер Құдай Тағаланың атынан әділдікті орнатып, үкім шығаруға тағайындалған еді: 18:21-22,25-26; 22:8-9,28; Заң 19:17-18.) алып барсын. Оны есіктің не жақтауының қасына қойып, сырғалығын бізбен тессін. Сонда ол қожайынының өмірлік басыбайлы қызметшісі болып қалады.
7Егер біреу қызын басыбайлы қызметші болуға сатып жіберсе, сол еркек қызметшілер сияқты бостандық ала алмайды. 8Алайда қыз өзі үшін таңдап алған қожайынына ұнамаса, қожайыны#21:8 Яғни қыз қожайынына ұнамай, ол әйелдікке алмаса. соның туысқандарына оны құнын төлеп босатып алуларына рұқсат етсін. Бірақ өзі уәдесінде тұрмағандықтан оны бөтен біреуге сатуға құқығы жоқ. 9Егер оны ұлы үшін таңдаған болса, оған өз қызы іспетті#21:9 Яки: өз қызын ұзатқандай. қарасын. 10Ал қожайыны оған өзі үйленіп, одан кейін де әйел алса, онда қызметші әйел жеткілікті тамақтан, киім-кешектен, жұбайлық қақыларынан құр қалмауға тиіс. 11Егер қожайыны осы үш нәрсемен қамтамасыз етпесе, қызметші әйел құны төленбей-ақ тегін босатылсын.
Адамдарға жасалған зақымдар жайлы
12Кім біреуді ұрып өлтірсе, соның өзі өлтірілсін. 13Алайда егер оны ешқандай арам ниетсіз, Құдайдың жол беруімен істеген болса, онда ол Өзім#21:13 Яғни Жаратқан Ие. белгілейтін бас сауғалау жеріне#21:13 Рул 35:11,14; Еш 20:2. қашсын. 14Бірақ егер амалын тауып зұлымдықпен кісі өлтірсе, оны (қашып, паналап барған) Менің құрбандық орнымнан шығарып алып, өлімге бұйырыңдар.
15Ата-анасын ұратын өлтірілсін.
16Кісі ұрлап, сатқан немесе оны өз қолында мәжбүрлеп ұстаушы өлтірілсін.
17Ата-анасын қарғайтын#21:17 Яки: жамандайтын (Леу 20:19; Заң 27:16). өлтірілсін.
18Адамдар төбелесіп, біреуі екіншісін таспен не жұдырықпен ұрып-соғып, сол өлмегенмен де төсек тартып жатып қалса, 19егер ол орнынан тұрып, далаға таяқпен шыға алатын болса, ұрып-соққан өлімге бұйырылмайды. Бірақ ол жәбір көргеннің жұмысынан қалғанының және толықтай емделуінің шығындарын өтесін.
20Егер біреу не еркек не әйел болсын басыбайлы қызметшісін таяқпен ұрып, ол содан өліп қалса, онда қожайыны жазалансын. 21Ал егер қызметшісі бір-екі күннен кейін орнынан тұрып кетсе, қожайыны жазаланбасын. Себебі қызметшісі — оның меншігі.
22Біреулер төбелесіп, аяғы ауыр әйелді ұрып, ол түсік тастап, бірақ өзіне содан басқа зақым келмесе,#21:22 Немесе: ол мезгілінен бұрын босанғанмен сәбиіне зақым келмесе. онда кінәлі кісі әйелдің күйеуіне оның талабы мен төрешілердің шешіміне сай айып төлеуге тиіс. 23Ал әйелдің өзіне де зақым келтірілсе, онда мына аралықта ғана кек алынсын: жанға жан, 24көзге көз, тіске тіс, қолға қол, аяққа аяқ беріліп, 25күйік үшін күйдірілсін, жарақат үшін жарақатталсын, көгерген үшін көгертілсін.#21:25 Құдай осы ережемен шексіз кек алуға тиым салды (Жар 4:23-24; Мат 5:38-42).
26Біреу басыбайлы қызметшісінің, не еркек, не қыз-әйел болсын, көзінен ұрып, жанарын зақымдаса, сол үшін оған бас бостандығын берсін. 27Егер оны ұрып, тісін сындырса, сол үшін де бас бостандығын берсін.
28Біреудің мүйізді ірі қарасы не ер, не әйел адам болсын, басқаны сүзіп өлтірсе, сол мал таспен атқыланып өлтіріліп, еті желінбесін. Ал иесіне кінә тағылмасын. 29Алайда сол мал бұрыннан да сүзеген болып, иесі бұл туралы ескерту алғанмен оны қамап ұстамаған болса, мал сол себептен де біреуді өлтірсе, онда сол ірі қара таспен атқыланып өлтіріліп, иесіне де өлім жазасы берілсін. 30Ал егер иесіне тек айып қана салынса, онда ол өз жаны үшін белгіленген құнды төлеп, аман қалсын. 31Осы заңның күші не ұл баланы, не қыз баланы сүзіп өлтірген мүйізді ірі қараға да жүреді.
32Егер мал басыбайлы қызметшіні сүзіп өлтірсе, оның қожайынына мал иесі отыз мысқал күміс#21:32 Сол заманда бір құлдың құны 20-30 мысқал күміс болатын (Жар 37:28; Зәк 11:12). төлеп, мал таспен атқыланып өлтірілсін. 33Біреу шұңқыр не құдық қазып немесе аузын ашып, оны жаппай кетіп, соған біреудің мүйізді ірі қарасы не есегі құлап түсіп өлсе, онда 34шұңқырдың қожайыны мал иесіне құнын төлесін, ал өлімтік сонікі болсын.
35Біреудің мүйізді ірі қарасы көршісінікін сүзіп өлтіріп тастаса, олар тірі қалған малды сатып, түскен ақшасын, сондай-ақ өлімтікті де тең бөліп алсын. 36Алайда сол малдың сүзегендігі бұрыннан да белгілі болғанмен, иесі оны қамап ұстамаған болса, онда ол мал орнына мал төлесін, ал өлімтік онікі болсын.
Currently Selected:
Мысырдан шығу 21: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.