Мысырдан шығу 20
20
Құдайдың тапсырған Он өсиеті
1Сол кезде Құдай (халыққа арнап) мына сөздердің бәрін айтты:
2«Мен сені құлдықта жүрген Мысыр елінен алып шыққан Құдайың — Жаратқан Иемін.
3Сенің Менен басқа ешқандай тәңірлерің болмасын!
4Аспанда, жерде не суда бар нәрселердің ешқайсысынан өзіңе тәңір бейнелерін жасама!
5Сондайларға бас иіп табынып, құлшылық етпе! Мен сенің Құдай Иеңмін, Өзімнен басқа тәңірлеріңнің болуына еш төзбеймін.#20:5 Яки: сенің Құдайың Жаратқан Иемін, қызғаншақ (яғни Маған адал болуыңды талап ететін) Құдаймын (34:14; Заң 4:24; 5:12). Мені менсінбейтіндерді немерелері мен шөберелеріне дейін жазалаймын, 6ал Өзімді сүйіп, өсиеттерімді ұстанғандарға тіпті мыңыншы ұрпағына#20:6 Яғни мыңыншы буынына. дейін рақымымды төгемін.
7Құдай Иеңнің атын орынсыз аузыңа алма!
Жаратқан Ие Өзінің атын орынсыз#20:7 Мысалы, жалған ант беру не сиқырлық жасау арқылы. Немесе: бекерге. қолданғандарды жазасыз қалдырмайды.
8Демалыс күнін#20:8 Яки: Сенбі күнін (20:10; 23:12). Тәңір Иеге бағыштауды есіңде сақтайтын бол!
9Алты күн еңбектеніп барлық жұмыстарыңды істей бер, 10ал жетінші күн — Құдай Иеңе бағышталған демалыс күні. Сол күні не өзің, не ұл-қызың, не қызметшілерің, не малдарың, не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар ешқандай жұмыс істемеңдер! 11Себебі алты күн ішінде Жаратқан Ие аспан, жер және теңізді әрі олардағы күллі нәрселерді жаратып, жетінші күні демалды. Сондықтан Ол демалыс күніне оң батасын беріп, оны Өзіне бағыштап қасиетті деп белгіледі.#20:11 Жар 2:2.
12Ата-анаңды сыйла!
Құдайың Жаратқан Ие өзіңе табыстайтын елде ұзақ өмір сүруің үшін осылай істе.
13Кісі өлтірме!
14Неке адалдығын бұзба!
15Ұрлық жасама!
16Ешкімді бекерге айыптама!#20:16 Яки: Маңайыңдағы адамға қарсы жалған куәлік берме! Немесе: Басқа адамға өтірік айтпа!
17Басқаның үйіне ие болуға сұқтанба!
Оның әйеліне, құл-күңіне,#20:17 Яки: қызметшілеріне (20:10). өгіз-есегіне не өзге де ешқандай нәрсесіне заңсыз ие болуға сұқтанба!»
18Бүкіл халық найзағайдың жарқылдап, түтіннің тауды қаптағанын көріп, күннің күркіреп, кернейдің қатты дауыстағанын естіп тұрды. Содан олар зәрелері ұша дірілдеп кетті. Халық алыстан тұрып, 19Мұсадан:
— Бізбен өзіңіз сөйлесіңіз, ал біз тыңдайтын боламыз. Құдай бізбен тікелей тілдесе көрмесін, әйтпесе құрып кетерміз, — деп өтінді. 20Мұса халыққа:
— Қорықпаңдар! Құдай сендерді (Өзінің араларыңда болуына) үйрету үшін#20:20 Немесе: сендерді сынау үшін. осында келді. Бұдан былай Оны әрдайым шын жүректен қастерлейтін болыңдар! Бұларың сендерді күнә жасаудан сақтайтын болады, — деді.
21Содан халық алыста қалып, ал Мұса Құдай тұрған қою қараңғылыққа қарай беттеді.
Құдайға арналған құрбандық орны
22Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
— Исраилдің үрім-бұтағына мынаны айт: Көктен сендерге тіл қатқанымды өздерің көріп-естідіңдер. 23Алтын-күмістен тәңір бейнелерін жасап алып, Менімен қатар қоймаңдар!#20:23 (20:3-5; 32:1-4; Заң 29:17) Яки: Менімен теңестірмеңдер.
24Маған арнап топырақтан құрбандық орнын салыңдар. Ұсақ әрі мүйізді ірі қара малдарыңнан құрбандық шалып, кейбіреулерін құрбандық орнының үстінде тұтасымен өртеп Маған ұсыныңдар. Ризашылық құрбандықтарының белгілі бөліктерін де соның үстінде өртеп ұсыныңдар.#20:24 Леу 1:3. Мен өз атымды атап, дәріптеулеріңе рұқсат еткен әрбір орында солай істеңдер. Сонда Мен қастарыңа келіп, өздеріңді жарылқаймын.
25Егер Маған арнап құрбандық орнын тастардан қаластырып салсаң, тастары қашалмаған болсын. Себебі егер қашауды қолдансаң, оны арамдайсың. 26Сондай-ақ жалаңаш тәнің көрінбес үшін құрбандық орныма баспалдақпен көтерілме.
Currently Selected:
Мысырдан шығу 20: КК 2010
Highlight
Share
Copy
![None](/_next/image?url=https%3A%2F%2Fimageproxy.youversionapi.com%2F58%2Fhttps%3A%2F%2Fweb-assets.youversion.com%2Fapp-icons%2Fen.png&w=128&q=75)
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.