YouVersion Logo
Search Icon

Мысырдан шығу 15

15
Мұса мен халықтың Құдайды мадақтаған жыры
1Жаратқан Иені дәріптеймін ән-жырменен,
Себебі Ол жеңімпаз, мерейі үстем бәрінен!
Теңізге лақтырды Ол атты мінген адамымен.#15:1 Немесе: лақтырды ат пен күймені.
2Жаратқан Ие — қайнар көзі күш-қуатымның,
Мадақтау жырларымды Оған арнай берейін.
Ием мені құтқарып, алып қалды аман-есен.
Жаратқан — Құдайым менің, Оны мадақтайын,
Ол — әкемнің де Құдайы, даңқын асырайын!
3Ием — батыр жауынгер, есімі — Жаратқан Ие,
4Перғауынның күймелері мен әскерін теңізге,
Таңдаулы басшыларын да Қамысты теңізге
Лақтырды; 5терең су басқан олар тас іспетті
Барлығы тұңғиыққа зым-зия батып кетті.
6Уа, Жаратқан, оң қолың зор құдіретіңді танытты,
Сенің қолың, о, Ием, жауларыңды талқандады.
7Зор ұлылығыңмен құлаттың қарсыластарыңды,
Лаулаған қаһарың сабандай жалмады оларды.
8Деміңнің лебінен бөгеліп, сулар тоқталды,
Ағысы қабырғадай тіп-тіке тұра қалды,
Теңіз ортасындағы терең су қатып қалды.
9Жау былай мақтанды: «Өкшелей қуып, жетемін.
Құмарымды қандырып, олжасын бөлісемін.
Семсерімді қынабынан суырып аламын,
Күшімді көрсетіп, тас-талқанын шығарамын!»#15:9 Немесе: өз қолым оларға күшпен ие болады.
10Ал Сен дем үрлеп,#15:10 Яки: Сен жай дауылды жіберіп. су көміп тастады оларды,
Терең суға батып кетті қорғасындай барлығы.
11Уа, Жаратқан Ие, қай «тәңір» Саған тең келер еді?
Ешкім жоқ Сендей салтанатты да қасиетті,
Даңқты ұлылығымен айбынды да қастерлі,
Керемет істер жасайтын сондай құдіретті!
12Сен қол созғанда жауды жұтып қойды о дүние.#15:12 Яки: жер (асты); түпсіз тұңғиық (Жыр 62:10; 70:20).
13Құтқарған халқыңды рақымыңмен жетелейсің,
Киелі мекеніңе зор күшіңмен жеткізесің.
14Басқа халықтар мұны естіп қорқып дірілдейді:
Філістірдің елін ғаламат үрей билейді,
15Едомның әмірлері асып-сасып қалады,
Моабтың көсемдері де қалшылдап қорқады,
Қанахандықтардың түседі ұнжырғалары,
16Уа, Жаратқан, бәрін қорқыныш билеп, үрей басады,
Меншікті халқың#15:16 Немесе: Өзің жаратқан халқың. өтіп шыққанша жерлерінен,
Зәрелері ұшады қолыңның құдіретінен,
Тастай қатып тыныш отыр олар сол себептен.
17Өзіңе таңдаған тауға халқыңды апарасың,
О, Жаратқан, сонда оны қондыратын боласың.#15:17 Немесе: О, Жаратқан Ие, меншікті жеріңе оны «отырғызатын» боласың (Пат1 26:19; Жыр 78:1; Пат2 7:10).
Сол жерді өз мекенің болуға жаратып алдың,
Уа, Ием, Сен сонда киелі орныңды жасадың.
18Мәңгі болады билігі Жаратқан Иенің!#15:18 Яғни Жаратқан Ие әлемге мәңгі бақи патшалық құратын болады!
Мәриям мен әйелдердің Жаратқан Иені мадақтауы
19Перғауынның аттары, күймелері және олардағы жауынгерлері теңізге енген кезде Жаратқан Ие оның суын қайтарып, олардың үстеріне құлатты. Ал Исраил халқы теңіздің ортасынан құрғақ жермен өте шыққан еді.
20Һаронның қарындасы Мәриям пайғамбар даңғырасын қолына алғанда басқа әйелдер де даңғыраларын алып, оған еріп дөңгелене би билей жөнелді.
21Мәриям оларға былай деп ән салды:
«Жаратқан Иені дәріптеңдер ән-жырменен,
Себебі Ол жеңімпаз, мерейі үстем бәрінен!
Теңізге лақтырды Ол атты мінген адамымен!»
Марадағы ащы судың тұщылануы әрі Елимдегі бұлақтар
22Бұдан кейін Мұса исраилдіктерді жолға жинап, Қамысты теңізден Шур атты елсіз далаға алып барды. Олар құла түзді үш күн бойы кезгенмен су таппады. 23Мараға келгенде халық оның суын іше алмады, өйткені су ащы екен. Сондықтан да бұл жер Мара («Ащылық») деп аталатын. 24Сонда халық: «Енді не ішеміз?» — деп Мұсаға қарсы наразылық білдірді.
25Мұса Жаратқан Иеге дауыстап жалбарынып сиынды. Сонда Жаратқан Ие оған бір ағашты көрсетті. Мұса оны суға лақтырған кезде су тұщыланды.
Сол жерде Тәңір Ие өз халқына арналған заңдары мен шешімдерін шығарды. Ол халықты сынап былай деді:
26— Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Егер Менің айтқандарыма құлақ асып, Маған ұнамды әділ іс істесеңдер, әрі өсиеттеріме ден қойып, барлық ережелерімді#15:26 Яки: жарлықтарымды (Жыр 118:5). орындасаңдар, онда Мен мысырлықтарға жіберген індет-аурулардың бірде-біреуін сендерге жұқтырмаймын. Себебі Мен сендерді сауықтырушы#15:26 Яки: сендерді аурудан аман сақтайтын (23:25-26; Жыр 102:3; Ош 11:3). Жаратқан Иемін.
27Содан кейін халық он екі су көзі, жетпіс құрма ағашы бар Елим деген шұратқа#15:27 Шұрат: шөл даладағы көгалды жер, оазис. жетіп, бұлақтарды жағалай орналасты.#15:27 Рул 33:9.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in