Мысырдан шығу 14
14
Халықтың қақ айырылған теңізді кесіп өтуі
1Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: 2«Исраилдің үрім-бұтағына мынаны айт: олар кері бұрылып, Миғдол мен теңіздің аралығындағы Пи-Һахироттың қасына қоныстанып, Бағал-Сефонға қарама-қарсы, теңіз жағалауына орналассын. 3Сонда перғауын Исраил халқы ел кезіп адасып кетті, айдаланың қоршауында қалды деп ойламақ. 4Ал Мен арттарыңнан қуып шықсын деп перғауынның жүрегін қасарыстырып қоямын. Осылай перғауынға және оның бүкіл әскеріне Өзімнің ұлылығымды көрсетемін. Соған қарап мысырлықтар Менің Жаратқан Ие екенімді біліп мойындайтын болады».#14:4 14:24-25.
Исраилдіктер осылай істеп, сол жерде аялдады.
5Мысыр патшасына «Исраилдіктер қашып кетті» деген хабар жеткенде өзі де, нөкерлері де олар туралы көзқарастарын өзгертіп: «Біздің бұл не істегеніміз? Неліктен Исраилді босатып жіберіп, олардың біз үшін істейтін қызметтерінен ада қалдық?!» — десті. 6Перғауын өзінің соғыс күймесін жеккізіп, әскерін де бірге ала шықты. 7Сондай-ақ өзіне қарасты алты жүз таңдаулы соғыс күймесін және Мысырдың басқа да бүкіл соғыс күймелерін ертіп алды. Бұл күймелердің бәрінің өз басшылары болды.#14:7 Яки: Ол барлық күймелерге (ат айдаушы мен садақшыдан басқа) қалқан ұстаған үшінші жауынгерді — күймені басқарушыны да бекітті. 8Осылайша Жаратқан Ие Мысыр патшасы перғауынның жүрегін қасарыстырып қойды, сонда ол нық сеніммен алға басқан#14:8 Яки: (азаттық алғанының белгісі ретінде) қолдарын көкке көтере шаттанған. Немесе: көктегі Құдайдың қол астындағы. исраилдіктердің артынан қуа жөнелді. 9Мысырлықтар — күллі атты жасақтары, соғыс күймелері және бүкіл жаяу әскер исраилдіктердің артынан өкшелей отырып, оларды тынығуға жайғасқан теңіз жағасындағы Бағал-Сефонға қарама-қарсы, Пи-Һахироттың маңында қуып жетті.
10Перғауын жақындаған кезде исраилдіктер кері бұрылып қараса, соңдарынан қуған мысырлықтар келіп те қалыпты! Зәрелері ұшқан исраилдіктер айқайлап Жаратқан Иені шақырды. 11Олар тіпті Мұсаны сөгіп:
— Не үшін бізді айдалада өлуге алып келдің? Мысырдан бізге мола табылмайтын ба еді?! Мысырдан алып шығып, бізге не қылғаның? 12Саған Мысырда: «Бізде жұмысың болмасын! Мысырлықтарға қызмет ете берейік» деп айтпап па едік? Бізге айдалада өлгеннен гөрі мысырлықтарға құл болғанымыз жақсы еді ғой! — деді. 13Ал Мұса халыққа жауап беріп:
— Қорықпаңдар, берік тұрыңдар! Бүгін-ақ Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер: бүгін көрген мысырлықтарыңды енді қайтып мәңгі бақи көрмейтін боласыңдар! 14Сендер үшін Жаратқан Иенің Өзі шайқаспақ. Ал өздерің тек тыныш тұрсаңдар болғаны,#14:14 Иш 30:15. — деді. 15Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп тіл қатты:
— Неге айқайлап Мені шақырып тұрсың? Исраилдің үрім-бұтағына: «Алға қарай жылжи беріңдер!» деп бұйыр. 16Өзің таяғыңды ұстап, қолыңды теңіздің үстіне қарай соз. Сонда теңіз қақ айырылып, халық теңіз ортасынан құрғақ жермен өте шығады. 17Мен мысырлықтардың жүрегін қасарыстырамын, олар арттарыңнан қуатын болады. Сонда Мен перғауынға, оның әскеріне, барлық соғыс күймелері мен атты жауынгерлеріне Өзімнің ұлылығымды көрсетемін. 18Соған қарап мысырлықтар Менің Жаратқан Ие екенімді біліп мойындайтын болады.
19Исраил көшінің алдында жүріп келе жатқан Құдайдың періштесі#14:19 23:20-21; 32:34. сол сәтте олардың соңына барды. Бағана тәрізді бұлт#14:19 13:21-22. та көштің алдыңғы жағынан артына қарай ығысып, 20Мысырдың әскері мен Исраил көшінің ортасына барып тұрды. Бұлт мысырлықтар жағына қараңғылық орнатып, исраилдік жақта түнді жарық қылып тұрды. Осылай Мысыр әскері исраилдіктерге түні бойы жақындай алмады.
21Мұса қолын теңіздің үстіне қарай созғанда Жаратқан Ие шығыстан қатты жел жіберді. Ол түні бойы соғып, теңіз суын әрі қарай итеріп, түбін құрғатты. Су қақ айырылған кезде 22Исраил халқы құрғақ жермен теңіз ортасынан өте шықты. Су оларды оң мен солынан қабырға іспетті қоршап тұрды.
23Ал арттарынан қуған мысырлықтар: перғауынның барлық аттары, соғыс күймелері мен атты жауынгерлері исраилдіктердің ізімен теңіздің ортасына дейін кірді. 24Таңғы күзет кезінде#14:24 Яки: Таңғы сағат 3 пен 6 аралығында. Жаратқан Ие от пен бұлт бағанасынан#14:24 13:21-22. мысырлықтардың әскеріне қарап, оларды састырып, берекелерін кетірді. 25Сондай-ақ Ол күймелерінің дөңгелектерін шығарып тастап,#14:25 Яки: дөңгелектерін бет алған бағыттарынан адастырып. Немесе: дөңгелектерін жүргізбей қойып (14:14; Жыр 77:16-19). күймелер әрең дегенде қозғалды. Сонда мысырлықтар: «Исраилдіктерден қашып құтылайық! Олар үшін Жаратқан Ие Мысырмен шайқасып жатыр!» — деп айқай салды.
Қуғыншылардың суға батып кетуі
26Сол кезде Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды: «Қолыңды теңізге қарай соз! Сонда су қайтадан орнына келіп, мысырлықтардың күймелері мен атты жауынгерлерін басып қалсын».
27Мұса қолын теңізге қарай созды. Содан таң ата су орнына келді. Қашып бара жатқан мысырлықтар оған қарсы жүгіріп, Жаратқан Ие оларды теңіз ішінде суға батырды. 28Арнасына қайтқан су Исраил халқының соңына түсіп, теңіздің ішіне дейін қуып келген перғауынның бүкіл әскерін, күймелері мен атты жауынгерлерін көміп тастады. Олардың бірде-біреуі тірі қалмады.
29Ал исраилдіктер теңіздің ортасынан құрғақ жермен өте шығып, су оларды оң мен солынан қабырға іспетті#14:29 Яки: қамал (қорған) ретінде. қоршап тұрған еді. 30Осылай Жаратқан Ие сол күні Исраил халқын мысырлықтардың қолынан құтқарып алды. Кейін исраилдіктер олардың теңіз жағасында жатқан мәйіттерін көрді. 31Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иенің мысырлықтарға қарсы ғаламат құдіретін қолданғанына көз жеткізді. Олар Жаратқан Иеден қорқып, Оны терең қастерлеп, Жаратқан Иеге және Оның қызметшісі Мұсаға сенді.
Сол кезде Мұса Исраил халқымен бірге Жаратқан Иеге арнап мына мадақтау жырын айтты:
Currently Selected:
Мысырдан шығу 14: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.