Мысырдан шығу 16
16
Аспаннан жауған нан және жерге қаптап қонған бөденелер
1Исраил үрім-бұтағының бүкіл қауымы Елимнен шығып, сол жер мен Синай тауының арасындағы Син атты елсіз далаға#16:1 (17:1; Рул 33:11-12) Мысырдағы Синай түбегіндегі оңтүстік жағында. барды. Бұл Мысырдан көшіп шыққаннан кейінгі екінші айдың он бесі күні болатын. 2Сол айдалада күллі қауым Мұса мен Һаронға қарсы наразылық білдіріп: 3«Мысыр елінде Жаратқан Иенің қолынан өлгеніміз жақсы болған болар еді! Ол жерде етке толы қазанды айнала отырып, нанды тойғанымызша жеп жүрдік. Ал сендер бізді бүкіл қауымды аштан қатыру үшін осы шөл далаға бастап алып келдіңдер», — деп күңкілдеді.
4Сонда Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып мынаны айтты: «Біліп қойыңдар, Мен сендерге аспаннан нан жаудырамын. Күн сайын халық далаға шығып, бір күндік тамағын жинап алсын. Осылай Мен олар нұсқауымды орындап жүр ме, жоқ па, соны сынаймын. 5Аптаның алтыншы күні олар жинап алғандарын дайындап қойғанда ол басқа күндері жинағандарынан екі есе көп болмақ».
6Содан Мұса мен Һарон бүкіл Исраил халқына былай деді: «Сендер бүгін кешке өздеріңді Мысырдан алып шыққан Жаратқан Ие екенін біліп мойындап, 7әрі ертеңіне азанда Оның салтанатты ұлылығын көретін боласыңдар. Жаратқан Иеге қарсы күңкілдегендерің Оның құлағына шалынды. Себебі сендер бізге қарсы наразыланып күңкілдейтіндей біз кім едік? — 8Мұса оларға тағы да: — Сендерге кешке ет, таңертең тойдырып нан беретін Жаратқан Иенің Өзі болады. Оған қарсы күңкілдерің Оның құлағына жетті. Ал біз сонша кімбіз? Сендер бізге емес, Жаратқан Иеге наразылық білдіріп тұрсыңдар!» — деді.
9Сонан кейін Мұса Һаронға: «Исраил халқының бүкіл қауымына былай де: Келіп, Жаратқан Иенің алдына тұрыңдар! Себебі сендердің наразылықтарың Оның құлағына жетті», — деді.
10Һарон осыны исраилдіктердің бүкіл қауымына айтып жатқанда-ақ олар айдалаға қараса, міне, нұрлы бұлттың ішінен Жаратқан Иенің айбынды салтанаты көрінді. 11Иеміз Мұсаға тіл қатып: 12«Мен исраилдіктердің наразы күңкілін естідім. Оларға былай де: кешке ет жеп, ертеңіне азанда нанға тоятын боласыңдар. Сонда Менің өздеріңнің Құдайларың Жаратқан Ие екенімді ұғынып білесіңдер», — деді.
13Сол кеште-ақ бөденелер ұшып келіп, халықтың қоныстанған жеріне қаптап қонды. Ал ертеңгісін азанда айналаны шық басып жатты. 14Шық кепкен кезде оның орнында айдалада қырау тәрізді ақ, нәзік қабыршақтар қалды. 15Исраилдіктер мұны көргенде оның не екенін білмей, бір-бірінен: «Ман һу?» яғни «Бұл не?»#16:15 Түпнұсқадағы «Ман һу?» (Бұл не?) деген сұрақтан осы «манна» деген керемет тамақтың аты пайда болды (16:31). — деп сұрасты. Мұса оларға түсіндіріп: «Бұл — Жаратқан Иенің сендерге жеуге берген наны. 16Жаратқан Ие мынаны әмір етті: Әрқайсыларың өздеріңе керегінше теріп, үй іштеріңдегі әрбір жан басына бір тегештен#16:16 Яки: жан басына бір гомерден. (Гомер сиымдылығы шамамен екі литрдей ыдыс болатын: 16:18,32,33,36.) толтырып жинап алыңдар!» — деді.
17Исраилдіктер солай істеп, біреуі көп, біреуі аз жинады. 18Ал тегешпен өлшеген кезде көп жинаған кісіден артылған жоқ, аз жинаған мұқтаж да болған жоқ. Әркім өзінің жеуіне қажетінше жинапты. 19Мұса оларға: «Ешкім мұны ертеңге қалдырмасын!» — деп ескертті. 20Алайда олар Мұсаны тыңдамай, кейбіреулері жинағандарынан келесі күнге қалдырып, ол құрттап сасып кетті. Сонда Мұса оларға қатты наразыланды.
21Күн сайын таң ата әркім өзінің жегенінше жинап алатын болды. Күн қызған кезде қабыршықтар еріп кетіп отырды. 22Ал жұма күні#16:22 Яки: алтыншы күні. (Аптаның бірінші күні исраилдіктер үшін жексенбі болатын.) олар екі есе көп, әр жанға екі тегенеден жинап алыпты. Сонда қауымның жетекшілері Мұсаға келіп, бұл туралы айтып берді. 23Мұса оларға:
— Жаратқан Иенің айтқаны мынау: Ертең сенбі күні; Өзіме бағышталған демалыс күнін#16:23 20:8-11; Жар 2:3. сақтаңдар! Бүгін жинаған тамақтан өздеріңе қанша керек болса, сонша пешке жауып не суға пісіріп алыңдар, ал артылып қалғанын ертеңге сақтап қойыңдар, — деп жауап берді.
24Халық Мұса тапсырғандай артылып қалған тамақты келесі күнге сақтап қойғанда ол не сасыған, не құрттаған жоқ.
25Мұса оларға тағы былай деп қосты: «Бұл сендердің бүгін жейтін тамақтарың. Бүгін Жаратқан Иеге бағышталған демалыс күні. Бұл күні осы тағамды даладан таба алмайсыңдар. 26Оны алты күн қатарынан жинайсыңдар, ал жетінші күн демалыс күні, сонда ол болмайды».
27Дегенмен жұрттың кейбіреулері жетінші күні нан қабыршықтарын жинамақ болып далаға шыққанда ештеңе таппады. 28Сонда Жаратқан Ие халыққа Мұса арқылы: «Сендер Менің бұйрықтарым мен нұсқауларымды орындаудан бас тартуларыңды қашан қоясыңдар?» — деген сөздерін жеткізді. 29(Мұса оларға былай деп те ескертті:) «Сақ болыңдар, Жаратқан Ие сендерге демалыс күнін сыйлады. Сондықтан Ол сендерді жұма күні тамақпен екі күнге бір-ақ қамтамасыз етеді. Жетінші күні әркім тұрған мекенінде қалып, ешкім одан шықпасын!» — 30Мұнан кейін халық жетінші күні демалатын болды.
31Исраилдіктер сол нанды манна деп атады. Оның түсі көжекөк#16:31 Яки: Кориандр (тамаққа салатын дәмдеуіш). Манна: 16:15. шөбінің дәндері сияқты ақ, ал дәмі бал қосқан күлше нандай болды.
32Мұса халыққа қарап: «Мынау Жаратқан Иенің берген тапсырмасы: бір тегешті маннаға толтырып, келер ұрпақтарың үшін сақтап қойыңдар! Олар да Менің сендерді Мысырдан алып шыққанымда айдалада қоректенуге берген нанымды көрсін», — деді. 33Содан ол Һаронға: «Бір құмыраны алып, ішіне сол бір тегеш маннаны құй. Келер ұрпақтарға сақтау үшін құмыраны Жаратқан Иеге бағышталған орынға апарып қой», — деп тапсырды.
34Кейінірек Һарон Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанын орындап, құмыраны Келісім сандығының ішіне, Келісім айғақтарының алдына#16:34 Яки: (Он өсиет сияқты) Келісімнің ережелері жазылған екі тас тақташаның алдына (25:16,21; 40:20). салып, сақтап қойды. 35Исраил халқы өзінің тұрақтап мекендейтін жері — Қанахан елінің шегіне жеткенше қырық жыл бойы маннамен қоректенді. 36Олар қолданып жүрген тегеш мөлшері гомер деп аталатын. Бір гомер — ефаның оннан бір бөлегі (яғни екі литр шамасы).
Currently Selected:
Мысырдан шығу 16: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.