YouVersion Logo
Search Icon

Заңды қайталау 27

27
Ебал тауындағы ескерткіш тастар және құрбандық орны
1Осыдан кейін Мұса пайғамбар Исраилдің рубасыларымен бірге халықтың алдында тұрып, оларға былай деп бұйырды:
— Мен бүгін сендерге тапсырып отырған өсиеттердің бәрін де сақтап орындаңдар! 2Сендер Құдай Иеміз өздеріңе табыстап отырған еліне кіру үшін Иорданды кесіп өткен күні өзен арнасынан дәу қойтастарды жинап алып, жағалауда орнатып, үстін әкпен сылаңдар. 3Сол тастарға осы заңдардың барлық сөздерін ойып жазып қойыңдар! Ата-бабаларың сиынған Құдай Ие уәде еткендей, Өзі сендерге табыстап отырған, ағы мен балы ағыл-тегіл елге кірген соң осылай істеңдер.
4Сонымен, сендер Иордан өзенінен өткеннен кейін, мен жаңа өздеріңе бұйырғанымдай тастарды Ебал тауында#27:4 Яки: Гебал тауында (11:29). орнатып, әкпен сылаңдар. 5Сол жерде Құдайларың Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын да жасаңдар. 6Оны темір құрал-сайманмен өңделмеген, бүтін тастардан тұрғызыңдар. Соның үстінде Құдай Иеге арнап шалынған құрбандықтарды өртеп ұсынуларың керек. 7Одан кейін Құдайларың Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтар шалып, Оның алдында қуанышпен ішіп-жеңдер. 8Осылай орнатылған тастарға осы Таурат заңының барлық сөздерін анық етіп ойып жазыңдар.
Құдайға бағынбайтындар ұшырайтын он екі қарғыс
9(Содан соң) Мұса және леуілік діни қызметкерлер бүкіл Исраил халқына дауыстап былай деді:
— Үндемей тұрып тыңдап алыңдар, ей, Исраил халқы! Бүгін сендер (қайтадан) Құдайларың Жаратқан Иенің өз халқы болдыңдар!#27:9 26:16-18. 10Сондықтан Құдай Иенің айтқандарына құлақ асып, мен бүгін тапсырып отырған Оның өсиеттері мен ережелерін орындайтын болыңдар!
11Мұса сол күні халыққа төмендегі бұйрықтарды жариялады:
12— Иордан өзенінен өткеннен кейін сендер, Шимон, Леуі, Яһуда, Исашар, Жүсіп пен Бунямин рулары, халыққа Құдайдың жарылқауының қандай жағдайларда қонатынын жариялау үшін Гәризим тауының беткейінде тұрыңдар! 13Ал сендер, Рубен, Ғад, Ашир, Забулон, Дан мен Нафталим рулары, халық Құдайдың қарғысына қандай жағдайда ұшырайтынын паш ету үшін Ебал тауының беткейінде тұрыңдар! 14Сонда леуілік діни қызметкерлер қатты дауыспен Исраил халқының бәріне былай деп жарияласын:
15«Жаратқан Иеге жиренішті іс істеп: тәңір мүсінін ойып не құйып жасап, яки шеберге жасатып, оны құпия орынға орнатқан адамды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
16«Әке-шешесін менсінбей қорлағанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
17«Көршісінің шекарасын белгілеген межетасты ұрланып жылжытқанды#27:17 19:14. қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
18«Зағип адамды жолынан адастырғанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
19«Жат жұрттықтың, жетім-жесірдің ақысын жегенді қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
20«Әкесінің әйелімен жақындасқанды#27:20 22:30. қарғыс атады! Бұл әкесінің абыройын ашқанымен бірдей!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
21«Қандай болмасын жануармен жақындасқанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
22Өзінің әпке-қарындасымен, әкесінің не шешесінің қызымен жақындасқанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
23«Қайын енесімен жақындасқанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
24«Біреуді жасырын өлтіргенді қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
25«Жалданып жазықсыз адамды өлтіргенді қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.
26«Осы Таурат заңының ережелерін орындап сақтамағанды қарғыс атады!» Соған бүкіл халық: «Аумин!» деңдер.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in