Заңды қайталау 26
26
Елдегі алғашқы өнім әрі кірістің он бөлігінің бірі
1Құдайларың Жаратқан Ие сендерге мұралық меншікке табыстап отырған елге еніп, оны иемденіп, қоныстанғаннан кейін, 2әрқайсың сол елдің жерінен жинаған өнімдеріңнің біразын себетке салыңдар. Осы сый-тартуларыңды Құдай Ие өз есімінің (жер бетіндегі) тұрағы болуға таңдап алған орынға апарыңдар! 3Сол кезде қызмет етіп жүрген діни қызметкерге былай деңдер: «Жаратқан Иенің ата-бабаларымызға бізге беруге антпен уәде еткен еліне келдім. Соны бүгін Құдай Иеңіздің алдында мойындаймын». — 4Діни қызметкер себеттеріңді алып, Құдай Иеге арналған құрбандық үстелінің алдына қойсын.
5Бұдан кейін Құдай Иеміздің алдында былай деңдер: «Түп атам көшпелі арамалық болатын.#26:5 Халықтың түп атасы Жақыптың атасы Ыбырайым Арама (солтүстік Месопотамия) өлкесіндегі Хараннан Қанаханға көшіп келген еді. Жақыптың өзі де сол аймақта жиырма жыл тұрды (Жар 11:31-12:1,5; 28:2,5; 31:38). Ол азғана адамымен Мысырға көшіп барып, сол елге қоныстанды. Ал түп атамыздан өрбіген ұрпақ үлкен де күшті әрі сансыз көп халыққа айналды. 6Сонда мысырлықтар бізге жаман қарап, зорлық-зомбылық көрсетіп, ауыр жұмысқа салып қойды. 7Бірақ біз ата-бабаларымыз сиынған Құдай Иеге жалбарындық. Ол дауысымызға құлақ асып, бейшара жағдайымыз бен ауыр жұмысымызға әрі көріп отырған зорлық-зомбылығымызға назар аударды.#26:7 4:20; Мыс 1:9-11,14-16; 5:19. 8Жаратқан Ие бізді Мысыр елінен өзінің алға созылған құдіретті қолымен, жауға үлкен қорқыныш жіберіп, кереметтер мен ғажап істер жасап алып шықты. 9Содан Құдай Иеміз бізді бұл жерге алып келді де, ағы мен балы ағыл-тегіл осы елді табыстады. 10Уа, Жаратқан Ие, Өзің маған табыстаған жердің алғашқы өнімінен енді Саған мына сый-тартуды әкелдім».
Осылайша сый-тартуды Құдайларың Жаратқан Иенің алдына қойған соң Оның алдында иіліп тағзым етіңдер. 11Содан соң леуіліктермен және араларыңдағы жат жұрттықтармен бірге Құдайларың Жаратқан Иенің сендерге және отбасыларыңа сыйлаған игіліктеріне қуанып мейрамдаңдар.
12Ал үшінші жыл — өнімнің арнайы он бөлігінің бірін беретін жыл. Сондықтан сол жылы өніміңнің он бөлігінің бірін бөліп қойып, оны леуіліктерге, жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге беріңдер.#26:12 14:28-29; Леу 27:30; Рул 18:24. Елді мекендеріңде тұрып жатқан олар да соны жеп тойынсын. 13Содан соң Құдай Иеге былай деңдер: «Мен үйімнен Өзіңе бағышталған үлесті шығарып, маған бұйырғаныңдай оны леуіліктерге, жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге үлестіріп бердім. Сенің өсиеттеріңді бұзған жоқпын, олардың ешқайсысын да ұмытқан емеспін. 14Аза тұтқан кезде де өнімнің Саған бағышталған бөлігінен жеген де жоқпын, арамданып қалған кезімде оған қол тигізген де емеспін,#26:14 Немесе: біразын бөлек қойған да емеспін. аруақтарға еш нәрсесін бағыштаған да жоқпын. Уа, Құдай Ием, Сенің дауысыңа құлақ асып, бізге бұйырған өсиеттеріңнің бәрін орындадым. 15Енді киелі тұрағың — көктен назар аударып, халқың Исраилді және ағы мен балы ағыл-тегіл осы елді жарылқай гөр! Оны ата-балаларымызға берген антыңа сай бізге табыстадың ғой.
Құдайдың заңдарын сақтап орындауды ескерту
16Құдайларың Жаратқан Ие бүгін сендерге осы ережелер мен шешімдерді орындауды бұйырып отыр. Сондықтан оларды шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен сақтап, орындайтын болыңдар! 17Жаратқан Иенің сендердің Құдайларың екенін#26:17 5:6; 6:4; Мыс 15:2; Жыр 47:15. бүгін антпен бекітесіңдер. Оның жолдарымен жүруге, ережелерін, өсиеттері мен шешімдерін орындап ұстануға және Оған мойынсұнуға уәде етесіңдер.#26:17 29:9-15. 18Жаратқан Ие Өзі уәде еткендей, сендерді бүгін Өзінің халқы әрі ерекше меншігі деп жариялап, сендерге өсиеттеген заңдарының бәрін орындап ұстануға тиіс екендеріңді айтып отыр. 19Осылай істесеңдер, Ол сендерді Өзі жаратқан барлық халықтардан атақ-даңқ пен салтанат жағынан жоғары етеді, әрі сендер Оның берген уәдесіне сәйкес Өзіне, Құдайларың Жаратқан Иеге, бағышталған қасиетті халқы боласыңдар.#26:19 7:6; 14:2; 28:9.
Currently Selected:
Заңды қайталау 26: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.