YouVersion Logo
Search Icon

Заңды қайталау 25

25
Әділет, әдептілік және адалдық
1Егер біреулердің арасында дау туса, олар сотқа барып жүгінсін. Төрешілер сол істің шешімін айтып, жазықсызды ақтап, айыптыны соттайды. 2Егер айыпты адамды дүре соғып жазалау керек болса, төреші дәл сол жерде оны жатқызып, дүре санын қылмысының ауырлығына сәйкес етіп өзінің көз алдында дүрелетсін.#25:2 Мыс 21:20; Нқл 10:13; 13:24. 3Бірақ дүренің саны қырықтан аспасын. Асып кетсе, бұл көз алдарыңда бауырласыңның абыройын төгер еді.
4Астық бастырып жүрген өгіздің аузын бума.
5Егер бірге тұрып жатқан ағайындардың біреуі артынан бала қалдырмай өлсе, онда марқұмның жесірін сырт жаққа күйеуге бермеңдер. Марқұм күйеуінің аға-інілерінің бірі оған үйленіп, әмеңгерлік парызын өтесін. 6Сол әйелдің туған тұңғыш ұлы қайтыс болғанның баласы болып саналады. Осылайша марқұмның есімі Исраил халқынан өшірілмей сақталып қалады.#25:6 Рут 4:5-6.
7Егер сол кісі ағайынының әйеліне үйленгісі келмесе, онда әйел қала қақпасының маңында жиналатын ақсақалдардың алдына барып, былай десін: «Марқұм күйеуімнің ағайыны оның есімін Исраилден өшіп кетуден сақтағысы келмей, өзінің әмеңгерлік парызын өтеуден бас тартады». 8Сол туысқан тұрып жатқан қаланың ақсақалдары оны шақыртып, өзімен сөйлессін. Егер ол ойынан қайтпай, «үйленбеймін» деуін қоймаса, 9марқұмның әйелі ақсақалдардың көзінше оған жақындап келсін де, оның аяғындағы аяқкиімінің біреуін шешіп алып, бетіне түкіріп, «Өзінің қайтыс болған ағайынының есімін өшірмей сақтап қалғысы келмейтін адамға осылай істеледі» десін.#25:9 Рут 4:7-8. 10Бұдан кейін сол адамның әулеті Исраилде «Аяқкиімі шешілгеннің әулеті» деп аталатын болады.
11Екі адам төбелесіп қалып, солардың біреуінің әйелі күйеуін ұрып жатқан қарсыласынан құтқарғысы келіп, соның жыныс мүшесінен шап беріп ұстап алса, 12сол әйелді аяп-мүсіркемей, қолын кесіп тастаңдар!
13Қалтаңда бірдей мөлшерде болғанмен біреуі жеңілірек, басқасы ауырырақ екі түрлі кір тастары болмасын!#25:13 (Леу 19:35-37; Нқл 11:1; 16:11; 20:10,23; Езк 45:10; Мих 6:11) Алдамшылар кір тастарының ауырырағын өздері сатып алу үшін, ал жеңілірегін тауарларын сату үшін қолданатын. 14Үйіңде бірдей мөлшерде болғанмен біреуі үлкенірек, басқасы кішірек екі түрлі өлшейтін ыдыс та болмасын! 15Кір тастарың да, өлшейтін ыдыстарың да дәл әрі дұрыс болуға тиіс. Сонда Құдай Иелерің сендерге табыстап отырған елінде ұзақ өмір сүретін боласыңдар. 16Өйткені Құдай Ие адамдарды осылай алдайтын әркімді жек көреді.
17Мысыр елінен шығып келе жатқандарыңда амалектіктердің сендерге не істегендерін естеріңнен шығармаңдар: 18сендер қажып-талып көшіп келе жатқандарыңда олар сендерді қарсылап, артта қалып қойғандарыңның бәріне тап берген еді ғой.#25:18 Мыс 17:8-15; Рул 24:20. Олар Құдайды еш қастерлемеді әрі Одан қорыққан да жоқ. 19Сондықтан Құдайларың Жаратқан Ие сендерге иемденуге беріп отырған елінде айналаларыңдағы барлық жаулардан тыныштық сыйлағаннан кейін Амалектің атын аспан астындағы дүниеден өшіріп тастауларың қажет.#25:19 Зорлықшыл мұны ұмытпаңдар!

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in