Заңды қайталау 24
24
1Егер біреу үйленіп, кейін әйелінің бір масқарасын ашып, оны жақтырмай кетсе және оған ажырасу қағазын жазып беріп, үйінен шығарып жіберсе, 2ал әйел сол үйінен кеткеннен кейін басқа біреуге тұрмысқа шығып, 3айталық, екінші күйеуі де оны жаратпай, ажырасу қағазын жазып беріп, үйінен шығарып жіберсе я болмаса қайтыс болса, 4онда бірінші күйеуінің сол әйелге қайтадан үйленуіне болмайды. Өйткені әйел бірінші күйеуі үшін арамданған болып саналады. Бұндай әрекетті Жаратқан Ие әбден жек көреді. Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе мұралық меншікке табыстап отырған елін осылай істеп күнәмен масқараламаңдар!#24:4 21:23; Леу 18:24.
5Жақында ғана үйленген адамды соғысқа жіберуге немесе басқа бір іске шақыруға болмайды. Ол бір жыл бойы үйінде болып, жаңадан үйленген әйелін бақытты етуі керек.#24:5 20:7; Нқл 5:18; Уағ 9:9.
6Ешкім де кепілдікке не қол диірменді, не оның үстіңгі тасын алмасын! Бұл оның иесінің жанын кепілдікке алумен бірдей.
7Егер біреу ұлттас бауырласын өзіне басыбайлы қызметші ету немесе оны сатып жіберу үшін ұрлап жатқан жерінде қолға түссе, сол кісі ұрлаушыны өлтіру керек. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар!
8Алапес (сияқты жұқпалы тері) ауруларынан сақ болып, леуілік діни қызметкерлер не айтса, соны орындаңдар! Мен оларға берген нұсқауларды мұқият жүзеге асырыңдар. 9Құдайларың Жаратқан Иенің сендер Мысырдан шығып келе жатқан кезде Мәриямға не істегенін#24:9 Рул 5:2; 12:10,15. естеріңнен шығармаңдар.
Мейірімділік пен әділдік
10Маңайыңдағы адамға қандай да бір нәрсені қарызға бергенде, соның кепілдігін алу үшін үйіне баса көктеп кірме. 11Сыртта күте тұр. Ана кісі үйіне кіріп, кепілдігін өзі алып шықсын. 12Егер сол адам кедей болса, оның кепілдігін түнде өзіңде қалдырма. 13Күн батарда кепілдікке алған шапанын өзіне қайтарып бер, сонда ол шапанын жамылып, саған рақметін айтады.#24:13 Мыс 22:26-27. Осылай істегеніңді Құдай Иең әділ іс деп ұнатады.
14Жоқшылықта өмір сүрген жалданушыларыңды, олар не исраилдік, не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттық болсын, еш жәбірлеме! 15Күн сайын оларға жалақыларын кеш түспей тұрып төлеуші бол.#24:15 Леу 19:13; Нқл 3:27-28. Өйткені олар кедей, күнделікті күнкөрісі үшін соған қарап отыр ғой. Әйтпесе, олар Жаратқан Иеге сенің үстіңнен шағымданып, Оның алдында күнәлі болып қаласың.
16Не балаларының істері үшін әкелерін, не әкелерінің істері үшін балаларын өлімге кесуге болмайды. Әркім тек өз қылмысы үшін ғана өлімге кесіледі.#24:16 Пат4 14:5-6; Шеж2 25:4; Езк 18:20.
17Жат жұрттықты да, жетімді де құқықтарынан айырма! Қарыздар жесірдің киім-кешегін кепілдікке алма! 18Мынаны естеріңнен шығармаңдар: өздерің Мысыр елінде құлдықта болдыңдар, ал Құдайларың Жаратқан Ие сендерді сол жақтан құтқарып алды ғой. Сондықтан да сендерге осы өсиетті беріп отырмын.
19Егістігіңнен өніміңді жинап жатқанда, масақтың бір бумасын ұмытып кетсең, оны алу үшін қайтып барма. Соны жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге қалдыр!#24:19 Леу 19:9-10; 23:22; Рут 2:16. Сонда Құдай Иең қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады. 20Зәйтүн ағашыңның жемістерін қаққанда да қалып қойған жемістерді қайта қағушы болма. Оларды жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге қалдыр! 21Сондай-ақ жүзімдігіңнің жемістерін жинағанда да қалып қойғандарын қайта барып жинамай-ақ қой. Оларды жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге қалдыр! 22Мынаны естеріңнен шығармаңдар: өздерің де Мысыр елінде құлдықта болдыңдар. Сондықтан да сендерге осы өсиетті беріп отырмын.
Currently Selected:
Заңды қайталау 24: КК 2010
Highlight
Share
Copy
![None](/_next/image?url=https%3A%2F%2Fimageproxy.youversionapi.com%2F58%2Fhttps%3A%2F%2Fweb-assets.youversion.com%2Fapp-icons%2Fen.png&w=128&q=75)
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.