YouVersion Logo
Search Icon

Заңды қайталау 23

23
Исраил жамағатының қатарында бола алмайтындар
1Аталық безі#23:1 Яки: ұрық безі. (Леу 21:20; Иш 56:3-5-те осы ереже өзгертілді.) езіліп не жыныс мүшесі кесіліп тасталған ешбір еркек Жаратқан Иенің жамағатының қатарында бола алмайды. 2Тыйым салынған некеден туған ешкім де Жаратқан Иенің жамағатының қатарында бола алмайды. Тіпті одан кейінгі оныншы буынның ұрпағы да оған ене алмайды.
3Ешбір аммондық не моабтықтың Жаратқан Иенің жамағатына енуіне болмайды. Тіпті оныншы буынның ұрпағы да оған ене алмайды.#23:3 Нех 2:10; 4:1-3,7,13:1-2; Иш 56:3,6-7. 4Себебі сендер Мысыр елінен көшіп келе жатқан кездеріңде олар алдарыңнан нан мен су алып шығып қарсы алған жоқ. Керісінше, олар солтүстік Месопотамиядағы Петордан Беғор ұлы Балағамды сендерді қарғасын деп шақырып алып, жалдады.#23:4 Рул 22:5; 23:7. 5Алайда Құдайларың Жаратқан Ие сендерді сүйгендіктен Балағамның айтқанына құлақ аспай, қарғысты жарылқауға айналдырды. 6Өмір бойы олармен ынтымақтасып, игілік тілемеңдер.
7Ал едомдықтардан жиренбеңдер, олар сендердің бауырластарың. Мысырлықтардан да жиренбеңдер, олардың елінде жат жұрттық кірме болып тұрдыңдар. 8Олардан туған үшінші ұрпақтың Жаратқан Иенің жамағатының қатарына енуіне болады.
Тазалық, адалдық және адамгершілік
9Жауларыңа қарсы жорыққа аттанып, қос тіккен кездеріңде барлық арам нәрселерден аулақ болыңдар! 10Егер араларыңдағы бір адамның түнде шәуеті төгіліп, арамданып қалса, ол қостың сыртына шығып,#23:10 Яки: ол тұрақтың сыртына шығып. сол жерде қала берсін. 11Ол кеш түсе суға шомылсын, күн батқан соң қосқа қайтып кіруіне болады.
12Қостың сыртында дәретке отыратын жер белгілеңдер. 13Құрал-жабдықтарыңның арасында жер қазатын қалақша да болсын. Дәретке отырып болған соң шұңқыр қазып, нәжісті көміп тастаңдар. 14Өйткені Құдайларың Жаратқан Ие сендерді құтқарып, жауларыңды қолдарыңа тапсыру үшін қостарыңды аралап жүретін болады. Араларыңнан арам бір нәрсені байқап, сендерден кері бұрылып кетпеуі үшін, қостарыңның мүлтіксіз таза болуы қажет.
15Егер бір (жат жұрттық) адамның басыбайлы қызметшісі пана іздеп сендерге қашып келсе, оны қожайынына қайтарып бермеңдер. 16Сол босқын араларыңда ұнатқан жерінде, қалаған елді мекенінде тұрсын. Оған жәбір көрсетпеңдер!
17Исраилдік ешбір еркек не әйел (жалған тәңірге бағышталып) жезөкшелікпен айналысушы болмасын! 18Құдай Иеміздің киелі үйіне уәде еткен қандай да бір сый-тартуды өтеу үшін, жезөкше әйел не еркектің алған ақысын алып келмеңдер! Өйткені Құдай Ие сол екеуінің де қылықтарын әбден жек көреді.
19Берген қарызың үшін бауырласыңнан ешқандай өсім алма! Одан не ақшадан, не азық-түліктен, не қарызға беруге болатын басқа кез келген нәрседен болсын, өсім алушы болма. 20Жат жұрттыққа берген қарызыңнан өсім алуыңа болады, бірақ бауырласыңнан ешқандай өсім алуыңа болмайды. Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сендер еніп, иемденбекші болып отырған елде қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады.
21Құдай Иеңе қандай да бір ант берген болсаң,#23:21 Леу 7:16; 22:18. оны орындауды кешіктірме! Себебі Құдай Иең оны сенен талап ететін болады. Егер орындамасаң, Оның алдында күнәлі болып қаласың. 22Егер ант бермеген болсаң, күнәлі болмайсың. 23Ал аузыңнан шыққан уәделеріңнің бәрін орындауға мұқият бол, себебі сен Құдай Иеңе ерікті түрде өз аузыңмен ант бердің.
24Егер біреудің жүзімдігіне кірсең, сол жерде қалағаныңша жүзім жеуіңе болады. Бірақ одан ыдысыңа салып алып кетуші болма. 25Біреудің егістігіне кірсең, астықтың масағын қолыңмен үзіп жей аласың. Бірақ оны орақпен оруыңа болмайды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in