Заңды қайталау 28
28
Құдайға мойынсұнғандарға арналған он екі бата
1Сонымен сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ асып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған күллі өсиеттерін сақтап орындайтын болсаңдар, Ол сендерді жер бетіндегі барлық халықтардан жоғары қояды.#28:1 26:19; 28:13; Жыр 90:9-12,14. 2Иә, Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарын тыңдайтын болсаңдар, мына жарылқаулардың барлығы сендерге қонып, сендердікі болады:#28:2 28:12; Шеж2 31:10; Жыр 36:3-4; Мал 3:10.
3Қалада да, далада да жарылқаулы боласыңдар.
4Сендердің ұл-қыздарың, жерлеріңнің өнімдері, малдарыңның төлдері: табындағы бұзауларың мен отардағы қозы-лақтарың жарылқаулы болады.#28:4 7:13-14; Жар 22:17; 49:25; Леу 26:4,9; Жыр 106:37-38.
5Өнім жинайтын себеттерің мен қамыр ашытатын ыдыстарың да жарылқанады.
6Келіп-кету жолдарың да жарылқаулы болады.#28:6 Жыр 120:7-8.
7Жауларың сендерге қарсы көтерілсе, Жаратқан Ие оларды көз алдарыңда тізе бүктіреді. Олар сендерге қарсы бір жолмен аттанса, жеті жолмен кері қашады.
8Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе беріп жатқан елінде сендерді жарылқап, қамбаларыңа және қолға алған барлық іс-әрекеттеріңе ақ батасын жаудырады.
9Егер де Құдайларың Жаратқан Иенің өсиеттерін сақтап, Оның тура жолымен жүретін болсаңдар, онда Жаратқан Ие ант еткеніндей, сендерді Өзіне бағышталған қасиетті халқы етіп бекітеді.#28:9 7:6; Мал 3:17.
10Сонда жер бетіндегі күллі халықтар Жаратқан Иенің атымен аталғандарыңды көріп, сендерді қастерлеп, сендерден қаймығатын болады.#28:10 4:6-8; 11:25.
11Жаратқан Ие ата-бабаларыңа сендерге табыстауға ант еткен елінде әр түрлі игіліктерді молынан сыйламақ: сендердің ұл-қыздарыңа, малдарыңның төлдеріне, жеріңнің өніміне Ол ағыл-тегіл молшылық дарытады.
12Жаратқан Ие Өзінің «игілікті қазынасын», яғни «аспанның қақпаларын», ашып, еліңе мезгілінде жаңбыр жаудырып, қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады.#28:12 Леу 26:4; Мал 3:10-12.
Сендер көп халықтарға қарыз беріп, өздерің ешқайсысынан қарыз алмайсыңдар.
13Егер де Құдай Иелеріңнің өсиеттеріне құлақ асып, оларды сақтап орындайтын болсаңдар, онда Жаратқан Ие сендерді көштің аяғы емес, басы етеді. Сендер төменде емес, тек жоғарыда жүретін боласыңдар.#28:13 7:14.
14Сонымен, мен бүгін сендерге тапсырған өсиеттердің ешқайсысынан да не оңға, не солға бұрылмаңдар, әрі жалған тәңірлердің жолына түсіп, оларға құлшылық етпеңдер!
Келісімді бұзудан сақтандыру
15Алайда егер сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспай, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған Оның өсиеттері мен ережелерін сақтап орындамасаңдар, онда төмендегі барлық қарғыстарға ұшырайсыңдар:
16Қалада да, далада да қарғыс атқан боласыңдар.
17Өнім жинайтын себеттерің мен қамыр ашытатын ыдыстарыңды қарғыс атады.
18Сендердің ұл-қыздарыңды, жерлеріңнің өнімдерін, малдарыңның төлдерін: табындағы бұзауларың мен отардағы қозы-лақтарыңды қарғыс атады.
19Келіп-кету жолдарыңа да қарғыс тиеді.
20Сендер Өзінен бас тартып, зұлымдық жасағандықтан кенеттен құрып, жоқ болып кеткенше Жаратқан Ие сендердің қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді қарғысқа, абыржу мен табыссыздыққа ұшыратады.
21Сендер қазір кіріп, иемденгелі тұрған елден құрып кеткенше Жаратқан Ие сендерге індет жұқтырады. 22Жаратқан Ие сендерге өкпе ауруын жібереді, содан денелеріңнің ыстығы көтеріліп, қабына ауырасыңдар. Сонымен қатар, Ол сендерге аптап ыстық пен қуаңшылық жолдап,#28:22 Немесе: сендерге семсер (демек, соғыс) пен аңызақ жел жолдап. егістіктерің қурап, ал қурамағаны көгеріп-шіріп, өсімдік татынан да құрып кетпек. Сендер әбден жойылып бітпейінше осы апаттар арттарыңнан қалмайтын болады.
23Төбелеріңдегі аспан қолаға айналғандай, жаңбыр жаумайды, ал астарыңдағы жер темірдей қатайып, кеуіп қалады. 24Сендер жоқ болып құрып кеткенше Жаратқан Ие жерлеріңе аспаннан жаңбыр емес, шаң-тозаң жаудыратын болады.
25Жаратқан Ие сендерді жауларыңа жеңілдіреді. Оларға қарсы бір жолмен аттансаңдар, жеті жолмен кері қашатын боласыңдар. Жер бетіндегі барлық патшалықтар үшін қорқынышты көрініске айналасыңдар. 26Сендердің мәйіттерің аспандағы жыртқыш құстар мен жердегі аңдарға жем болады, оларды үркітіп жіберетін ешкім болмайды.#28:26 Ерм 7:33; 34:20.
27Жаратқан Ие сендерге мысырлық шиқандарды:#28:27 Мыс 9:3,9-10; 15:26. іріңді жара, қатерлі ісік, қышыма-қотырды жаппай жұқтырып, солардан жазыла алмайсыңдар.
28Сонымен қатар Жаратқан Ие сендерді ақыл-естеріңнен айырып,#28:28 28:34; Уағ 7:7; Ерм 25:15-16. соқыр қылып, абыржытатын болады. 29Соқырдың қараңғыда сипалағанындай, сендер тал түсте сипаланып қаласыңдар. Не істесеңдер де, істерің оңға баспайды. Ұдайы зорлық-зомбылық көріп, тоналасыңдар. Ал өздеріңді құтқаратын ешкім де болмайды.
30Құда түсіріп, айттырып қойған қалыңдықтарыңды бөтен біреулер алып, олармен жақындасады. Салған үйлеріңде өздерің тұра алмайсыңдар, отырғызған жүзімдіктеріңнің жемісін ешқашан жемейсіңдер. 31Жауларың мүйізді ірі қараларыңды көз алдарыңда сойып алып, сендерге бір түйір ет те татқызбайды. Есектеріңді айдап әкетіп, қайтарып бермейді, қой-ешкілерің де жауларыңның қолына беріледі. Ал оларды құтқарып, қайтарып беретін ешкім де болмайды. 32Ұл-қыздарың бөтен халыққа құлдыққа түсіп, қарсы тұруға әлдерің жетпейді. Қайтып келе ме деп, күн сайын қарай-қарай көздерің талады.
33Сендер бұрын білмеген жат жұрттық халық жерлеріңнің өнімін жеп, еткен еңбектеріңнің пайдасын көреді. Сендер өмір бойы қаналып, жәбір көретін боласыңдар. 34Осының бәрін өз көздеріңмен көргенде ақыл-естеріңнен айырыласыңдар.
35Жаратқан Ие тізелерің мен сандарыңа жаман алапес жұқтырып, ол басыңнан аяғыңа дейін тұла бойларыңа қаптап кетіп, содан сауыға алмайсыңдар.
36Жаратқан Ие өздеріңді де, билік жүргізуге өздерің таңдап алған патшаны да не сендер, не ата-бабаларың бұрын білмеген халықтың арасына айдатып жібереді. Сол жерде жалған тәңірлердің ағаштан, тастан жасалған мүсіндеріне құлшылық ететін боласыңдар. 37Жаратқан Ие сендерді бөтен халықтардың арасына айдатып жібергенде, олардың бәрі кешкен азаптарыңды көріп, шошынады. Сендерді мазаққа айналдырып, келекелейтін болады.
38Егістіктеріңе мол тұқым сепсеңдер де, шегіртке жайпап кететіндіктен өнімдерің аз болмақ. 39Жүзімдіктер отырғызып, өңдеп баптасаңдар да, құрт жалмап қоймайтындықтан олардан жиналатын жүзім болмай, шырынын іше алмайсыңдар. 40Бүкіл елдеріңде зәйтүн ағаштары өсіп тұрса да, жемісінің бәрі мерзімінен бұрын түсіп қалатындықтан, қолданатын зәйтүн майларың болмайды.
41Ұл-қыздарың туып-өскенмен, олар тұтқынға түскендіктен қастарыңда тұрмайды.
42Құжынап ұшып келген шегірткелер ағаштарыңды да, егістіктеріңнің өнімін де жалмап кетеді.
43Араларыңда тұратын жат жұрттықтардың жағдайы жоғарылап, сендер төмендей бересіңдер. 44Олар сендерге қарыз бере алып, өздерің оларға ешқандай қарыз бере алмайсыңдар. Олар көштің басы, сендер аяғы боласыңдар.
45Сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспай, Оның өсиеттері мен ережелерін сақтап орындамағандарыңа бола осы қарғыстардың бәрі бастарыңа түсіп, арттарыңнан қалмай қояды. Олар сендерді түбінде құртпай тынбайды. 46Осы апаттар сендерге және кейінгі ұрпақтарыңа Жаратқан Иенің қарғысы тигенінің белгісі болады. 47Өйткені сендер бар игіліктерге кенелген кездеріңде Құдайларың Жаратқан Иеге шат жүрекпен мойынсұнып, қуана қызмет етіп жүрмедіңдер. 48Сондықтан енді арып-ашып, шөлдеп, жалаңаш жүріп, қай нәрсеге де тарығып, Жаратқан Ие сендерге қарсы аттандырған жауларыңа қызмет ететін боласыңдар. Ол сендерді құртып жібергенше мойындарыңа құлдықтың «темір қамытын»#28:48 (Иш 47:6; Ерм 28:13-14) Яки: «Темір мойынтұрығын». салып қояды.
49Жаратқан Ие сендерге қарсы алыстан, тіпті жердің шетінен бір халықты төменге шүйілген бүркіттей аттандырып келтіреді. Сол халық сендер түсінбейтін бөтен тілде сөйлеп, 50айбарлы болып көрінеді. Олар кәріге құрмет, кішіге мейірім көрсетпейді. 51Сол халық сендерді құртып болғанша малдарыңның төлдерін, егістіктеріңнің өнімін жеп қояды да, астықтарыңды, жүзім шырындарың мен зәйтүн майларыңды, бұзауларың мен тоқтыларыңды түгел сендерден тартып ала береді. Осылайша сендер ойран боласыңдар. 52Дұшпандарың елдегі барлық қалаларыңды қоршап алып, олардағы сендер сенім артқан зәулім қамалдарыңды қиратады. Сонда жау Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе табыстаған еліндегі барлық қалаларыңды қоршап алып, сендерді қыспақтайтын болады.
53Жауларың қалаларыңды қоршап, қыспаққа алғанда сендер шексіз азап шеккендіктен, тіпті өздеріңнің туған балаларыңды, иә, Құдайларың Жаратқан Ие сендерге сыйлаған ұл-қыздарыңның етін жейтін боласыңдар!#28:53 28:18; Леу 26:29. 54Араларыңдағы ең нәзік жанды, сезімтал деген адамның өзі де енді бауырынан, отасқан әйелінен, тірі қалған балаларынан қызғанып, 55олардың ешқайсысына да өзі жеп отырған баласының етінен бір түйір де бермейді. Себебі жау барлық қалаларыңды жан-жақтан қоршап, бастарыңа ауыр азап тудырғандықтан одан басқа жейтін еш нәрселерің болмайды. 56Араларыңдағы ең нәзік жанды, сезімтал, талғампаздығы мен ақсаусақтығы сондай, аяғын жерге тигізбей жүріп келген әйел енді отасқан сүйікті күйеуінен, туған ұл-қызынан қызғанып, 57жаңа туған нәрестесі мен баланың жолдасын кейін жеу үшін тығып қояды. Себебі жау барлық қалаларыңды жан-жақтан қоршап, бастарыңа ауыр азап тудырғандықтан одан басқа жейтін еш нәрселерің болмайды.
58Сонымен, егер сендер осы кітапта жазылған Таурат заңының барлық ережелерін сақтап орындамасаңдар, әрі Құдай Иелеріңнің ұлы да айбынды атына мойынсұнып, Оны құрметтемесеңдер,#28:58 6:13; Мыс 3:14-15; 34:5-7; Жыр 71:18-19; 82:18-19. 59онда Жаратқан Ие сендерді және кейінгі ұрпақтарыңды сұрапыл азаптарға ұшыратып, ұзаққа созылатын ауыр індеттерді, қорқынышты да созылмалы ауру-сырқауларды жібереді. 60Осылай Ол сендер Мысырда жүргенде қатты қорқатын індеттердің#28:60 28:27. бәрін де жібереді. Солар сендерге ұзақ уақытқа жабысады. 61Бұларға қоса, Жаратқан Ие осы Таурат заңы кітабында айтылмаған басқа да көптеген ауру-сырқаулар мен індеттерді сендер әбден құрып біткенше жіберіп отырады.
62Бір кезде сендердің сандарың аспандағы жұлдыздай көп болғанмен, сендерден азғана адамдарың тірі қалатын болады, себебі Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспадыңдар.
63Бұрын Жаратқан Ие сендерге жақсылық жасауды, сандарыңды көбейтуді қалай ұнатқан болса, енді Ол сендерді құртып, жоқ қылуды да солай ұнататын болады. Осылай сендер қазір кіріп, иемденгелі тұрған елдеріңнен түпкілікті аластатыласыңдар.
64Сонымен қатар, Жаратқан Ие сендерді барлық халықтардың арасына шашыратып, жер бетінің бір шетінен келесі шетіне дейін бытыратып жібереді. Сол жерлерде сендер өздерің де, ата-бабаларың да еш білмеген бөгде тәңірлерге: ағаштан, тастан жасалған тәңірсымақтарға құлшылық ететін боласыңдар.#28:64 4:28; 28:36; Ерм 16:13.
65Сендерге сол халықтардың арасында да тыныштық болмайды. Аяқтарың дамыл таппай ел кезетін боласыңдар. Жаратқан Ие сендерге дірілдеп үрейленген жүрек, көз жасын төгіп, көруден қалған көз және үміті үзіліп торыққан көңіл береді. 66Өмірлерің қыл үстінде тұрып, күні-түні елегізіп қорқатын боласыңдар, амандықтарыңа сенімдерің болмайды. 67Айналаларыңда болып жатқан нәрселерді көріп, жүректеріңді қорқыныш жайлап, таңертең: «Тезірек кеш батса екен!», ал кеште: «Тезірек таң атса екен!» деп тілейтін боласыңдар.
68Мен сендерге: «Енді бұдан былай бұл жолды ешқашан да қайтып көрмейсіңдер!» деген едім,#28:68 17:16; Мыс 6:6-8; 14:13; 19:4; 23:20. бірақ Жаратқан Ие сендерді кемемен дәл сол жаққа: Мысыр еліне қайтадан жібереді. Сол жерде дұшпандарыңа құл не күң ретінде сатылмақ болсаңдар да, сендерді сатып алатын ешкім болмайды.
Currently Selected:
Заңды қайталау 28: КК 2010
Highlight
Share
Copy
![None](/_next/image?url=https%3A%2F%2Fimageproxy.youversionapi.com%2F58%2Fhttps%3A%2F%2Fweb-assets.youversion.com%2Fapp-icons%2Fen.png&w=128&q=75)
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.