YouVersion Logo
Search Icon

Заңды қайталау 29

29
Келісімнің қайта бекітілуі
1Бұлар Жаратқан Иенің (Өзінің атынан) Мұсаға Моаб елінде Исраилдің руларымен жасатқан Келісімінің шарттары. Осы Келісімді Жаратқан Ие (Синай түбегіндегі) Хориб тауында жасаған Келісімге#29:1 Мыс 19:3-5; 24:2-8. қоса жасауды бұйырды.
2Мұса бүкіл Исраил халқын шақырып алып, оларға былай деді: «Мысыр елінде Жаратқан Иенің перғауынға, оның барлық нөкерлері мен бүкіл еліне істегендерін түгел көрдіңдер. 3Жаратқан Иенің соларды өткізген алапат сынақтарын,#29:3 4:34; 7:19. Оның құдіретті істер жасап, Өзінің шынайы Құдай екендігін дәлелдейтін кереметтерін#29:3 6:22; Мыс 7:3. көздеріңмен көргенсіңдер. 4Сонда да Жаратқан Ие сендерге осы күнге дейін (Өзінің еркін) ұғатын ақыл-сана,#29:4 Яки: жүрек (Езк 11:19; 36:26). (шындығын) көретін көз, (айтқандарын) тыңдайтын құлақ сыйлаған емес.#29:4 Нқл 20:12; Иш 6:9-10; Езк 12:2. 5Қырық жыл бойы сендерді иен далада бастап жүрдім. Сонда киім-кешектерің де, аяқкиімдерің де тозып қалған емес. 6Сендердің жейтін нандарың, ішетін жүзім шырыны мен ашытылған сусындарың болмай, (Оның Өзі сендерді тамақтандырды).#29:6 8:3; Мыс 16:12,35; Рул 20:8. Осылайша сендер Оның Құдайларың Жаратқан Ие екенін біле алдыңдар.
7Осы жерге келген кезімізде Хешебонның патшасы Сихон мен Башанның патшасы Ог бізбен айқасқа шықты. Бірақ біз оларды жеңіп, 8жерлерін иемденіп, Рубен, Ғад руларына және Манаса руының жартысына мұралық меншікке бердік.#29:8 3:12-13; Рул 32:33.
9Енді осы Келісімнің шарттарын орындап сақтаңдар, сонда күллі іс-әрекеттеріңде табысты боласыңдар. 10Бүгін бәрің де Құдайларың Жаратқан Иенің алдында тұрсыңдар: рубасыларың, ақсақалдарың және басқарушыларыңмен бірге Исраилдің басқа да барлық адамдары, 11бала-шағаларың, әйелдерің және қоныстарыңда өздеріңмен бірге тұрып, сендерге отын жарып, су таситын жат жұрттықтар. 12Сендер Құдайларың Жаратқан Иемен Келісім жасау үшін осы жерде тұрсыңдар. Жаратқан Ие оны бүгін сендермен жасап, антпен бекітеді. 13Өзі сендерге уәде беріп, ежелде ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа ант еткендей, сендердің (сиынатын жалғыз) Құдайларың болу үшін, Ол бүгін сендерді Өзінің меншікті халқы етіп бекітпек. 14Мен антпен бекітілген осы Келісімді сендер үшін ғана емес, 15бүгін осында бізбен бірге Құдайымыз Жаратқан Иенің алдында тұрып жатқандар әрі қазір арамызда жоқ, болашақта келер ұрпақтарың үшін де жасап отырмын.
Келісімге адал болуды ескерту
16Себебі сендер Мысырда қалай өмір сүргенімізді де, сол елден шығып, жау ұлттардың жерімен өтіп, осы жерге қалай жеткенімізді де білесіңдер. 17Олар ағаш, тас, күміс және алтыннан жасап алған, Құдайға әбден жек көрінішті тәңір мүсіндерін көрдіңдер. 18Араларыңда ешқашан бірде-бір еркек не әйел, әулет не ру Құдайымыз Жаратқан Иеден бас тартып, өзге халықтардың жалған тәңірлеріне құлшылық етуге бет бұрмасын! Ондай әрекет көктеп, қаулап өсіп, ащы да улы жеміс беретін тамырға ұқсап, бақытсыздық пен апат әкелмек.#29:18 Яки: Араларыңда улы жеміс пен жусан беретін тамырдың болмауы керек (Нқл 5:4; Ерм 9:15; Евр 12:15). 19Яғни, осы қарғыспен байланған анттың сөздерін естігенде іштей мақтанып,#29:19 Яки: осы қарғыстың сөздерін естігенде іштей оң батаның сөзін айтып. «Өз жүрегімнің қалауымен жүрсем де, аман-есен боламын» деп ойлайтын ешкім де болмасын! Өйткені мұнысы сулы да, сусыз да өлкелерге бірдей апат әкелер еді. 20Жаратқан Ие мұндай зұлым адамды ешқашан да кешірмейді. Қайта, Оны сол кезде-ақ ашу кернеп, лаулаған қаһары сондай күнәкардың басына төгіледі. Осы кітапта жазылған қарғыстардың бәрі де оған тиіп, Жаратқан Ие оның атын аспан астындағылардың тізімінен өшіріп тастайды. 21Осы Таурат кітабында жазылған Келісімде белгіленген барлық қарғыстарға сәйкес, Жаратқан Ие сондай күнәкарларды Исраилдің күллі руларының ішінен аластатып, апат-кеселдерді дәл солардың бастарына төгіп, құртады.
22Сендердің ұл-қыздарың мен олардың болашақ ұрпақтары және алыс елдерден келген жат жұрттықтар елдеріңнің қаңырап бос тұрғанын, әрі Жаратқан Иенің сендерге ауру-індет жіберіп, қалжырап болдырғандарыңды көргенде былай дейтін болады: 23«Жаратқан Ие Содом, Ғомора, Адма және Себоим қалаларына қаһарын төгіп, құртып жіберген кездегідей,#29:23 Жар 19:24-25; 14:2; Ош 11:8-9; Амо 4:11. бүкіл елді өрт жайлап, күкірт пен тұз басады. Жерге еш нәрсе себілмейді де, еш нәрсе көктеп, өсіп шықпайды да». 24Соны көріп, күллі халықтар да: «Жаратқан Ие неліктен осы елге мұны істеді екен? Неден оған қаһарын соншама төкті?» — деп сұрайтын болады.
25Сонда оларға мына жауап беріледі: «Бұл елдің адамдары өз ата-бабалары сиынған Құдай — Жаратқан Иенің Келісімінен бас тартты. Ол өздерін Мысырдан құтқарып алып шыққан кезінде сол Келісімді олармен жасаған болатын. 26Алайда олар өз беттерімен кетіп, бұрын танып-білмеген және Жаратқан Ие өздеріне белгілемеген (жалған) тәңірлерге бас ұрып, құлшылық ете бастады. 27Сондықтан да Жаратқан Иенің қаһары осы елге қарсы лаулап, Ол Таурат кітабында жазылған қарғыстардың бәрін олардың бастарына түсірді. 28Осылайша қатты ашуланып, қаһарын төге наразыланған Жаратқан Ие оларды туған елдерінен түп-тамырымен жұлып алып, бөтен елге лақтырып тастады. Күні бүгінге дейін олар сол жақта».
29Ашылмаған құпиялар Құдай Иеміздікі.#29:29 Әйүп 28:20-28; Жыр 24:14; Дан 2:18-19,22. Ал ашылғандары бізге және ұрпақтарымызға арналған. Сондықтан да біз осы Таурат заңының күллі ережелерін мәңгі бақи жүзеге асыруымыз керек.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in