YouVersion Logo
Search Icon

Елшіл. істері 25

25
Пауылдың римдік патша алдында сотталуын талап етуі
1Фест өзінің Яһудея аймағының әміршісі қызметіне кіріскеніне үш күн өткенде, Кесариядан Иерусалимге өрлеп барды. 2Иерусалимде оның алдына басты діни қызметкерлер мен басқа да беделді яһудилер келіп, Пауылға тағатын айыптарын айтып берді. 3Содан олар: «Пауылды Иерусалимге ауыстырып берсеңіз екен», — деп, әміршіден жақсылық жасауын сұрады. Өйткені олар жолда оған шабуыл жасап, өлтіртпек болды.#25:3 9:24; 23:12-15. 4Ал Фест Пауылдың қазір Кесариядағы түрмеде отырғанын, өзінің жақын арада сол жаққа қайта баратынын айтты. 5«Сондықтан орталарыңыздан өкілеттілер менімен бірге барып, егер жаңағы кісінің істеген қылмысы болса, оған сол жерде айып тағуларыңызға болады», — деп шешті.
6Фест солармен бірге шамамен сегіз-он күн Иерусалимде болған соң, Кесарияға қайтып келді де, бір күннен кейін соттың орындығына отырып, Пауылды алдыртты. 7Пауыл кірген соң, Иерусалимнен келген яһудилер оны қоршап алып, көптеген ауыр-ауыр айып тақты, бірақ оларын дәлелдей алмады. 8Ал Пауыл өзін ақтап сөйлеп былай деді:
— Мен не яһуди халқының заңына, не ғибадатханаға, не римдік патшаға қарсы ешқандай қылмыс жасаған жоқпын!
9Яһудилерге жағынғысы келген#25:9 24:27. Фест Пауылға жауап ретінде:
— Сен Иерусалимге барып, тағылған айып бойынша сол жерде менің көз алдымда сотталуға келісесің бе? — деген сұрақ қойды. 10Ал Пауыл:
— Мен мұнда Рим патшасы сотының алдында тұрмын, сондықтан осы жерде сотталуым керек. Яһудилерге ешқандай әділетсіздік істеген жоқпын, оны өзіңіз жақсы білесіз. 11Мен кінәлі болып, өлімге қиятындай қылмыс жасаған болсам, онда өлімнен бас тартпас едім. Ал егер мыналардың таққан кінәлары жазықсыз болса, онда ешкім мені бұлардың қолына ұстап бере алмайды. Римдік патша алдында сотталуымды талап етемін, — деп жауап қатты.
12Сонда Фест ақылшыларымен кеңесіп:
— Римдік патша алдында сотталуды талап еттің бе, ендеше патша алдына барасың! — деп шешті.
Әміршінің яһуди патшасымен Пауыл жайлы ақылдасуы
13Бірнеше күннен кейін әмірші Фестке сәлем беріп құттықтау үшін Агриппа патша#25:13 Ирод Агриппа І-нің (12:1-4,19-23) ұлы Агриппа ІІ патша Ғалилея аймағына және Переяның бір бөлігіне билік жүргізіп, Иерусалимдегі ғибадатхананың қорғаушысы да болатын. қарындасы Берникемен Кесарияға келді. 14Олар сонда бірнеше күн болған кезде, Фест Агриппа патшаға Пауылдың ісі туралы былай деп мәлімет берді:
— Осында Феликс түрмеде қалдырып кеткен бір кісі бар.#25:14 24:27. 15Мен Иерусалимде болған кезімде яһудилердің басты діни қызметкерлері мен рубасылары оған айып тағып, үкім шығаруымды сұрады. 16Мен оларға: «Айыпталушы айыптаушылармен кездеспей және өзін қорғауға мүмкіндігі болмай тұрып, адамды жазаға бұйыру римдіктердің салтына қайшы келеді», — деп жауап қаттым.
17Содан олар осы жерге келген соң, мен еш кешіктірмей келесі күні соттың орындығына отырып, әлгі кісіні алдырттым. 18Айыптаушылар шығып сөйлеп, оған қарсы мен күткендей ешқандай айып тақпай, 19олардың өз тәңіріне табынуларына қатысты мәселе бойынша, сондай-ақ өліп қалған, бірақ Пауыл «Ол тірі» деп нығарлап айтқан Иса есімді Біреу туралы айтысып қалды. 20Мен бұл мәселе жөнінде не істерімді білмей, Пауылдан: «Иерусалимге барып, сонда сотталуға келісесің бе?» — деп сұрадым. 21Бірақ ол өзінің ісін патша иеміз шешсін деп талап еткен соң, мен оны патшаға жібергенше түрмеде ұстауға бұйырдым. 22Сонда Агриппа:
— Ол кісіні тыңдағым келеді, — деді. Фест:
— Оны ертең-ақ тыңдайсыз, — деп жауап берді.
23Келесі күні Агриппа мен Бернике сән-салтанатпен сарайдағы қабылдау залына келді. Олармен бірге мыңбасылар және қаланың атақтылары болды. Әміршінің бұйрығымен Пауыл сол жерге әкелінді. 24Содан Фест сөз алып, былай деді:
— Агриппа патша және бізбен бірге отырған мырзалар!
Алдарыңызда Иерусалимдегі және осы жердегі бүкіл яһуди халқы тірі қалдырмау керек деп маған қатты дауыстап өтініш жасаған адам тұр. 25Ал мен оның өлім жазасына кесер қылмысы жоқ деп таптым. Бірақ өзі римдік патшаның сотын талап еткендіктен, оны соған жөнелтпек болып шештім. 26Ал енді, тақсыр иеге ол туралы жазатын нақты мәліметім жоқ. Сондықтан оны сіздердің алдарыңызға, әсіресе, өзіңізге, Агриппа патша, алдырып отырмын. Тергеу соңында мен қандай мәлімет жазып беретінімді білсем деймін. 27Тұтқынды айыбын көрсетпей Римге жіберу, менің ойымша, ақылға сыймайтын іс.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in