Елшіл. істері 24
24
Әмірші Феликстің алдындағы тергеу
1Бес күннен кейін бас діни қызметкер Анани бірнеше рубасылармен және Тертулла есімді сөзге шешен заң қызметкерімен бірге Пауылды әміршінің алдында айыптау үшін Кесарияға келді. 2Пауыл ішке шақырылғаннан кейін, Тертулла оған қарсы айыптау сөзін былай деп бастады:
3— Уа, жоғары мәртебелі әмірші Феликс! Сіздің қамқорлығыңыздың арқасында біздің ел бейбіт өмір сүріп, халқымыздың тұрмысы жақсара түсуде. Мұны әрқашан да және барлық жерде алғыс айта отырып мойындаймыз. 4Ал уақытыңызды босқа алмайын. Бізге мейірімділік көрсетіп, біразырақ уақыт сөзіме құлақ түруіңізді өтінемін. 5Біз мына кісіні індеттей қауіпті, дүние жүзіндегі яһудилердің ішінде бүлік бастаушы әрі «Назареттіктер»#24:5 2:22; 4:10; 22:8; Мат 2:23; Жох 19:19. деген діни бағыттың жетекшісі деп таптық. 6Ол тіпті ғибадатхананы арамдауға ұмтылған кезде оны ұстап алдық, (өз заңымыз бойынша соттамақ болдық. 7Бірақ мыңбасы Лүси оны үлкен зорлықпен қолымыздан тартып алып, өзіңізге жолдады да, 8айыптаушыларына сізге баруға бұйырды.) Тергеген кезде не үшін кінәлайтынымызды сіз оның өз аузынан естисіз.
9Яһуди басшылары да мұнымен келісіп, айыптауға қосылып, айтылғанның бәрін растады.
10Әміршінің берген белгісі бойынша, Пауыл жауап беріп былай деді:
— Сіздің көп жылдан бері осы елде сот екеніңізді білгендіктен, өзімді алдыңызда ақтай алатыныма қуанамын. 11Осыдан он екі күн бұрын ғибадат ету үшін Иерусалимге келгеніме өзіңіз көз жеткізе аласыз. 12Не ғибадатханада, не мәжілісханаларда, не қалада ешкім менің біреумен айтысып тұрғанымды, я болмаса, ел ішіне іріткі салып жүргенімді көрген емес. 13Айыптаушылар маған қазір таққан кінәларын еш дәлелдей алмайды. 14Бірақ мен ата-бабаларымыздың Құдайына олар діни бағыт деп атаған жол#24:14 (24:5) Яки: ілім (9:2; 22:4; 24:22). бойынша қызмет етіп, Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларындағылардың бәріне де сенетінімді мойындаймын. 15Құдай қиямет күні сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді деп күтіп,#24:15 Дан 12:2. мен де олар сияқты Оған үмітімді артамын. 16Сондықтан әрдайым Құдай алдында да, адам алдында да ар-ұжданымның таза болуы үшін ұмтылып келемін.
17Осы жолы Иерусалимге халқым үшін қайыр-садақа беріп, Құдайға құрбандық шалу мақсатымен, араға ұзақ жыл салып, келдім. 18Ғибадатханада тазару рәсімінен өтіп жатқан кезімде қасыма жиналған халық та, айқай-шу да болған жоқ. 19Ал Азия аймағынан келген бірнеше яһудилер сонда болды. Олардың маған тағатын айыбы болса, онда осы жерге сіздің алдыңызға келіп, мені айыптаулары керек еді. 20Я болмаса, мұнда отырған кісілер Жоғарғы кеңестің алдында айыпкер ретінде тұрғанымда менен қандай кінә тапқандарын айтсын. 21Мүмкін, менің кінәм сол жерде болғанда: «Өлгендердің қайта тірілуіне үміт етіп жүргенім үшін бүгін алдарыңызда сотталып жатырмын!» деп дауыстап айтқан сөзім болар.#24:21 23:6.
22Иеміздің жолы туралы жақсы білетін Феликс істің қаралуын басқа күнге ауыстырып: «Мәселелеріңді мыңбасы Лүси келгенде шешемін», — деді. 23Содан соң ол жүзбасына: «Пауылды қамап ұста, бірақ көбірек еркіндік бер! Жақындарының келіп, қамқорлық жасап тұруларына тыйым салма!» — деп бұйырды.
24Бірнеше күннен кейін Феликс Друзилла есімді яһуди әйелімен қайтып келді де, Пауылды шақыртып алып, Мәсіх Исаға сену туралы айтқандарын тыңдады. 25Бірақ Пауыл әділдік, ұстамдылық және болашақ қиямет соты туралы айта бастағанда, Феликс үрейленіп: «Енді бара бер, реті келгенде, сені тағы шақыртып аламын», — деді. 26Ол өзін босату үшін пара берер ме деп үміттеніп, Пауылды жиі-жиі алдыртып, сөйлесіп отырды.#24:26 24:2-3; Заң 16:19; Мар 6:20. 27Екі жылдан кейін әмірші Феликсті Порси Фест ауыстырды. Яһудилерге жағынғысы келген Феликс Пауылды түрмеден шығармай кетті.#24:27 12:3; Мар 15:15; Жох 19:12-16.
Currently Selected:
Елшіл. істері 24: КК 2010
Highlight
Share
Copy
![None](/_next/image?url=https%3A%2F%2Fimageproxy.youversionapi.com%2F58%2Fhttps%3A%2F%2Fweb-assets.youversion.com%2Fapp-icons%2Fen.png&w=128&q=75)
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.