Елшіл. істері 23
23
1Пауыл Жоғарғы кеңеске тіке қарап:
— Бауырластар! Бүгінге дейін мен Құдай алдында ар-ұжданым кіршіксіз таза өмір сүріп келдім, — деді. 2Ал бас діни қызметкер Анани Пауылдың қасында тұрғандарға оны аузынан ұруға бұйырды. 3Сонда Пауыл оған:
— Әктелген қабырға, сізді Құдай ұрады!#23:3 Балшықтан жасалған қабырғаны әктеп әдемілеп қоятыны сияқты, сол дінбасы да екі жүзді еді: сырт көзге әділ боп көрінгенмен, шындықты бағаламайтын (Мат 23:27; Жох 7:51; Леу 19:15). Пауылдың пайғамбарлық сөзі кейін бүлікшілер Ананиды өлтіргенде жүзеге асты. Осы жерде мені Таурат заңы бойынша соттау үшін отырғанмен, заңды бұзып мені ұрғыздыңыз, — деді. 4Қасында тұрғандар:
— Құдайдың бас діни қызметкеріне ұрсуға қалай батылың барады? — деп ескертті. 5Пауыл былай деп жауап берді:
— Бауырластар, оның бас діни қызметкер екенін білмедім!#23:5 Әскербасының бұйрығымен жедел шақырылған мәжілісте бас діни қызметкер ресми киім кимеген және арнайы орындығында отырмаған шығар. Шетелден қайтып келген Пауыл оны сондықтан танымай қалды. «Халқыңның басшысына балағат сөз айтпа!»#23:5 Мыс 22:28. деп (Тауратта) жазылған ғой.
6Жоғарғы кеңестің бір бөлігінің саддукейлер, ал қалғандарының парызшылдар#23:6 Саддукейлер (яки садықшылдар), парызшылдар (4:1; 5:17; 15:5; 23:8; Түсіндірмені де қараңыз). екенін білген Пауыл дауыстап:
— Бауырластар, мен парызшылмын, парызшылдар әулетіненмін де. Өлгендердің қайта тірілуіне үміт етіп жүргенім үшін сотталып жатырмын! — деді. 7Осы сөзден кейін парызшылдар мен саддукейлер айтысып қалды да, жиналғандар екіге бөлініп кетті. 8Себебі саддукейлер ешқандай қайта тірілу де, періштелер де, рухтар да жоқ десе,#23:8 Лұқ 20:27. парызшылдар бұлардың бәрін мойындайды. 9Жиналыс айқай-шуға ұласты. Парызшылдардың кейбір дін мұғалімдері орындарынан тұрып:
— Бұл кісіден ешқандай жамандық таппай тұрмыз. Оған бір рух немесе періште аян берген болса (біз Құдайға қарсы шықпаймыз)! — деп қызулана айтысты.
10Айтыс үлкен жанжалға айналып, мыңбасы олар Пауылды паршалап тастар деп қауіптенді. Содан ол жасақшыларға төмен түсіп, оны әлгілердің араларынан күшпен алып шығып, қамалға апаруға бұйырды.
11Сол түні Иеміз Пауылдың жанында пайда болып:#23:11 Немесе: Пауылдың қасында тұрып. «Батыл бол! Маған Иерусалимде куә болғаныңдай, Римде де куә болуға тиістісің», — деп аян берді.
Пауылға қарсы астыртын сөз байласу және оның Кесарияға апарылуы
12Келесі күні таңертең бірсыпыра яһудилер жасырын жиналып, Пауылды өлтірмейінше ешқандай нәр татпаймыз деп қарғанып ант берісті. 13Бұл ант байланысқан топта қырықтан аса адам бар еді. 14Олар басты діни қызметкерлер мен рубасыларына барып:
— Пауылды өлтіргенше нәр татпаймыз деп қарғанып ант берістік. 15Сонымен Жоғарғы кеңес ретінде мыңбасына хабарлап: «Пауылдың ісімен жақынырақ танысқымыз келеді» деген сылтаумен оны өздеріңізге әкелдіріңіздер. Ал біз оны осында жеткізбей жолшыбай өлтіруге дайын тұрамыз», — деді.
16Бұл қаскүнемдік туралы Пауылдың жиен інісі#23:16 Яки: Пауылдың әпкесінің не қарындасының баласы. біліп қойды. Ол қамалға кіріп, Пауылға барды да, осы туралы хабарлады. 17Пауыл бір жүзбасын шақырып алып, оған: «Мына жас жігітті мыңбасына апарыңызшы, оған айтатын хабары бар», — деді. 18Жүзбасы бозбаланы ертіп мыңбасына кіріп:
— Әлгі тұтқын Пауыл мені шақыртып алып, мына жас жігітті өзіңізге әкелуімді өтінді. Оның сізге айтатын бірдеңесі бар екен, — деді. 19Мыңбасы жігіттің қолынан ұстап, оңашаға шығарып:
— Маған не айтайын деп едің? — деп сұрады. 20Ол:
— Яһудилер өзара келісіп, Пауылдың ісін одан да мұқият тексеру сылтауымен оны ертең Жоғарғы кеңеске апаруыңызды сұрамақ. 21Ал сіз бұған келіспесеңіз игі болар еді. Өйткені олардың қырықтан аса адамы оны жол бойы торуылдап аңдып отырады. Бұлар Пауылды өлтірмейінше ешқандай нәр татпаймыз деп анттасты; енді келісіміңізді күтіп, дайын отыр, — деді. 22Мыңбасы жас жігітке ескертіп:
— Маған осыны айтқаның туралы ешкімге де тіс жарма! — деп қайтарып жіберді. 23Содан ол жүзбасылардың екеуін шақырып алып: «Кешкі сағат тоғызға екі жүз жауынгер, жетпіс атты әскер және екі жүз мергенді Кесарияға#23:23 Яғни римдік әміршінің тұрағына (8:40; 12:19; 23:24,33). баруға дайындаңдар! 24Пауылға мінуге көлік дайындап, әмірші Феликске аман-есен апару жағын қадағалаңдар!» — деп бұйырды. 25Содан соң төмендегідей хат жазды:
26«Жоғары мәртебелі әмірші Феликске Клауди Лүсиден сәлем!
27Мына кісіні яһудилер ұстап алып, өлтірейін деп жатқан сәтте мен оның Рим азаматы екенін біліп, жасақшылармен үстінен түсіп, құтқарып алдым. 28Не үшін айыптайтындарын білмек болып, оны солардың Жоғарғы кеңесіне алып бардым.
29Сонда аңғарғаным, олар мұны өз заңдары туралы даулы мәселелерге бола айыптайды екен. Бірақ оған өлім жазасына кесетіндей немесе түрмеге жабатындай ешбір кінә таққан жоқ. 30Мен оған қарсы астыртын әрекет ұйымдастырылғанын біліп қалып, оны дереу сізге жіберіп отырмын. Айыптаушыларға тағатын кінәларын өзіңізге апаруға бұйырдым. Қош-сау болыңыз!»
31Жасақшылар бұйрықты орындап, Пауылды сол түні Антипатрис#23:31 Ежелгі Әфек (Пат1 4:1). қаласына жеткізді. 32Келесі күні тұтқынды атты жасақпен әрі қарай жөнелтіп, өздері қамалға қайтып кетті. 33Кесария қаласына келісімен атты жасақ хатты тапсырып, Пауылды әміршіге табыс етті. 34Әмірші хатты оқып, Пауылдан қай аймақтан екенін сұрап, Кіликиядан екенін біліп алды:
35«Сені айыптаушыларың келгенде тергеймін», — деп шешіп, оны Ирод атындағы сарайда ұстауға бұйырды.
Currently Selected:
Елшіл. істері 23: КК 2010
Highlight
Share
Copy
![None](/_next/image?url=https%3A%2F%2Fimageproxy.youversionapi.com%2F58%2Fhttps%3A%2F%2Fweb-assets.youversion.com%2Fapp-icons%2Fen.png&w=128&q=75)
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.