Елшіл. істері 22
22
Пауылдың ғибадатхана алдында өз халқына арнаған сөзі
1— Уа, бауырластар және ақсақалдар! Өзімді алдарыңызда ақтайтын сөзіме құлақ салыңыздар! — 2Пауылдың еврейше сөйлегенін естігенде олар бұрынғыдан бетер тынышталып тыңдай қалды. Сонда Пауыл былай деді: 3— Мен яһудимін, Кіликияның Тарс қаласында тудым, ал осы қалада өсіп, атақты Гамалиелден тыңғылықты#22:3 Немесе: Гамалиелдің аяқ жағында отырып (5:34). тәлім алдым. Ата-бабаларымыздың Таурат заңын мұқият сақтай отырып, осы тұрған өздеріңіз сияқты Құдайдың құрметі үшін жан-тәніммен ұмтылдым.
4Сол жолға түскендерді#22:4 (8:3; 9:2; 22:19-20; 26:9-11) Яки: Сол ілімді ұстанушыларды. өлгендерінше қудаладым, оларды еркек болсын, әйел болсын шынжырмен бұғаулап, түрмеге жапқыздым. 5Бұл ісіме бас діни қызметкер мен бүкіл Ақсақалдар кеңесі куә. Мен солардан тіпті Дамаскідегі бауырларымызға арналған хат алып, сондағыларды тұтқындап, Иерусалимге айдап әкеліп, жазалау үшін сол жаққа бардым.
6Жолда Дамаскіге жақындап қалғанда, түске жақын кенеттен көз қарықтырар нұр маған көктен сәулесін шашып жіберді.#22:6 9:3; 22:11; Лұқ 2:9. 7Содан жерге құлап түскенімде, маған: «Саул, Саул! Мені неге қудалайсың?» — деген дауысты естідім. 8«Сен кімсің, Ием?» — деп сұрадым. Ол: «Мен сен қудалап жүрген назареттік Исамын#22:8 Яки: «Сен қудалап жүрген назареттік Иса Менмін» (9:4-5; 3:6; 26:15; Мат 2:23; 10:40; 25:40; Зәк 2:8; Қор1 12:27).», — деді. 9Қасымдағы серіктерім сәулені көрсе де, маған Сөйлегеннің даусын түсінбеді. 10Содан кейін мен: «Ием, не істеуім керек?» — деп сұрадым. Иеміз маған: «Орныңнан тұр да, Дамаскіге бар! Сол жерде Менің саған істеуге белгілеп қойғанымды айтады», — деді. 11Жарқ еткен нұрлы салтанаттан көзім қарығып соқыр болып қалғандықтан, серіктерім мені қолымнан жетектеп жүрді. Осылайша Дамаскіге жеттім.
12Сол жерде Анани деген біреу қасыма келді. Өзі Таурат заңын мұқият ұстанатын, қаладағы барлық яһудилерге сыйлы кісі екен. 13Анани жақындап: «Саул бауырласым, көзің ашылсын!» — деді. Сол сәтте-ақ оны көрдім. 14Анани маған тағы былай деді: «Ата-бабаларымыздың Құдайы сені Өзінің еркін білсін, әділ Кісісін көріп, Соның аузынан шыққан сөзін естісін деп таңдап алған болатын. 15Өйткені сен барлық адамдарға көріп-естігенің туралы куә болып тұрасың. 16Енді нені тосып бөгеліп отырсың? Орныңнан тұрып, Иеміздің атын айтып сиынып, шомылдыру рәсімінен өтіп күнәларыңнан арыл!» — деді.
17Содан мен Иерусалимге қайтып келіп, ғибадатханада мінажат етіп тұрғанда, ерекше күйге еніп, 18Оны көрдім. Ол маған: «Тезірек Иерусалимнен кет, себебі олар сенің Мен туралы куәлігіңді қабылдамайды», — деді. 19Мен Оған: «Ием, Саған сенгендерді түрмеге жауып, мәжілісханаларда қамшылап соқтырған мен екенімді олар біледі. 20Сенің куәгерің Степанның қаны төгіліп жатқанда, мен оны өлтіргендерді жақтап, шапандарын күзетіп қастарында тұрдым ғой», — дедім. 21Ал Иеміз маған былай деді: «Жолға шық, мен сені алысқа жіберемін, басқа ұлттарға!»
22Жиналған халық осыған дейін Пауылды тыныш тыңдап тұрған еді. Бірақ ол соңғы сөздерін айтқанда, олар:
— Бұл адам жер бетінен құртылсын! Ол енді тірі жүрмесін! — деп айқайлап кетті.
23Олар осылайша шулап, шапандарын шешіп, шаңды аспанға атып жатқан кезде, 24мыңбасы Пауылды қамалға кіргізсін деп бұйырды. Оны қамшылап соғып, халық неге айқайлап қарсы болып жатқанын одан сұрастырып біліп алуға әмір етті. 25Жасақшылар оның аяқ-қолдарын байлап болып, қамшылайын деп жатқанда, қасында бақылап тұрған жүзбасынан Пауыл:
— Соттың үкімінсіз-ақ Римнің азаматын қамшылап соғуыңызға бола ма? — деп сұрады. 26Жүзбасы осыны естігенде, мыңбасына жүгіріп барып:
— Не істейін деп жатырсыз? Мына кісі Римнің азаматы екен! — деп мәлімдеді. 27Әскербасы Пауылға келіп:
— Айтшы, шынымен Римнің азаматысың ба? — деп сұрады. Ол:
— Иә, азаматымын, — деп жауап берді. 28Сонда мыңбасы:
— Мен осы азаматтығымды көп ақшаға сатып алдым, — деді.
— Ал мен туғаннан Римнің азаматымын, — деді Пауыл.
29Оны қинап тергемекші болғандар дереу әрірек шегініп тұрды. Пауылдың Рим азаматы екенін білгенде, оны байлатып тастаған мыңбасы да қорқып кетті.
Пауыл Жоғарғы кеңестің алдында
30Келесі күні әскербасы Пауылды босатып, яһудилердің оны не үшін айыптайтынын анық білу үшін басты діни қызметкерлер мен Жоғарғы кеңес жиналсын деп бұйырды. Содан кейін Пауылды қамалдан алдыртып, солардың алдына тұрғызып қойды.
Currently Selected:
Елшіл. істері 22: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.