Жохан 3

3
1Фарисейлердің арасында Нікөдем есімді бір адам болды, ол яһудейлердің басшысы болатын.
2Бірде ол түн ішінде Исаға келіп: -Ұстаз, біз Сенің Құдайдан келген Ұстаз екеніңді білеміз, өйткені Сен жасап жүрген осы кереметтерді ешкім де істей алмайды. Оны жасау үшін, Құдай Онымен бірге болуы керек, -деді Оған.
3Сонда Иса оған: -Мен саған шындықты, тек қана шындықты айтамын: кімде-кім жоғарыдан туылмаса, сол Құдайдың Патшалығын көре алмайды, -деп жауап берді.
4-Қарт адам қалай қайтадан туылады? -деп Нікөдем таңғалды. -Сонда қалай болмақ? Анасының құрсағына қайтадан еніп, сосын екінші рет қайта туылуы мүмкін бе? - деді.
5Иса оған: -Саған шындықты, тағы да шындықты айтамын: судан және Рухтан туылмаған әркім Құдайдың Патшалығына кіре алмайды,
6өйткені тәннен тән туады, ал Рухтан рух туады.
7Менің саған: «Сендер жоғарыдан туылуға тиіссіңдер», -дегеніме таңданба!
8Жел қалаған жағына соға береді. Оның гуілін ғана естисің, алайда оның қайдан келіп, қайда кететінін білмейсің. Рухтан туылған әркіммен де дәл солай болады, -деді.
9- Сонда бұл қалай болады? - деп сұрады Нікөдем.
10Иса оған: -Сен өзің Исраилдің ұстазы бола тұра, осыны да білмейсің бе? - деп жауап берді.
11Саған шындықты, тағы да шындықты айтайын: біз нені білсек, сол туралы айтып бере аламыз және нені көрсек, тек сол жайында куәлік береміз, алайда сендер біздің берген куәлігімізді қабылдамайсыңдар.
12Міне, Мен сендерге осы жерде болып жатқан нәрселер жайында айттым, бірақ сендер оған сенбедіңдер, ал егер Мен сендерге көктегі болып жатқан жағдай туралы айтатын болсам, оған қалай сенесіңдер?
13Көкке ешкім де көтерілген жоқ, көктен төменге түскентек Адамның Ұлы, Одан басқа ешкім де төмен түскен жоқ.
14Мұса шөл далада жыланды жоғары тік көтеріп, оны ағашқа қалай қадап қойған болса, Адамның Ұлын да дәл солай биікке тік көтеріп, қадап қою қажет болып тұр, міне,
15Соған сенген әркім мәңгілік өмірге ие болады.
16Өйткені Құдай осы әлемді ерекше сүйіспеншілікпен сүйгендіктен, Ол Өзінің жалғыз Ұлын берді, енді Соған сенген әркім өлмейді, керісінше, мәңгілік өмірге ие болады.
17Құдай Өзінің Ұлын осы әлемге жібергенде, Оны осы әлемді соттауға емес, қайта, осы әлем Сол арқылы құтқарылсын деп жіберген болатын.
18Оған сенген әркім енді сотталмайды, Оған сенбегендер әлдеқашан сотталған, өйткені олар Құдайдын жалғыз Ұлының атына сенген жоқ.
19Соттың мағынасы осы әлемге жарқыраған Жарықтың келгенін, бірақ адамдар сол Жарықтан гөрі түнекті көбірек жақсы көргенін, олардың жасаған іс-әрекеттері зұлымдыққа толы болғанын білдіреді.
20Сондықтан кімде-кім жаманшылық істейтін болса, сол Жарықты жек көргені, себебі жасаған істері әшкереленіп қалмасын деп, ол жарыққа жақындамайды.
21Жарыққа тек шындықты орындап, соны іске асырып жүргендер ғана келеді, өйткені олар өздерінің жасаған істерін Құдайға ұнайтындай етіп, жасырмай, ашық істейді. Шындыққа сай өмір сүретіндер өздерінің істерінің Құдайға мойынсұнудан болғанын анық көрсету үшін, Жарыққа жақындайды.
22Осыдан кейін Иса шәкірттерімен бірге Яhудея жеріне келді. Сол жерде Ол шәкірттерімен бірге болып, адамдарды батырып су шомылдыруынан өткізді.
23Салимге жақын орналасқан Енонда Жақия да басқаларды батырып су шомылдыруынан өткізіп жүрген болатын, өйткені сол жердің суы өте мол еді, адамдар сонда батырып су шомылдырудан өтті.
24Бұл кезде Жақия әлі де абақтыға қамалмаған еді.
25Сол арада Жақияның шәкірттері мен яһудейлер бірбірімен тазалану жайында қызу айтысып қалды.
26Содан кейін олар Жақияға келіп: -Ұстаз, Иорданның арғы бетінде Өзіңмен бірге болған әрі өзің Ол туралы кулік берген сол Адам да батырып су шомылдыруынан өткізіп жүр екен. Көріп тұрған шығарсың, бәрі Соған барып жатыр, - деді.
27Сонда Жақия оларға: -Егер адамға Көктен берілмесе, ол еш нәрсе де ала алмайды, - деп жауап берді.
28Мен Мәсіх емеспін, алайда мен Оның алдынан жіберілген елші екенімді айтқан кезде, мына тұрған өздерің де соған куә болдыңдар.
29Қалыңдығың бар болса, күйеу жігітсің. Сол күйеу жігіттің досы оның қасында тұрып, даусын естіген сәтте зор қуанышқа бөленеді. Сол сияқты, міне, менің де мол қуанышқа кенелетін әрі соның орындалатын сәті келді.
30Енді Оған жоғарылап өсу керек, ал менің кішірейіп, төмен түсуім қажет.
31Ол Жоғарыдан келгендіктен, Ол бәрінен де жоғары, ал жердің тұрғыны жердікі, сондықтан ол тек жерге байланысты болған жағдайларды сөйлейді. Көктен Келген Ол бәрінен де жоғары!
32Ол Көкте не көріп, не естісе, соны куәлік ретінде айтып тұр.Ол Көкте көргені мен естігенін куәлік ретінде айтады, бірақ Оның куәлігін ешкім қабылдамайды.
33Ал Оның куәлігін қабылдағандар Құдайдың шындық екеніне көздері жетіп, куәлік етеді.
34Себебі Құдай Кімді жіберсе, тек Сол ғана Құдайдың сөзін айта алады, сондықтан Құдай Оған Өзінің Рухын шексіз беріп қойған.
35Әкесі Ұлын сүйеді, сондықтан Ол Оның қолына барлығын беріп қойды.
36Сол Ұлға сенген (әркім) мәңгілік өмірге ие болады, ал кім Ұлға мойынсынбаса, сол мәңгілік өмірді көрмейді, өйткені Құдайдың қаһары оның үстінен әлі түскен жоқ.

Айни замон обунашуда:

Жохан 3: ZO

Лаҳзаҳои махсус

Паҳн кунед

Нусха

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in