Жохан 2
2
1Үшінші күні Ғалилея аймағындағы Кана атты қалада үйлену тойы болды, сол жерге Исаның анасы да барды.
2Үйлену тойына Исаның Өзі де, сонымен қатар, Оның шәкірттері де шақырылды.
3Бір мезгілде олардың шараптары таусылып қалды, сонда Исаның анасы Оған: -Шараптары таусылып қалды, -деді.
4Сонда Иса анасына: -Анашым, мұның Маған және саған қатысы бар ма? Менің уақытым әлі келген жоқ, -деді.
5Алайда Исаның анасы сондағы қызметшілерге: -Ол сендерге не айтса, соны орындаңдар! - деді.
6Сол жерде яһудейлер өздерінің салт-дәстүрлеріне байланысты тазару рәсіміне арнайы қолданатын, әрқайсысына кем дегенде екі-үш мөлшердей су сиятын алты тас күбі тұрған болатын.
7Сонда Иса оларға: -Мына күбілерді суға толтырыңдар! -деді. Олар сол күбілерді жоғарғы ернеулеріне дейін толтырды.
8Одан кейін Иса оларға: -Енді ыдысты күбіге батырып алып, той басқарушыға апарып беріңдер, -деді. Олар солай істеді де, апарып берді.
9Той басқарушы шарапқа айналған судың дәмін татып көреді, бірақ бұл шараптың қалай, неден жасалғанын білмейтін, оны тек ыдысты батырып алып, толтырған қызметшілер ғана білетін. Сонда той басқарушысы күйеу жігітті өзіне шақыртып алады.
10Содан кейін оған: -Кез-келген адам ең алдымен жақсы шарабын қояды, ал қонақтар масайған кезде шараптың нашарын береді. Сен болсаң, жақсы шарапты осы кезге дейін сақтап қойыпсың, - деді.
11Бұл Исаның Ғалилеяның Кана қаласында жасаған алғашқы кереметтерінің бірі болатын, осы арқылы Ол Өзінің даңқын көрсетті, ал шәкірттері Оған сенді.
12Осыдан кейін Иса өзінің анасымен, бауырларымен және шәкірттерімен бірге Қапарнаумға келді, сол жерде олар бірнеше күнге қалатын болды.
13Яһудейлердің құтқарылу мейрамы жақындап қалғандықтан, Иса төменнен жоғары көтеріліп, Иерусалимге келді.
14Содан кейін Ол ғибадатханаға кірді, Ол сол жерде өгіздері мен қойларын, көгершіндерін сатып, ақша айырбастап отырғандарды көрді.
15Сонда Ол жіптен (арқаннан) қамшы жасап алды да, қой, өгіздерімен бірге олардың бәрін ғибадатханадан қуып шықты. Ақша айырбастаушылардың ұсақ ақшаларын шашып, олардың үстелдерін төңкеріп тастады.
16Сол жерде көгершін сатып отырғандарға: -Мыналарыңды бұл жерден алып кетіңдер! Менің Әкемнің үйін сауда орнына айналдырмаңдар! - деді.
17«Сенің үйіңе қатысты қызғаныштан Мен жапа шегемін», -деген Жазбадағы сөз сол сәтте шәкірттерінің есіне түседі.
18Яһудейлер Одан: -Мұны не үшін істедің? Осы ісіңмен бізге қандай белгі көрсетіп тұрсың? - деп сұрады.
19Иса оларға: -Мына киелі үйді бұзыңдар! Ал Мен оны үш күннің ішінде қайта тұрғызамын, - деді.
20-Осы киелі үйді қырық алты жыл бойы салды, Сен оны үш күнде қайта тұрғызбақсың ба? -деді яhудейлер Оған.
21Алайда Иса «киелі үй» деп, Өзінің денесі туралы айтқан болатын.
22Ол өлімнен қайта тірілген кезде, Оның осы айтқандарының бәрін шәкірттері естеріне түсіріп, Жазбада жазылғанға да, Исаның айтқан сөздеріне де сенді.
23Иса Иерусалимде болған Құтқарылу мейрамы кезінде, көптеген кереметтер жасады, соны көргендердің көбі Оған сенді.
24Бірақ Исаның Өзі оларға сенім артпады, өйткені Ол адамдарды өте жақсы білетін.
25Сондықтан адам жайында ешкімнің Өзіне куәлік беруіне Ол мұқтаж емес еді, себебі адамның ішкі жан дүниесінде не барын Ол өте жақсы білетін.
Айни замон обунашуда:
Жохан 2: ZO
Лаҳзаҳои махсус
Паҳн кунед
Нусха
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Association Bible Society of Kazakhstan, 2022-2023