Зәкәрия 4
4
Бесінші көрініс: алтын шам қойғыш пен екі зәйтүн ағашы
1Менімен сөйлескен періште қайтып келіп, мені оятқандай сілкіп қалды. 2Ол менен:
— Не көріп тұрсың? — деп сұрады. Мен жауап беріп былай дедім:
— Бір алтын шам қойғышты көріп тұрмын. Оның төбесінде майға арналған тостағаны және жеті май шамы әрі соларға байланған жеті түтікшесі бар.#4:2 (4:10) Немесе: жеті түтікшеден (және білтеден) бар. 3Сондай-ақ, майға арналған тостағанның оң және сол жақтарында тұрған екі зәйтүн ағашын көріп тұрмын.
4Мен өзіммен сөйлескен періштеден:
— Мырзам, бұлар не екен? — деп сұрадым. 5Ол маған:
— Бұлардың не екенін сен білмейтін бе едің? — деген сауал қойды. Мен оған:
— Жоқ, білмеймін, мырзам, — дедім. 6Ол маған былай деп түсіндірді:
— Жаратқан Иенің Зоробабелге арнаған сөзі мынау: Күш-қуатпен де емес, билік күшімен де емес, тек Менің Рухыммен ғана табысқа жетесің! — дейді Әлемнің Иесі. — 7Мына заңғар тау не өзі? Зоробабелдің алдында заңғар тау іспетті зор қиыншылықтар жазықтай тегіс болады. Зоробабел ғимараттың соңғы тасын#4:7 Яки: ғимараттағы бұрыштың басты тасын (Жыр 117:22-23). орнатқанда халық: «Нендей мейірім! Не деген рақым!» деп дауыстап мадақтайтын болады.
8Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап: 9«Осы киелі үйдің іргетасын Зоробабелдің өзі қалаған еді, оны бітіретін де өзі болады, — деді. — Осылайша Әлемнің Иесінің мені өздеріңе жібергенін анық білетін боласыңдар.
10Ұсақ-түйек істер істеліп үлгерілген күнді кім менсінбейді?#4:10 Кейбіреулер киелі үйді қалпына келтіру жұмысы енді басталған күнді менсінбеген еді (Хақ 2:3; Нех 4:2-4). Болашақта адамдар Зоробабелдің қолына тіктегішін алып, құрылысқа кіріскенін көрген кезде қуанатын болады. Ал әлгі жеті май шамы бүкіл жер бетіне көз салып бәрін де көріп тұратын Жаратқан Иенің «көздерін» білдіреді».#4:10 4:2; Шеж2 16:9; Нқл 15:3; Ерм 16:17.
11Мұнан кейін мен періштеден:
— Шам қойғыштың оң және сол жақтарындағы екі зәйтүн ағашы нені білдіреді? — деп сұрап, 12тағы да мына сауалды қойдым: — Алтын түсті зәйтүн майын шам қойғышқа қарай ағызатын екі алтын түтікшенің жанында екі зәйтүн бұтағы бар. Олар нені білдіреді? — 13Періште менен:
— Бұлардың не екендігін сен шынымен білмейсің бе? — деп сұрады. Мен:
— Жоқ, білмеймін, мырзам! — деп жауап бердім. 14Сонда ол маған:
— Құдай осы екеуін#4:14 Яғни Дәуіт патшаның ұрпағы Зоробабелді (4:9) және бас діни қызметкер Ешуаны (3:8). Өзіне, бүкіл жер бетінің Иесіне, қызмет етуге май жағу рәсімінен#4:14 Май жағу рәсімі: Мыс 29:7; 40:15; Пат1 16:13. Түсіндірмені де қараңыз. өткізіп тағайындап қойған, — деді.
Currently Selected:
Зәкәрия 4: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.