YouVersion Logo
Search Icon

Зәкәрия 5

5
Алтыншы көрініс: ұшып келе жатқан шиыршық кітап
1Мұнан кейін жоғары қарасам, бір шиыршық кітап ұшып бара жатыр екен. 2Періште менен:
— Не көріп тұрсың? — деп сұрады.
— Ұшып бара жатқан бір шиыршық кітапты көріп тұрмын. Оның ұзындығы жиырма шынтақ, ені он шынтақ, — деп жауап бердім. 3Сонда ол маған түсіндіріп былай деді:
— Осы кітапта жазылғаны — бүкіл жер бетіне таралып жатқан қарғыс. Қағаздың бір бетінде әрбір ұры, екінші бетінде әрбір өтірік ант етуші елден міндетті түрде аластатылады деген сөз жазылған.#5:3 Мыс 20:1-2,7,15-16; Нқл 29:24; 30:9; Заң 29:12-15,19-21.
4Әлемнің Иесі былай дейді:
— Мен осы қарғысты ұрылардың және Менің атымды атап өтірік ант етушілердің үйлеріне жіберемін. Ол солардың үйлерінің ішіне қонып, үйдің тастары мен бөренелерін тып-типыл қылып құртады.
Жетінші көрініс: үлкен ыдыс ішіндегі әйел
5Содан кейін менімен сөйлескен періште ілгері қарай шығып, былай деді:
— Басыңды көтеріп жоғары қара! Не жақындап келе жатыр? — 6Мен:
— Бұл не? — деп сұрадым. Періште маған түсіндіріп:
— Бұл — үлкен өлшеуіш ыдыс#5:6 Яки: ефа. (Ефа шамамен 22 л қамтитын өлшеуіш болатын, ал осындағы ыдыс содан көп үлкен болған болса керек.) — деді. Ол сөзін жалғастырып: — Ыдыс бүкіл елдің тұрғындарының жасаған қылмыстарының бейнесі, — деп қосты.
7Сонда ыдыстың қорғасын қақпағын ашып, қарасақ, ішінде бір әйел отыр екен! 8Періште:
— Бұл — заңсыздықтың бейнесі,#5:8 Құдайға бағынбаушылық пен заңсыздық астарлап неке адалдығын бұзу деп те аталады (Иш 1:19-21,23; 57:3-7). — деді де, әйелді ыдыстың ішіне итеріп жіберіп, қорғасын қақпағын тығыздап жауып қойды.
9Осыдан кейін тағы да қарасам, екі әйел қалықтап ұшып келе жатыр екен. Олардың аққұтанның қанаттарындай қанаттарынан жел есіп тұрды. Олар ыдысты аспан мен жердің арасына, әуеге көтеріп алып кетті.
10Мен өзіммен сөйлескен періштеден:
— Олар ыдысты қайда алып кетті? — деп сұрадым. 11Ол маған:
— Олар оны Бабыл еліндегі Шинар жазығына әкетті.#5:11 Шинар: Құдайға қарсы бас көтергендігімен әйгілі Бабыл қаласының төңірегіндегі аймақтың көне аты (Жар 11:1-9; Дан 1:2; Иш 47:1-6). Сол жерде оған ғибадатхана салып береді. Ол салынып, дайын болған кезде ыдысты сондағы арнаулы тұғырына қояды, — деп жауап берді.

Currently Selected:

Зәкәрия 5: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in