ইউভার্শন লোগো
সার্চ আইকন

Матай 8

8
1Иса таудан түскен кезде, Оның соңынан көп халық ілесті.
2Міне, Оған алапеспен ауыратын бір адам жақындап келіп, тағзым етті де: -Ием, егер қаласаңыз, мені тазарта аласыз! - деді.
3Сонда Ол қолын тигізді де: -Иә, тазарғаныңды қалаймын! - деді. Сол сәтте-ақ ол алапестен тазаланды.
4Иса оған: -Байқа, ешкімге айтпа, бірақ ғибадатхана қызметкерлеріне барып, өзіңді көрсет және Мұса белгілеп берген сыйды тарту ет, сол оларға куәлік болсын, - деді.
5Иса Қапарнаумға кірген кезде, Оған бір жүзбасы келіп, былай деп өтінді:
6-Ием, менің балам талма ауруына шалдығып, үйде қатты қиналып жатыр, - деді.
7- Мен барып сауықтырайын, - деді сонда Иса.
8Бірақ жүзбасы: -Ием, менің үйіме келуіңе лайық емеспін, бірақ бір сөз айтсаң болды, менің балам сауығып кетеді, - деді.
9Менің өзім де билік астындағы адаммын, өзіме бағынышты сарбаздарым бар. Біреуіне бар десем, барады, басқасына кел десем, келеді. Қызметшіме мынаны істе десем, соны істейді, - деді.
10Мұны естіген Иса таңғалып, соңынан еріп келе жатқандарға былай деді: -Сендерге шындығын айтамын: Мен осындай өте үлкен сенімді Исраилде көрген емеспін.
11Сендерге айтарым: шығыс пен батыстан келген көпшілік Ыбырайым, Ысқақ және Жақыппен бірге Көктегі Патшалықтың төріне жайғасатын болады.
12Ал патшалықтың ұлдары сырттағы қара түнекке қуылатын болады, сонда олар сол жерде жылап-еңіреп, өкінетін болады.
13Сонда Иса жүзбасыға: -Сеніміңе сай тілегенің орындалсын,бара бер, -деді. Бала сол сәтте сауығып кетті.
14Иса Петірдің үйіне келгенде, оның енесінің ыстығы көтеріліп, қиналып жатқанын көрді.
15Иса оның қолына қолын тигізген кезде, ыстығы басылды. Әйел орнынан тұрып, Оған қызмет етті.
16Кеш батқан кезде, Исаға көптеген жын соққан адамдарды алып келді. Ол сол рухтарды сөзбен қуып шығарып, барлық ауырған науқастарды сауықтырды.
17Осылай Ишая пайғамбар арқылы айтылған мына сөз орындалды: «Ол бізді әлсіздігімізден арылтып, ауруларымызды алып кетті».
18Иса көп халықтың маңайына жиналып қалғанын көрген соң, шәкірттеріне арғы жағаға өтуді бұйырды.
19Сол кезде Оған бір Заң оқытушысы келіп: -Ұстаз, Сен қайда барсаң, Мен Сенің соңыңнан еріп жүремін, - деді.
20Иса оған мынаны айтты: -Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар, алайда Адамның Ұлында бас тірейтін орын да жоқ.
21Исаның тағы басқа бір шәкірті: -Ием, ең алдымен, әкемді жерлеп келуге рұқсат берші, - деді.
22Иса оған: -Менің соңымнан ер, өлгендерді жерлеуді өлілердің өздеріне қалдыр, - деді.
23Содан кейін Ол қайыққа барып отырды, шәкірттері де Онымен бірге болды.
24Күтпеген жерден көл бетінде қатты дауыл тұрып, қатты толқындар қайықты ұрғылап, суға толтыра бастады. Иса сол кезде ұйықтап жатты.
25Сонда шәкірттері Оның қасына келіп оятты: -Ием! Құтқара гөр, құритын болдық! - деді.
26Сонда Иса: -Неден соншама қорқып тұрсыңдар, сенімі аздар-ай?! -деді. Ол орнынан тұрды да, жел мен дауылға бұйрық беріп, тыйым салды. Сол сәтте-ақ тыныштық орнады.
27Шәкірттері бұған қайран қалып: -Бұл Кім Өзі?! Тіпті, жел мен дауыл да Оған бағынады ғой! - десті.
28Иса көлдің арғы бетіндегі Ғадара жеріне келгенде, Оған қабірден шығып келе жатқан екі жын соққан адам кездесті. Олар өте қауіпті болғандықтан, сол жолмен ешкім жүрмейтін еді.
29Олар: -Құдайдың Ұлы, бізде нең бар? Сен осында бізді уақытынан бұрын құртып, азапқа салып, қинау үшін келдің бе? - деп айғайлады.
30Сол маңайда, олардан қашықтау жерде, бір топ шошқа жайылып жүрген болатын.
31Сонда жындар Исадан: -Егер бізді қуатын болсаң, анау шошқаларға жіберші! - деп жалынды.
32Иса оларға: -Барыңдар! -деді. Сонда жын әлгі адамнан шығып, шошқаларға енді. Шошқалар шыңғырып, көлге қарай бет алды, тік жардан құлап, суға құлап өлді.
33Шошқалардың бағушылары қалаға қашып, болған жағдайды және жын буған адаммен не болғанын түгел жеткізді.
34Міне, осы оқиғадан кейін бүкіл қала тұрғындары Исамен кездесуге шықты, Оны көрген соң, сол аймақтан кетуін өтінді.

বর্তমানে নির্বাচিত:

Матай 8: ZO

হাইলাইট

শেয়ার

কপি

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in