Матай 7
7
1Өздерің айыпталмауларың үшін, өзгелерді де айыптамаңдар.
2Себебі сендер басқаларды қалай айыптасаңдар, сендер де солай айыпталатын боласыңдар және қандай өлшемді қолдансаңдар, өздеріңе де сондай өлшем қолданылады.
3Неге өз бауырыңның көзіндегі жаңқаны көріп, ал өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?
4Немесе өз көзіңдегі бөренені байқамай тұрып, бауырыңа: «Кәне, сенің көзіңдегі жаңқаны алып тастайын», -деп қалай ғана айта аласың?
5Әй, екіжүзді, ең алдымен, өз көзіңдегі бөренені алып таста, содан кейін ғана бауырыңның көзіндегі жаңқаны қалай алып тастау керек екенін анық білетін боласың.
6Киелі деп санағандарыңды иттерге бермеңдер әрі інжумаржандарыңды шошқаның алдына тастамаңдар, әйтпесе олар аяқтарымен таптап, айналып келіп, сендерді жарып тастайды.
7Сұраңдар, сонда сендерге беріледі, іздеңдер, сонда табасыңдар, қағыңдар, сонда сендерге ашылады.
8Себебі сұраған әркім алады, іздейтін болса, табады, қағатын болса, ашылады.
9Сендердің араларыңда нан сұрап тұрған баласына тас беретін адам бар ма?
10Немесе балық сұраса, оған жылан ұстата ма?
11Өздерің зұлым бола тұра, балаларыңа жақсы сыйлар беру керектігін білесіңдер, алайда сендердің Көктегі Әкелерің Өзінен сұрағандарға одан да мол етіп бере алады.
12Сондықтан адамдар қалай да сендердің қалағандарыңды істесін десеңдер, сендер де олардың қалауына сай істеңдер. Себебі Таурат заңы мен пайғамбарлар жазбаларының негізі осыған бекітілген.
13Тар қақпадан кіріңдер, өлімге апаратын қақпа да, жолда кең, көп адамдар тек сонымен ғана жүреді.
14Өмірге апаратын қақпа да, жол да тар және оны табатындар аз.
15Сендер жалған пайғамбарлардан сақ болыңдар, олар қойдың терісін жамылып келеді, алайда олардың ішкі жан дүниесі жыртқыш қасқырға ұқсас болады.
16Сөйтіп, оларды жемістеріне қарап танып -білетін боласыңдар. Тікенді бұтадан жүзім, ошағаннан інжір жинай ма?
17Сонымен, әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс береді, шіріген, жаман ағаш жаман жеміс береді.
18Жақсы ағаш жаман жеміс, ал шіріген ағаш жақсы жеміс бере алмайды.
19Жақсы жеміс бермейтін әрбір ағаш шабылып, отқа тасталынады.
20Сондықтан да оларды жемістеріне қарап танып -білетін боласыңдар.
21Маған «Ием! Ием!» деп айтқан әркім емес, керісінше, Менің Көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Көктегі Патшалыққа кіретін болады.
22Сол күні көп адамдар Маған: «Ием, Ием! Сенің атыңмен пайғамбарлық сөздер айтып, Сенің атыңмен жындарды қуып шығарып, Сенің күшіңмен көп кереметтер жасадық емес пе?» - деп айтатын болады.
23Сонда Мен оларға: «Мен сендерді ешқашан танып-білген емеспін, Менен аулақ кетіңдер, заңсыз іс-әрекет жасағандар!» - деп оларға ашық айтатын боламын.
24Сондықтан кім Менің осы сөздеріме ден қойып, оны тыңдап, оларды іске асыратын болса, ол үйін жартасқа салған ақылды адамға ұқсайды.
25Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып, сол үйді соққылағанда, қирамай аман қалады, себебі оның негізі жартасқа қаланған болатын.
26Алайда Менің осы сөздерімді тыңдап, оларды іске асырмаған әркім үйін құмға тұрғызған ақымақ адамға ұқсайды.
27Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып, сол үйді соққылағанда, оның қирауы өте оңай болады.
28Иса сөздерін осылай аяқтаған кезде, сонда тұрған халық Оның тәліміне қайран қалды,
29себебі Ол Таурат заңын зерттеушілер сияқты емес,тәлімдерін ерекше бір билікпен үйретті.
বর্তমানে নির্বাচিত:
Матай 7: ZO
হাইলাইট
শেয়ার
কপি
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Association Bible Society of Kazakhstan, 2022-2023