YouVersion Logo
Search Icon

Матай 9

9
1Иса қайыққа отырды да, көлден өтіп, Өзі тұрған қалаға қайта оралды.
2Міне, Оған сал болып жатып қалған адамды төсенішімен көтеріп алып келеді. Сонда олардың сенімдерін көрген Иса әлгі ауру адамға: -Сенің күнәларың кешірілді, балам, жігерлен! - деді.
3Сонда кейбір Таурат заңын зерттеушілер іштерінен:«Ол Құдайға тіл тигізіп тұр ғой», - десті.
4Олардың ойларын біліп қойған Иса: -Неге сендер жүректеріңде жамандық ойлайсыңдар?
5Қайсысын айту оңай? «Сенің күнәларың кешірілді», -деп айту ма әлде: «Орныңнан тұр да, жүріп кет!» -деп айту ма?
6-Сендер Адамның Ұлында жер бетіндегі күнәларды кешіретін биліктің бар екенін білулерің үшін, -деді де сал адамға: -Орныңнан тұр да, төсенішіңді алып, үйіңе қайт! - деді.
7Сонда ол орнынан тұрып, үйіне кетті.
8Мұны көрген халықты қастерлі үрей биледі, алайда адамдарға осындай билік берген Құдайды мадақтады.
9Иса сол жерден кетіп бара жатып, салық жинайтын жерде отырған Матай есімді адамды көріп, оған: -Соңымнан ер! - деді. Ол орнынан тұрып, Исаның соңынан ерді.
10Кейінірек Иса Матайдың үйінде, дастарқанбасында жантайып жатқан кезде, көптеген салық жинаушылар мен күнәкарлар да келіп, Исамен және Оның шәкірттерімен бірге болды.
11Мұны көрген фарисейлер Исаның шәкірттерінен: -Неге сендердің ұстаздарың салықшылармен және күнәкарлармен бірге тамақ ішеді? - десті.
12Мұны естіген Иса оларға: -Дәрігер дені сауларға емес, науқастарға қажет.
13Сондықтан құрбандық беруден гөрі мейірімділік танытудың қандай болатынын үйреніп алыңдар. Мен әділдерді емес, күнәкарларды шақыруға келдім, - деді.
14Сонда Оған Жақияның шәкірттері келіп: -Фарисейлер және біз жиі ораза ұстаймыз, ал сенің шәкірттерің неге ораза ұстамайды? - деп сұрады.
15Иса оларға: -Күйеу жігіт қастарында болған кезде, тойға жиналған қонақтар қайғыра ма? Бірақ күйеу жігітті олардан алып кететін күн туады, тек сол кезде олар ораза ұстайтын болады.
16Тегінде, ешкім де жаңа матамен ескірген сыртқы киімді жамамайды, өйткені жамау отырып, жыртықтың көлемі одан бетер үлкен болып кетеді.
17Сол сияқты ешкім де ескі торсыққа жаңа шарапты құймайды, онда торсық жарылып, шарап ағып кетеді, торсық та еш нәрсеге жарамай қалады. Керісінше, жаңа шарапты жаңа торсыққа құяды, сонда екеуі де сақталатын болады, - деді.
18Иса осыны айтып тұрған кезде, қасына бір басшы келіп, Оған бас иіп, тағзым етті де: -Менің қызым қазір ғана қайтыс болды, бірақ Сен барып, оған қолыңды қойсаң, ол тіріледі, - деді.
19Иса орнынан тұрып, Оның артынан ерді, шәкірттеріде Оған ілесті.
20Сол сәтте он екі жыл бойы қан кетіп ауырып жүрген бір әйел Исаның артынан жақындап келіп, Оның киімінің етегіне қолын тигізді.
21Сол әйел іштей өзіне-өзі:«Егер Оның киіміне қолымның ұшын тигізсем болды, сауығып кетемін», -деген болатын.
22Сонда Иса бұрылып, оны көрген кезде: -Қорықпа, қызым! Сенімің сені сауықтырды! -деді. Әлгі әйел сол сәтте-ақ сауығып кетті.
23Иса әлгі басшының үйіне келген кезде, сол жердегі сыбызғышылар мен шулаған топты көріп:
24-Қыз өлген жоқ, тек ұйықтап жатыр, шығыңдар, -деді. Адамдар мысқылдап күлді.
25Топырлаған халықтың бәрін қуып шығарған соң, Иса ішке кіріп, қыздың қолынан ұстады, сонда қыз тіріліп, орнынан тұрды.
26Осыдан кейін осы хабар сол аймаққа түгел тарап кетті.
27Иса сол жерден кетіп бара жатқанда, Оның соңынан екі зағип ілесіп: -Дәуіттің Ұлы! Бізге рақым ете гөр! -деп айғайлады.
28Иса үйге келген кезде, әлгі зағиптар оған жақындап келді. Иса оларға: -Менің сендерге соны істей алатыныма сенесіңдер ме? - деді. Олар: - Иә, Ием! - деді.
29Иса олардың көздеріне қолын тигізіп: -Сенімдеріңе сай болсын! - деді.
30Сол сәтте -ақ олардың көздері ашылып кетті. Иса оларға: -Мұны ешкім білмесін, абай болыңдар! -деп қатаң ескертті.
31Бірақ олар сол жерден шыға салып, Иса туралы хабарды бәріне таратып жіберді.
32Сол жерден шықпай жатып, Исаға жын соққан және мылқау адамды алып келді.
33Бойынан жын қуылып шыққан соң, әлгі мылқау сөйлеп кетті. Халық бұған таңғалып: -Исраилде бұрынсоңды мұндай оқиға ешқашан болып көрген емес! - десті.
34Фарисейлер болса: -Ол жындарды олардың әміршісінің күшімен қуып шығарып жүр, - десті.
35Иса барлық қалалар мен ауылдарды аралап, ондағы синагогаларда Патшалықтың Ізгі хабарын жариялап, уағыздап, тәлім берді әрі адамдарды барлық аурудан сауықтырды.
36Иса соншама көп халықты көргенде, оларға жаны ашыды. Себебі адамдар шаршап-шалдыққан, бағушысы жоқ қойлар секілді адасқан, әлсіз еді.
37Сонда Иса шәкірттеріне: -Оратын егін өте көп, жұмысшылар аз.
38Сондықтан егіннің Иесінен Өзінің егіндігіне жұмысшылар жіберуін өтініп, сұраңдар, - деді.

Currently Selected:

Матай 9: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in