Матай 10
10
1Иса Өзінің он екі шәкіртін шақырып алып, оларға таза емес рухтарды қуып шығарып, кез-келген ауру мен барлық әлсіздікті сауықтыра алатын билік берді.
2Сол он екі елшінің есімдері мынадай еді: Петір деп аталып жүрген Шимон мен оның бауыры Әндір; Зебедейұлы Жақып пен бауыры Жохан;
3Філіп пен Бартолмай; Тома мен салықшы Матай;Әлпейұлы Жақып пен Таддей;
4Шимон Қананит пен Исаны сатып кететін Яһуда Исқариот.
5Осы он екі шәкіртіне Иса мынандай бұйрық берді: -Өзге ұлттың өкілдері жүрген жолмен жүрмеңдер, самариялықтар тұратын қалаға да кірмеңдер,
6керісінше, Исраил үйіндегі жоғалып кеткен қойларына барыңдар.
7Барған соң: -Көктегі Патшалық жақындап қалды, -деп жариялаңдар.
8Сөйтіп, ауырғандарды сауықтырып, өлгендерді тірілтіп, алапестерді тазартып, жындарды қуып шығыңдар. Тегін алдыңдар, тегін беріңдер.
9Белбеулеріңе алтын, күміс, мыс ақша орап алмаңдар,
10дорба, артық көйлек, аяқ киім де, таяқ та алмаңдар. Өйткені еңбек еткен ішер тамағына лайықты ғой.
11Қандай да бір қалаға не бір ауылға кірген кездеріңде, сол жерден лайықты адамды тауып алыңдар да, келесі жолға шыққанша, сонда қалыңдар.
12Ал оның үйіне кірген кезде: «Тыныштық болсын!», -деп сәлем беріңдер.
13Егер сол үй соған лайықты болса, сендер тілеген тыныштық келеді, егер лайықсыз болса, сендер тілеген тыныштық өздеріңе қайта оралады.
14Егер сендерді қабылдамаса әрі сөздеріңді тыңдамаса, сол үйден немесе сол қаладан шығып бара жатып, аяқтарыңның шаңын сол жерге қағып тастаңдар.
15Сендерге шындығын айтайын: сот болатын күні сол қалаға қарағанда, Содом мен Ғомораға жеңілірек болады.
16Міне, Мен сендерді қасқырлардың арасына жіберген қойлар секілді жіберіп тұрмын. Сондықтан жыландай ақылды, көгершіндей таза ниетті болыңдар.
17Адамдардан сақтанып жүріңдер, өйткені олар сендерді жоғарғы кеңестегі алқалар сотына (синедерионға) ұстап беріп, өздерінің синагогаларында ұрып-соғатын болады.
18Мен үшін сендерді әміршілер мен патшалардың алдына алып баратын болады. Сонда сендер оларға да, өзге ұлт өкілдеріне де куәлік ететін боласыңдар.
19Сендерді оларға ұстап бергенде, не айтамыз деп уайымдамаңдар. Өйткені айтатын сөздерің сол сәтте-ақ сендерге беріледі.
20Алайда сол кезде сөйлейтін сендер емес, сендер арқылы Әкелеріңнің Рухы сөйлейтін болады.
21Сонда бауыры өз бауырын, әкесі өз баласын өлімге итермелеп, балалар әке-шешелеріне қарсы шығып, оларды, тіпті, өлімге душар етеді.
22Сөйтіп, сендер Менің атыма бола жек көрінішті боласыңдар. Тек соңына дейін шыдағандар ғана құтқарылатын болады.
23Сендерді бір қаладан қудаласа, басқасына қашып барыңдар. Шындығын айтамын: өйткені сендер Адам Ұлының келетін кезіне дейін, Исраилдегі қалалардың бәрін аралап бітіре алмайсыңдар.
24Шәкірті ұстазынан, құлы қожайынынан жоғары бола алмайды.
25Тегінде, шәкірті ұстазындай, құлы қожайынындай болса, жеткілікті. Егер үйдің қожайынын Белзебүл деп атаса, онда оның үйіндегілерге одан да жаман ат тағатын болады.
26Сондықтан олардан қорықпаңдар, себебі ашылмайтын ешбір сыр, білінбейтін ешбір құпия жоқ.
27Өздеріңе қараңғыда айтқанымды жарықта айтыңдар, құлақтарыңа сыбырлап айтқанымды төбеге шығып жариялаңдар.
28Тәнді өлтіріп, жанды өлтіре алмайтыннан қорықпаңдар. Одан да жанды да, тәнді де тозақ отында құрта алатын Ұлы күштен қорқыңдар.
29Екі торғай бір ассарийге сатылмай ма? Бірақ олардың бірде-біреуі сендердің Әкелеріңнің еркінсіз жерге құлап түспейді.
30Сендердің бастарыңдағы шаштарыңа дейін саналып қойылған.
31Сондықтан қорықпаңдар, өйткені сендер сол торғайлардан әлдеқайда артықсыңдар.
32Сонымен, Мені адамдар алдында мойындаған әркімді Көктегі Әкемнің алдында Мен де мойындайтын боламын.
33Кімде-кім адамдар алдында Менен бас тартса, Көктегі Әкемнің алдында Мен де одан бас тартатын боламын.
34Мені жер бетіне тыныштық әкелді деп ойламаңдар. Мен тыныштық емес, керісінше, семсер әкелдім.
35Өйткені Мен ұлды әкесінен, қызын анасынан, келінін енесінен айыру үшін келдім,
36үй ішіндегілердің арасында бір-біріне деген жек көрушілік пайда болады.
37Кім өз әкесін немесе анасын Менен артық сүйсе, сол Маған лайықты емес және кім өз ұлын немесе қызын Менен артық сүйсе, ол Маған лайықты емес,
38кім өз айқыш ағашын көтеріп, Менің соңымнан Зермесе, сол Маған лайықты емес.
39Өз өмірін сақтағысы келген оны жоғалтады, кім Мен үшін өмірін қиса, ол соған ие болады.
40Егер де сендерді қабылдаса, Мені де қабылдағаны, Мені қабылдаса, Мені жібергенді де қабылдағаны.
41Пайғамбарды пайғамбар ретінде қабылдаған пайғамбардың сыйын алады. Әділді әділдігі үшін қабылдаған әділдің сыйына ие болады.
42Кім осы кішкентайлардың біреуіне Маған шәкірт болғаны үшін бір кесе суық су берсе, сендерге шындығын айтайын, оның алатын сыйы жоғалмайды.
Currently Selected:
Матай 10: ZO
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Association Bible Society of Kazakhstan, 2022-2023