YouVersion Logo
Search Icon

Лұқа 7

7
1Иса Өзіне ден қойып, тыңдап тұрған халыққа сөзін айтып болған соң, Қапарнаумға келді.
2Бір жүзбасының өте жақсы көретін құлы қатты ауырып, өлім аузында жатқан болатын.
3Ол Иса туралы естіп: «Менің құлымды сауықтырып берсінші», -деген өтінішін білдіріп, яһудейлердің ақсақалдарын Оған жіберді.
4Сонда олар Исаға келіп: -Осы адам Сенің көмек беруіңе лайық,
5себебі ол біздің халқымызды жақсы көреді және ол бізге синагога салып берді, - деп өтініп сұрады.
6Сонда Иса олармен бірге жүріп кетті. Иса оның үйіне таяп қалғанда, жүзбасы Оған өзінің достарын жіберіп: -Мырзам, әуре болмай-ақ қой, өйткені менің шаңырағымның астына Сенің келуіңе мен лайықты емеспін.
7Сол үшін де менің Саған баруға батылым жетпеді, өйткені мен өзімді соған лайықтымын деп санамаймын, тек менің құлымның сауығып кетуіне сөзіңді айтшы.
8Себебі мен де билікке бағынатын адаммын әрі өзіме бағынышты сарбаздарым да бар. Олардың біреуіне бар десем барады, басқаларына кел деп десем келеді, құлыма да мынаны істе десем, ол соны істейді, - деді.
9Оның осылай дегенін естіп, таңғалған Иса Өзінің артынан еріп келе жатқан халыққа бұрылып: -Сендерге айтарым: Мен дәл осындай үлкен сенімді Исраилден кездестірген емеспін, - деді.
10Исаға жібергендер үйге қайтып келгенде, әлгі құлдың сауығып кеткенін көрді.
11Осыдан кейін Иса Найын атты қалаға барды. Сонда Исаның соңынан Оның шәкірттерімен бірге көптеген халық ілесіп жүрді.
12Иса сол қаланың қақпасына жақындап қалған кезде, бір ананың өлген баласының денесін шығарып келе жатты. Әйел жесір болатын, сол қаланың көптеген адамдары сол әйелдің қасында жүрді.
13Иса бұл жағдайды көргенде, Иеміздің жесір әйелге жаны ашыды: - Жылама, - деп оны жұбатты.
14Сосын Ол табытқа жақындап келіп, оған қолын тигізді. Табытты көтеріп келе жатқан адамдар тоқтай қалды. Сонда Иса: - Бозбала, саған айтамын, орныңнан тұр! - деді.
15Сонда өліп қалған әлгі бала орнынан тұрып отырды да, сөйлей бастады, Иса оны анасының қолына тапсырды.
16Сол жерде болғандардың бәрін үрей биледі, сонда да олар Құдайды мадақтап: -Біздің арамыздан ұлы пайғамбар шықты! Себебі Құдай Өзінің халқына келді! - деді.
17Яһудея жеріндегі барлық аймаққа Иса туралы айтылған сөз тарап кетті.
18Жақияның шәкірттері осы болған оқиға жайында оған жеткізді. Сонда Жақия өзінің бір-екі шәкіртін шақырып алып,
19оларды Иемізге жіберіп: -Келуге тиісті Сенбісің әлде біз басқа біреуді күтейік пе? - деп сұратты.
20Сонымен, әлгі ер адамдар Исаға келіп, былай деді: -Бізді суға батырып шомылдырушы Жақия жіберді, ол: «Келуге тиісті Сенбісің? Немесе басқаны күтейік пе?» -деп сұрап жатыр.
21Иса сол сәтте көптеген адамдарды ауру-сырқауларынан және таза емес рухтардан сауықтырып, зағип адамдардың көбіне көре алатынмүмкіндік сыйлаған болатын.
22Сонда Иса оларға: -Зағиптар көріп, жүре алмағандар жүріп, алапестер тазаланып, құлағы мүкістер естіп, өлгендер қайта тіріліп жатыр, ал кедейлер Iзгі хабарды естуде, осы көргендеріңді де, естігендеріңді де Жақияға айтып барыңдар.
23Маған сенімсіздік танытпағандар бақытты, - деді.
24Жақияның хабаршылары кетіп қалған соң, Иса халыққа Жақия туралы былай деп айта бастады: -Сендер елсіз жерге нені көруге бардыңдар? Жел тербеткен қамысты ма?
25Сонымен, нені көруге бардыңдар? Жібек киім киінген адамды ма? Алайда сәнді киім киіп, ағыл-тегіл молшылықта тұрып жатқандар тек патшалардың сарайында ғана болады.
26Сонымен, не көруге бардыңдар? Пайғамбарды ма? Иә, Менің сендерге айтарым: - Ол-пайғамбардан да үлкен.
27Ол туралы Жазбада: «Міне, Мен Сенен бұрын Сенің алдыңда жүріп, Сенің жолыңды дайындап қоятын елшімді жіберемін», -деп алдын ала жазылып қойылғанның нағыз өзі.
28Сендерге айтатын болсам: әйел затынан туғандардың ішінде Жақиядан жолы үлкен басқа ешкім болған емес. Алайда Құдай патшалығында кім кішік болса, сол үлкені болады, - деді.
29Осыны естігеннен кейін бүкіл халық та, салық жинаушылар да, Құдайдың әділдігін әрі Жақияның суға батырып шомылдырушы екенін мойындады.
30Фарисейлер мен Таурат заңын зерттеушілер оның суға батырылып шомылдыруынан өтпегендіктен, Құдайдың өздеріне берілген еркінен бас тартты.
31-Сонымен, осы ұрпақтың адамдарын кіммен салыстыруға болады? Олар кімге ұқсайды?
32Олар сауда алаңында отырып алып: «Біз сендерге сыбызғы тартып берсек те сендер билемейсіңдер, біз сендерге жоқтау әнін айтып берсек те сендер жыламайсыңдар», -деп бір-біріне дауыстап айғайлап жүрген балаларға ұқсайды.
33Өйткені нан да жемейтін, шарап та ішпейтін Жақия келгенде: «Оның бойында жын бар», - дедіңдер.
34Ал (тамақ) жейтін, ішетін Адам Ұлы келгенде: «Міне, мынау адам тамақ жеп, шарап ішеді әрі салық жинаушылармен де, күнәкарлармен де дос болып жүр», -дедіңдер.
35Алайда Даналықтың ісінің әділ екенін оның бүкіл балалары дәлелдеп береді, - деді.
36Бірде фарисейлердің біреуі Исаны ас ішуге үйіне шақырды. Иса үйге кіріп, дастарқан басына барып жайғасып отырды.
37Міне, сол кезде осы қалада күнәкар деп саналатын бір әйел әлгі фарисейдің үйінде Исаның ас ішіп отырғанын біліп, қыш ыдысқа құйылған мира майын сонда алып келді.
38Исаның аяқ жағына отырып алып, Оның аяғына көз жасын төкті, сосын оны шашымен құрғатып сүртті, Оның аяғын сүйіп, мира майын жаға бастады.
39Исаны қонаққа шақырған фарисей осыны көріп: «Егер де Ол пайғамбар болса, онда Өзіне қолын тигізіп отырған әйелдің кім және қандай әйел екенін білер еді, өйткені ол-күнәкар әйел», - деп іштей ойлады.
40Сол кезде Иса оған: -Шимон, Мен саған бір нәрсе айтайын деп едім, - деді. - Ұстаз, айта беріңіз, - деді ол.
41-Бір қарыз берушінің екі борышкері болыпты, біреуі оған бес жүз, ал екіншісі елу күміс ақша қарыз екен.
42Олардың қарызын өтеуге ақшалары болмағандықтан, қарыз беруші олардың екеуінің де қарызын кешіріпті. Қалай ойлайсың, осы екеуінің қайсысы оны көбірек жақсы көретін болады? - деді.
43Шимон: -Менің ойымша, кімнің қарызы көп кешірілгені, -деп жауап берді. Сонда Иса оған: -Сенің ойың дұрыс, - деді.
44Содан кейін әлгі әйелге бұрылып тұрып, Шимонға: -Мына әйелді көріп тұрсың ба? Мен сенің үйіңе кірген кезде, сен Маған аяқ жуатын су да бермедің, ол Менің аяғымды көз жасымен жуып, оны шашымен сүртіп шықты.
45Сен Мені сүймедің, ол кіргеннен бері Менің аяқтарымды сүюін тоқтатпады.
46Сен менің басыма май жақпадың, ол мира майын Менің аяқтарыма жағып шықты.
47Сондықтан, саған айтарым: -Оның күнәларының көбі кешіріледі, өйткені ол өте қатты жақсы көрді, ал кім аз жақсы көрсе, соған кешірім де аз болады, - деді.
48Осыдан кейін Иса әлгі әйелге: -Сенің күнәларың кешірілді, -деп оның күнәларының кешірілгені туралы айтты.
49Сонда олармен қатар ас ішіп отырғандар іштерінен: «Күнәларды кешіретіндей соншама Бұл Кім Өзі?» -деп ойлады.
50Иса жаңағы әйелге: -Сенімің сені құтқарды, енді тыныштықпен бара бер, - деді.

Currently Selected:

Лұқа 7: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in