YouVersion Logo
Search Icon

Лұқа 6

6
1Сенбі күні Иса егіс алқабы арқылы өтіп бара жатты, сол кезде Оның шәкірттері масақтарды қолдарымен үгітіп алып, жей бастады. (Алғашқы өнім мейрамынан кейінгі бірінші сенбіде)
2Сонда фарисейлердің кейбіреулері оларға: -Сендер сенбіде істеуге болмайтын нәрсені істеп жүрсіңдер, -деді.
3Иса оларға: -Сендер Дәуіт патша ашыққан кезде өзінің қасындағыларымен бірге не істегені жайында оқымап па едіңдер?
4Ол Құдайдың үйіне кіріп, тек қана қызметкерлерден басқа ешкімге ұсынылмайтын нанды алып өзі де жеді, қасындағыларға да берген жоқ па? - деп жауап берді.
5Содан кейін Иса: -Адам Ұлы-сенбі күнінің де иесі, - деді оларға.
6Тағы бір сенбі күні Иса синагогаға кіріп, сонда тәлім берді, сол жерде оң қолы семіп қалған бір адам бар болатын.
7Сонда отырған Таурат заңын зерттеушілер мен фарисейлер сенбі күні екеніне қарамастан ауруды сауықтырар ма екен деп, Исаны кінәлау үшін, Оның ісін мұқият аңдумен болды.
8Иса олардың не ойлап отырғанын білді, сондықтан әлгі қолы семіп қалған аламға: -Орныңнан тұрып, мына ортаға келші, -деп оны шақырды. Әлгі адам ортаға келіп тұрды.
9Сонда Иса олардан: -Сендерден мынаны сұрайын: осы сенбі күні қайсысын істеуге болады? Жақсылықты ма немесе жамандықты ма? Адам жанын құтқару керек пе әлде құрту керек пе?
10Сол жерде отырғандардың бәріне көз жүгіртіп бір қарап шыққан соң, Иса әлгі адамға: -Қолыңды созшы, -деді. Ол қолын созған кезде сауығып, қайтадан қалпына келді.
11Олар ашуланып, Исаға не істеу керектігі туралы бірбіріне айтып, өзара талқылай бастады.
12Сол күндерінің бірінде Ол мінәжат ету үшін тауға көтерілді, сол түнді Ол Құдайға мінәжат етумен өткізді.
13Таң атқан соң, Иса шәкірттерін шақырып алып, солардың арасынан он екісін таңдап алды да, оларды елшілер деп атады. Олар мыналар:
14Петір деп аталатын Шимон, оның інісі Әндір, Жақып пен Жохан және Філіп пен Бартолмай,
15Матай мен Тома және Әлфей ұлы Жақып, Зилот деп аталып жүрген Шимон,
16Жақыптың ұлы Яһуда және кейін Оған опасыздық жасайтын Яһуда Исқариот.
17Бұдан кейін Иса олармен бірге төмен түсіп, бір жазықтау жерге аялдады. Енді сол жерге Оның шәкірттерімен бірге көптеген халық жинала бастады. Олардың көпшілігі Яһудеяның барлық аймағынан, Иерусалимнен және Тир мен Сидон жағалауларынан келгендер болатын.
18Олар сол жерге Исаны тыңдау үшін және ауруларынан сауығу үшін келген болатын. Осы кезде таза емес рухтың жетегінде жүргендер де сауығып жатты.
19Сондықтан да адамдардың бәрі Оған қолдарын тигізіп қалуға тырысты, ал Исадан шыққан күш олардың бәрін де сауықтырып жіберді.
20Осыдан кейін Иса Өзінің шәкірттеріне көзін қадап: -Кедейлер, сендер бақыттысыңдар, өйткені Құдай патшалығының иесі сендерсіңдер.
21Қазір ашығып жүргендер, бақыттысыңдар, өйткені сендер енді тойынатын боласыңдар. Ал қазір жылап жүргендер, бақыттысыңдар, өйткені сендер енді күліп жүретін боласыңдар.
22Адам Ұлына бола жұрттар сендерді жеккөріп, бөлектеп, қорлап, сендерге жаман ат тағып, сендерден бас тартатын болса, сендер бақыттысыңдар.
23Сол күні қуана секіріңдер, өйткені сол кезде өздеріңе берілетін көктегі сый өте мол болады. Олардың атабабаларына да, пайғамбарларға да осылай істеген болатын.
24Байлар, сендер қасіретке қаласыңдар, өйткені сендер өздеріңе тиісті жұбанышты алдыңдар.
25Қазір тоқ жүргендер, сендер де қасіретке қаласыңдар, аштықтың азабын тартатын боласыңдар. Қазір күліп жүргендер, сендер де қасіретке қаласыңдар, өйткені сендердің көретіндерің тек қайғы болады.
26Егер де барлық адамдар сендер жайында тек қана жақсыны айтатын болса, бұл да қасірет, өйткені олардың ата-бабалары да жалған пайғамбарларға осыны істеген болатын.
27Ал құлақ салып, осыны тыңдап тұрғандар, сендерге айтарым: « Өз жауларыңды жақсы көріңдер, біреулер сендерді жеккөретін болса, оларға жақсылық жасаңдар.
28Егер біреулер сендерді қарғайтын болса, оларға бата беріңдер, өздеріңді жәбірлегендер үшін мінәжат етіңдер.
29Біреу бетіңнің бір жағынан ұрса, екінші жағыңды тос. Сырт киіміңді алып жатып, көйлегіңді де қоса алғысы келгенге қарсылық жасама.
30Біреулер сенен бір нәрсе сұрайтын болса, оған сұрағанын бер. Ал сенен өзіңе тиесілі нәрсені алып қойғанды қайтаруды талап етпе.
31Адамдар өздеріңе не істегенін қаласаңдар, оларға да соны істеңдер.
32Егер де сендер тек өздеріңді сүйетіндерді ғана сүйсеңдер, онда сендерге берілетін сый қандай болмақ? Өйткені күнәкарлар да өздерін сүйгендерді сүйеді емес пе?
33Егер де жақсылықты тек өздеріңе жасағандарға ғана жасайтын болсаңдар, онда сендерге берілетін сый қандай болмақ? Күнәкарлар да солай істемей ме?
34Егер қайтарып аламыз деген үмітпен қарыз беретін болсаңдар, онда сендерге берілетін сый қандай болмақ? Тіпті, күнәкарлардың өздері бір-біріне қарызды қайтарып алу үшін бермей ме?
35Сондықтан сендер жауларыңды сүйіп, оларға жақсылық жасаңдар және қарыз бергенде оны қайтарып аламыз деп үміттенбеңдер, тек солай істесеңдер ғана мол сыйға ие болып, Жаратқан Иенің ұлдары деген атқа ие боласыңдар, өйткені Ол ризашылығы жоқтар мен зұлымдарға да мейірімін бірдей төгіп тұрады.
36Сондықтан Әкелерің қандай мейірімді болса, сендер де сондай мейірімді болыңдар.
37Соттамаңдар, сонда сендер де сотталмайсыңдар және біреуді айыптамаңдар, сонда басқалар да сендерді айыптамайтын болады. Кешіріңдер, сонда сендерді де кешіретін болады.
38Беріңдер, сонда сендерге де беріледі, жоғары мөлшерде басып, нығыздап, ернеуінен асырып, құшағыңа сыйғанша береді. Өйткені сендердің өлшемдерің қандай мөлшерде болса, өздеріңе де сондай мөлшермен өлшеніп берілетін болады, - деді.
39Иса оларға астарлап тағы былай деді: -Соқырды соқыр жетелеп жүре ала ма? Солай істесе, екеуі де шұңқырға түсіп кетпей ме?
40Шәкірті ұстазынан биік болмайды, алайда арнайы дайындықтан өткен әркім ұстазына ұқсас болады.
41Сен бауырыңның көзіндегі тікенді көрген кезде, қалайша өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?
42Өйткені өз көзіңдегі бөренені байқамай тұрып, бауырыңа: «Көзіңдегі тікенді алып тастайыншы», -деп қалай айтып тұрсың? Ей, екіжүзді, ең алдымен, өзіңнің көзіңдегі бөренені алып таста, содан кейін бауырыңның көзіндегі тікенді анық көріп, оны алып тастайсың.
43Жақсы ағаш ешқашан жаман жеміс бермейді, ал жаман ағаш ешқашан жақсы жеміс бере алмайды.
44Сондықтан әрбір ағаш өз жемісімен танылады, өйткені тікеннен інжір, ал бұтадан жүзім жинамайды.
45Жақсы адам жүрегіндегі қазынасынан тек жақсылығын алып шығады, ал жаман адам жүрегіндегі қазынасынан тек жамандық алып шығады. Өйткені сенің жүрегің неге толы болса, аузың соны айтады.
46Сендер Менің айтқанымды орындамасаңдар, онда неге Мені: «Ием, Ием!» - деп шақыра бересіңдер?
47Маған келіп, Менің сөзімді тыңдап, оны іске асыратын әркімнің кімге ұқсас болатынын сендерге айтып берейін.
48Ол үй сала бастағанда жерді терең қазып, іргетасын таспен қалап шыққан адамға ұқсас болады. Өзен тасып, ернеуінен шығып, жағалар опырылып құласа да, сол үйді орнынан да қозғалта алмайды, өйткені ол мықты салынған болатын.
49Ал айтқанымды тыңдап, бірақ орындамайтын адам үйінің іргетасын тек топыраққа салған адамға ұқсас болады. Өзен тасыған кезде, үй сол сәтте құлайды, сөйтіп, әлгі үйдің құлауы аса қорқынышты болады, - деді.

Currently Selected:

Лұқа 6: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in