YouVersion Logo
Search Icon

Лұқа 5

5
1Бірде мынадай жағдай болды. Иса Гинесәрет көлінің жағасында тұрды, Құдай сөзін тыңдағысы келген халық Оны жағадан ығыстыра бастады.
2Осы кезде Иса көлдің жағасында тұрған екі қайықты көрді, балықшылар қайықтан түсіп, балық аулайтын ауларын жуып жатқан еді.
3Сонда Ол Шимон отырған қайыққа мініп, жағадан алысырақ барып тұруын одан өтінді де, қайықта отырып халыққа тәлім берді.
4Содан кейін Иса сөзін аяқтады да, Шимонға қарап: -Енді тереңдеу жерге барып, балық аулайтын ауларыңды сол жерге салыңдар, - деді.
5Сонда Шимон: -Тәлімгер, біз түні бойы еңбек етсек те, ештеңе аулай алмадық, егер Сен солай десең, ауларды салайын, - деді.
6Олар осылай істегенде, ұсталған балықтың көптігі соншама, тіпті, балыққа салған аулары жыртыла бастады.
7Олар келесі қайықтағы жолдастарына белгі беріп, оларды көмекке шақырды. Сөйтіп, олар аулаған балықтарын екі қайыққа толтырғанда, қайықтары ауыр салмақтан суға бата бастады.
8Осыны көрген Шимон Исаның аяғына жығылып: -Ием, менен аулақ кеткеніңді қалаймын, өйткені мен күнәкар адаммын! - деді.
9Себебі балық аулап жатқан кезде оның өзін де және қасындағылардың бәрін де қорқыныш биледі.
10Осындай жағдай Шимонға жолдас болып жүрген Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жоханда да болды. Сонда Иса Шимонға: -Енді сен дәл осы кезден бастап, адамдарды аулайтын боласың, қорықпа! - деді.
11Олар қайықтарын жағаға шығарды да, бәрін сол жерге тастап, Исаның артынан еріп кетті.
12Иса сол жердегі қалалардың біріне келгенде, бүкіл денесін алапес басып кеткен бір адам кездесті. Ол Исаны көре салып, Оның аяғына жығылып: -Ием, егер қалауың болса, мені тазарта аласың, - деді.
13Иса оған қолын тигізді де: -Тазаланғаныңды қалаймын! -деді. Сол сәтте ол алапестен арылып, сауығып кетті.
14Иса оған осыны ешкімге айтпауын бұйырды да: -Енді бар да, өзіңді Құдайдың қызметкеріне көрсет және оларға өзіңнің таза болғаныңның дәлелі ретінде куәлік болу үшін, Мұсаның берген бұйрығына сай ұсынатын тартуыңды апарып бер, - деді.
15Сонымен, Иса туралы хабар бұрынғыдан бетер көп айтылып, жан-жаққа тарап кетті. Көптеген халық Оны тыңдау үшін және ауруларынан сауығып кету үшін Оған ағылып келіп жатты.
16Иса елсіз жерге Өзі бөлек барып, мінәжат етіп жүрді.
17Осындай күндердің бірінде Ғалилея мен Яһудея аймақтарының ауылдарынан және Иерусалимнен келген фарисейлер мен заңды үйретушілер Иса тәлім берген жерде отырды. Жаратқан Иеміздің сауықтыратын күші Исада болды.
18Міне, сол кезде бірнеше ер адам төсекте сал болып жатқан бір адамды көтеріп, Исаның алдына жақынырақ апарып қоятын бос жерді іздестіре бастады.
19Бірақ адамдар өте көп болғандықтан, Оған жақындатып апаратын жолды таба алмай, олар оны үйдің төбесіне алып шығып, сол жерден төсенішімен төмен қарай Исаның алдына түсірді.
20Иса олардың осы сенімдерін көргенде: -Ей, адам, сенің күнәларың кешірілді! - деді.
21Сол сәтте әлгі фарисейлер мен Таурат заңын зерттеушілер: «Құдайдың атына осылай тіл тигізіп тұрған Бұл Кім? Бір Құдайдан басқа күнәларды Кім кешіре алады?» - деп іштерінен ойлады.
22Олардың осы ойларын біле қойған Иса: -Неге сендердің жүректеріңде осындай ой бар?
23Қайсысын айту оңайырақ: «Сенің күнәларың кешірілді!» -деген бе? Немесе: «Орныңнан тұр да, жүріп кет!» -деген бе?
24Алайда жер бетіндегі күнәларды кешіре алатын биліктің тек Адам Ұлында ғана бар екенін сендердің білулерің қажет, -деді де, сал болып жатқанға: -Саған айтып тұрмын, орныңнан тұрып, төсенішіңді ал да, үйіңе бар, - деді.
25Сол сәтте әлгі адам олардың көзінше орнынан тұрды да, өзі жатқан төсенішін алып, Құдайды мадақтап, үйіне кетті.
26Болған жағдайға бәрі қайран қалды, бір жағынан Құдайды мадақтаса, бір жағынан оларды қорқыныш та биледі. -Біз бүгін адам сенгісіз нәрселер көрдік, -деді олар.
27Иса сол жерден шығып бара жатып, арнайы салық жинайтын жерде отырған Леуі есімді салық жинаушыны көріп: - Соңымнан ер, - деді оған.
28Ол орнынан тұрды да, бәрін тастап, Исаның соңынан ерді.
29Леуі Исаны сыйлап, өз үйіне қонаққа шақырып, үлкен той жасады. Салықшылардың көбі сол жерге келді және басқалары да олармен бірге сонда жайғасып, ас ішіп отырды.
30Сол кезде фарисейлер мен Таурат заңын зерттеушілер Исаның шәкірттеріне келіп: -Сендер неге салық жинаушылармен және күнәкарлармен бірге ас ішіп отырсыңдар? - деп күңкілдей бастады.
31Иса оларға: -Дәрігерге дені саулар емес, керісінше, аурулар мұқтаж.
32Мен әділдерді емес, күнәкарларды тәубеге шақыру үшін келдім, - деді.
33Сонда олар Исаға: -Жақияның шәкірттері жиі ораза ұстап, мінәжат етеді, фарисейлердікі де солай істейді, тек Сенікі ғана ішіп-жеумен жүр, - деді.
34Сол кезде Иса: -Күйеу жігітпен бірге тойда жүрген ұлдарға (қонақтарға) ораза ұстаңдар деп мәжбүрлеуге бола ма? - деді.
35Күйеу жігітті олардан тартып алып кететін күн туады, тек сол күндері олар ораза ұстайтын болады, - деді.
36Иса осыдан кейін оларға астарлап айта бастады: -Ешкім де жаңа сырт киімнен қиып алынған жамаумен ескі киімді жамамайды, егер солай істесе, жаңа киімді құртады және жаңа киімнен алынған жамау ескі киімге сәйкес келмейді.
37Ешкім де жаңа шарапты ескі торсыққа құймайды, егер солай істесе, жаңа шарап ескі торсықты жарып жібереді, сөйтіп, шарап та төгіледі, торсықтар да бүлінеді,
38сондықтан жаңа шарапты тек жаңа торсыққа құйып сақтау керек.
39Ескі шарапты ішкен әркім: «Тек ескі шарап жақсы», -деп айтады, себебі жаңа шарапты қаламайды.

Currently Selected:

Лұқа 5: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in