Жохан 21
21
1Осыдан кейін Иса шәкірттеріне тағы бір рет Тиберия көлінде көрінді. Ол былай болған еді:
2Егіздің сыңары аталған Тома және Ғалилеяның Қана қаласынан Натанайыл мен Зебедейдің ұлдары және басқа да екі шәкірті Шимон Петірмен бірге болды.
3Шимон Петр оларға: -Мен барып балық аулаймын, -деді. -Онда біз де сенімен бірге барамыз, -деді олар Петірге. Олар сол жерден шықты да, қайыққа отырды, бірақ сол түні олар ештеңе ұстай алмады.
4Таң атқан кезде Иса жағада тұрды, алайда шәкірттері Оның Иса екенін білген жоқ.
5Иса оларға: -Балалар, жейтін бір нәрселерің бар ма? -деді. - Жоқ, - деп Оған жауап берді олар.
6Сонда Иса: -Ауларыңды қайықтың оң жағына тастаңдар, сонда ұстайсыңдар, -деді оларға. Олар ауларын солай қарай тастағанда, ауға түскен балықтың көптігінен ауларын тартып шығара алмай қалды.
7Сол кезде Исаның жақсы көретін әлгі шәкірті Петірге: -Бұл Иеміз ғой! -деді.«Бұл Иеміз ғой!» дегенді естіген Петр, жалаңаш беліне сырт киімін байлай салды да, теңізге қарай секірді.
8Басқа шәкірттері жағалаудан алыс емес, шамамен, екі жүз шынтақтай жерде болғандықтан, ауды қайықпен сүйретіп жағаға келді.
9Олар жағаға шыққан кезде жанып жатқан отты, оттың үстіндегі балықты және жанында жатқан нанды көрді.
10Иса оларға: -Қазір ғана ұстап алған балықтарыңнан осында алып келіңдер, - деді.
11Шимон Петр балыққа толы ауды жағаға алып шықты, оның ішінде жүз елу үш балық бар екен, бірақ балық соншама көп болса да, ау жыртылмапты!
12Иса оларға: -Мында келіп, таңғы ас ішіп алыңдар, жүріңдер, -деді. Сонда шәкірттері Оның Иеміз екенін білсе де Одан: «Сен кімсің?» -деп сұрауға ешқайсысының батылы бармады.
13Иса жақын келді де, әлгі нан мен балықтан алып, оларға берді.
14Бұл Исаның өлімнен қайта тірілгеннен кейінгі Өзінің шәкірттеріне үшінші рет көрінген кезі болатын.
15Сонымен, олар астарын ішіп болған соң, Иса Шимон Петрге: -Жоханның ұлы Шимон, сен Мені мыналардан да көбірек сүйесің бе? -деді. Петр Оған: -Иә, Ием! Сені жақсы көретінімді Сен білесің ғой, -деді. Сонда Иса оған: -Менің қозыларымды бақ, - деді.
16Осыдан кейін Иса оған тағы да екінші рет: -Жоханның ұлы Шимон, сен Мені сүйесің бе? -деді. Петр Оған: -Иә, Ием! Сені жақсы көретінімді Сен білесің ғой, -деді. Сонда Иса оған: - Менің қойларымның бағушысы бол, - деді.
17Иса оған тағы да үшінші рет: -Жоханның ұлы Шимон, сен Мені жақсы көресің бе? -деді. Осы кезде Петр мұңайды, себебі одан үшінші рет: «Сен Мені жақсы көресің бе?» -деп сұрап жатыр. Сонда Петр Оған: -Ием, Сен бәрін білесің. Менің Сені жақсы көретінімді де білесің, -деді. Оған Иса: -Менің қойларымды бағатын бол! -деді.
18Мен саған шындықты, тек қана шындықты айтып тұрмын: сен бұдан да жас кезіңде беліңді өзің байлап алып, қалаған жағыңа барып жүрдің. Ал қартайған шағыңда, сен қолыңды созып тұрасың, басқа біреу беліңді байлап, сен қаламайтын жаққа алып барады, - деді.
19Иса мұны Құдайға мадақ әкелуде Петрдің қандай өліммен өлетінін алдын ала меңзеп айтты.
20Петр артына бұрылғанда, Исаның сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген және кешкі ас кезінде Исаның кеудесіне басын сүйеп: «Ием, сені ұстап беретін ол кім?» -деп сұраған шәкірттің еріп келе жатқанын көрді.
21Петр оны көріп, Исадан: - Ием, ал анау ше? - деді.
22Сонда Иса оған: -Мүмкін, Мен қайтып оралғанға дейін, Мен оның күткенін қалайтын шығармын, онда сенің нең бар еді? Ал сен Менің соңымнан ер! - деді.
23Міне, осы сөзден кейін шәкірттерінің арасында: «Сол шәкірт өлмейді», - деген сөз тарап кетті. Бірақ Иса оған: «Ол өлмейді», -деп айтқан жоқ. «Мүмкін, Мен қайта оралғанға дейін, оның күткенін қалайтын шығармын, онда сенің нең бар еді?» - деген болатын.
24Осы бір болған жайттар мен куәліктер туралы жазып отырған -сол шәкірттің өзі. Біздер оның куәлігінде шындықтың бар екенін білеміз.
25Исаның бұдан басқа да жасап кеткен көптеген істері бар. Егер де солардың бәрін бір-бірлеп тізіп жазатын болса, менің ойымша, мына әлем сол жазылған кітаптарды сыйдыра алмас еді.
Currently Selected:
Жохан 21: ZO
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Association Bible Society of Kazakhstan, 2022-2023