Зәкәрия 9
9
Исраилдің жауларының сотталуы
1Жаратқан Иенің мына ауыр хабары Арама еліндегі Хадрах аймағына, әсіресе Дамаск қаласына, қарсы айтылды. Себебі бүкіл адамзаттың және Исраилдің барлық руларының көздері Жаратқан Иеге қарайды. 2Дамаскімен шекаралас Хамат#9:2 Осы қаланың басқа аты Имаф. та, Тир мен Сидон да қанша дана болғандарымен Жаратқан Иенің ауыр айыптау сөзі соларға да қарсы айтылды. 3Тир өзіне қорған салып, күмісті шаң-тозаңдай, алтынды даладағы саз балшықтай үйіп жинап алды.#9:3 Сауда-саттығымен әбден байыған финикиялық Тир қаласының теңіздегі аралда орналасқан мықты қорғаны болды (Иш 23:1-8). 4Бірақ енді Тәңір Ие оның дәулетін тартып алып, байлығын теңізге лақтырады, қалғанының бәрін от жалмайды.
5Ашқалон қаласы Тирдің қирағанын көріп, зәресі ұшады. Газа да қорыққанынан бүрісіп қалады, үміті үзілген Әкрон#9:5 Газа, Әкрон (яки: Ақарон), Ашқалон, Азот: філістір қалалары (9:6; Иш 47:1,4-5). да осылай қысылып қиналмақ. Газа патшасынан айырылып, Ашқалон қаңырап бос қалады. 6Азот қаласын жат жұрттық келімсектер мекендейтін болады. Філістір елінің өркөкіректігін Мен осылайша жоямын.
7Мен оларды ет жегенде қанымен қосып жемейтіндей қыламын, арам деп белгіленген басқа тағамдарды да жегізбеймін.#9:7 Заң 12:23; Леу 11. Тірі қалғандары біздің Құдайымызға бағышталып, халқымның бөлігіне айналып, Яһуда руының бір атасы болып саналады. Бұрынырақта ебустіктер сияқты, әкрондықтар да Исраил халқына қосылып сіңіп кетеді.
8Мен киелі үйімді айналдыра күзетіп, келіп-кетіп жүрген тонаушы топтардан қорғаймын. Өзім оны бақылап тұрғандықтан, енді зорлықшыл жау халқымның елінен өте алмайтын болады.
Құдай халқының болашақ Патшасы
9Уа, Сион халқы, қатты қуан! Уа, Иерусалим халқы, шаттана ән шырқа! Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол — әділ Құтқарушы, кішіпейілділікпен есекке мініп алып, тайқардың, бір жас есектің, үстінде отыр.
10Мен Солтүстік Исраилден соғыс күймелерін, Иерусалимнен де атты әскерді аластатамын. Соғыс садақтары сындырылады. Сол Патша барлық халықтарға тыныштық жариялайды. Ол билігін теңізден теңізге дейін, үлкен Евфрат өзенінен жердің шетіне дейін жүргізеді.
11Мен сендермен Келісім жасап, ол шалынған құрбандықтың қанымен бекітілген болатын.#9:11 Мыс 24:3-8. Сол үшін Мен тұтқындарыңды сусыз құдық іспетті (Бабыл еліндегі) зындандардан құтқарып аламын. 12Уа, күдері үзілмеген тұтқындар, қауіпсіз қорғандарыңа қайта оралыңдар! Жоғалтқандарыңды сендерге екі есе қылып қайтарамын деп бүгін уәде беріп отырмын.#9:12 Иш 61:7. 13Мен Яһуданы соғыс садағы, Солтүстік Исраилді#9:13 Яки: Ефремді. жебе ретінде қолданамын. Уа, Сион, Мен сенің ұлдарыңды#9:13 Яғни Құдайды қорлаған грек басқыншыларына қарсы көтерілген Мақабай әулетінің басшылығындағы исраилдік сарбаздарды (Дан 11:33-34). грек елінің ұлдарына қарсы көтеріп, семсер ретінде пайдаланамын!
Жаратқан Иенің өз халқын қорғап-қолдауы
14Сонда өз халқының үстінен Жаратқан Ие пайда болып, Оның жебелері найзағайдай атылатын болады.#9:14 Мыс 19:16-20; Абқ 3:9,11; Жыр 17:13-15. Жаратушы Тәңір Ие кернейдей қатты дауыс шығарып, оңтүстіктегі иен даладан соққан дауылдай жауға бас салады. 15Әлемнің Иесі өз халқын жан-жақтан қорғайтын болады. Олар дәу сақпан тастарымен жауларын ойрандап талқандайды. Шайқаста олар қызып алғандай айқайлайды. Олар (қан бүркуге арналған) тостағандай,#9:15 14:20; Леу 4:6-7. әрі құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді бұрыштарындай, қанға малынатын болады.#9:15 Леу 4:7,18,25. 16Сол күні олардың Құдайы Жаратқан Ие Өзінің бағып жүрген отары іспетті меншікті халқын құтқарып алады. Олар Оның жерінде тәждің асыл тастары сияқтанып жалт-жұлт етіп тұрады. 17Бұл қандай игі де әдемі көрініс болмақ! Дәннен — жас жігіттері, жаңа жүзім шырынынан — қыздары әлденіп, құлпырып жайнап кетпек.
Currently Selected:
Зәкәрия 9: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.