Таңдаулы ән 5
5
1(Күйеу:)
Міне, мен өз бақшама кіріп алдым,
Уа, қымбаттым, менің сүйген жарым!
Мүрім мен дәмдеуішімді жинап алдым,
Сондай тәтті балымнан ішіп тұрмын,
Шарап пен сүтімнің дәмін татып тұрмын.
(Құрбылар:)
Уа, достарымыз, кәне, ішіп-жеңдер,
Уа, ғашықтар, тоя іше беріңдер!
Қарым-қатынастағы үзіліс
(Жас келін:)
2Ұйықтап жатып, жүрегім сергек еді.
Тыңда, сүйіктім қағып тұр есігімді:
«Ашсаңшы есікті, қымбаттым менің,
Сүйген жарым, кемелді көгершінім!
— Деді ол маған, — шықтан су болды басым,
Түннің ылғалынан бұйра шашым!»
3«Шешініп ем, қалай тағы киінем?
Аяғымды жудым, қалай кірлетем?»
4Есік тесігінен қол сұқты сүйіктім,
Қатты толқып кетті менің жүрегім.
5Есікті оған ашуға тұрдым содан,
Хош иісті мүр тамды қолдарымнан,
Құлып ысырмасына саусақтарымнан.
6Есікті ашсам, сүйіктім жоқ екен,
Кері бұрылып, кетіп қалған екен!
Кеткеніне жүрегім лүпіл қаққан,
Іздеп шықсам да, таппадым еш жақтан!
Шақырсам да, жауап бермеді маған.
7Қарауылдар қаланы аралап жүрді,
Ұстап алып мені, ұра берді.
Күзетшілер қамал үстіндегі
Жұлып тастады менің бет пердемді.
8Өтінем, жалынышымды тыңдаңдаршы,
Оу, Иерусалим қаласының қыздары:
Егер де көрсеңдер сүйген жарымды,
Ғашықтықтан талықсыды деп айтыңдаршы!
Сұрақ және мақтаған жауап
(Құрбылар:)
9Бұлай деп бізге өтінетініңдей сен,
Сүйіктің қай жағынан артық өзгеден?
Әйелдердің ең сұлуы, соны айтсаң екен!
(Жас келін:)
10Сүйіктімнің беті нұрлы, албыраған,
Ол айрықша он мың адам арасынан.
11Басы оның саф алтындай, шашы бұйра,
Қарға, құзғынға ұқсап қап-қара.
12Жанарлары бұлақ жағасындағы
Көгершіндер сияқты жылтырайды,
Оның тістері сүтке шомылған
Асыл тастардай, көмкеріле қойылған.
13Екі беті оның аңқып жатқан
Жұпар иісті шөптер өсіп тұрған
Бақшадағы жүйектерге#5:13 Жүйек: бақшадағы арықшалардың екі жағы, гүлдер не жеміс-жидек егілген қатар аралық, атыз, грядка (6:2). тұр ұқсап.
Еріндері сұйық мүр тамшылап
Жатқан лалагүлдерге тұр ұқсап.
14Білектері оның алтыннан жасалған,
Асыл тастармен#5:14 Яки: Зүбәржатпен (Мыс 28:20; Дан 10:6). жиек салынған
Жұмыр сойылдарға ұқсап жаратылған.
Денесі тегіс піл сүйегіне ұқсайды,
Сапфир тастар тәрізді жалтырайды.
15Аяқтары саф алтын негізге
Орнатылған мәрмәр баған секілді.
Тұлғасы оның Ливан тауындай,
Таңдаулы самырсын ағаштарындай,
16Әрі оның ауызы сондай тәтті,
Иә, оның өзі түгелдей сымбатты!
Осыған ұқсайды сүйіктім, досым менің,
Уа, қала қыздары Иерусалимнің!
Currently Selected:
Таңдаулы ән 5: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.