Марқа 8
8
Мәсіхтің төрт мыңнан астам адамды тамақтандыруы
1Сол күндері қайтадан халық көп жиналып, жейтін тамақтары болмады. Иса шәкірттерін қасына шақырып:
2— Халыққа жаным ашиды. Олар үш күннен бері қасымда болып, жейтін азықтары қалмады. 3Оларды аш күйлерінде үйлеріне қайтарып жіберсем, жолшыбай әлсіреп, құлап қалар. Ал бірқатары тым қашықтан келді, — деді. 4Шәкірттері:
— Осы құлазыған айдалада бұларды тамақтандыруға жететін нанды қайдан табуға болады? — деп жауап берді. 5Иса:
— Қанша нандарың бар? — деп сұрағанда, олар:
— Жеті күлше, — деді.
6Сонда Иса жұртқа жерге жайғасуға бұйырды. Жеті күлшені қолына алып, шүкірлік етті. Оларды адамдарға тарату үшін үзіп-үзіп, шәкірттеріне берді. Олар халыққа үлестірді. 7Бірнеше кепкен ұсақ балықтары#8:7 Яки: Бірнеше тұздап кептірілген шабақ (6:38). да болды. Иса оларды да алып, шүкірлік етіп, жұртқа үлестіруге бұйырды. 8-9Осылай шамамен төрт мыңдай отбасы#8:8-9 Немесе: ер адам. (Сонымен қатар әйелдер мен балалар да тамақтанды: Мат 15:38.) тамақтанып, тойып алды. Кейін қалдықтарды жинап алғанда, жеті үлкен себет толды. Соңынан Иса халықты таратып жіберді.
Діндарлардың екіжүзділігінен сақтанып, Мәсіхке шынайы сену жайлы ескерту
10Көп ұзамай Иса шәкірттерін ертіп қайыққа мініп, Далманутаның#8:10 Далманута ежелде Ғалилея көлінің батыс жағында, Мағдалаға (Мат 15:39) жақын орналасқан елді мекен болса керек. маңына жөнелді. 11Сол жердегі парызшылдар Исаның қасына келіп, Онымен айтыспақшы болды. Оның билігін сынау үшін көктің құдіретімен бір кереметті#8:11 Яғни Исаның Құдай жіберген Мәсіх екенін дәлелдейтін бір кереметті (Мат 12:38; 16:1; Лұқ 11:16; Түсіндірмедегі «Кереметті» де қараңыз). көрсетуін талап етті. 12Иса рухында терең күрсініп, оларға:
— Осы ұрпақ не үшін керемет көрсетуімді талап етеді? Сендерге шындығын айтайын: бұл ұрпаққа ешбір керемет көрсетілмейді!#8:12 Жүректері қасарысқан бұл діндарлар Исаның Құдай жіберген Құтқарушы Мәсіх екендігін дәлелдейтін небір кереметтерді көрсе де, Оны қалай да мойындағылары келмеді (3:4-6; 7:6-8). — деді. 13Содан Иса оларды тастап, қайтадан қайыққа мініп, көлдің ар жағына қарай жүзіп кетті.
14Оның шәкірттері нан әкелуді ұмытып кеткендіктен, қайықта тек бір күлше ғана болды. 15Иса оларға:
— Абайлаңдар, парызшылдардың және Иродтың «ашытқыларынан» сақтаныңдар!#8:15 Мысалы, діндарлардың екіжүзділігінен және Ирод патшаның әулетінің Құдайға қарсы тұрып, осы күнәкар дүниенің билігі мен ләззатына берілгендігінен сақтаныңдар! (Лұқ 12:1; 3:19-20; Мат 16:11-12; Мар 6:12-14,21-28) — деп ескертті. 16Шәкірттері өзара пікірлесіп:
— Бұны нанымыздың жоқтығынан айтқан шығар, — десті. 17Иса оларын біле қойып, былай деп сұрады:
— Сендер нанымыз жоқ деп неге пікірлесіп отырсыңдар? Жасағандарымды әлі де түсінбей, олардың мәнісін ұқпайсыңдар ма? Әлде жүректерің қасарысқан ба?#8:17 Яки: жүректерің сезімсіз, рухани шындық үшін жабық па? (Иш 6:9-10) 18Көздерің болғанмен көрмей, құлақтарың болғанмен естімейсіңдер ме? Кәне, естеріңе түсіріңдерші: 19Мен бес күлше нанды бес мың адамға үлестіріп бергенімде, қалдықтардан неше себет жинап едіңдер? — Шәкірттері:
— Он екі, — деді.
20— Әрі жеті күлшені төрт мың адамға үлестіргенімде, артылып қалғаны қанша үлкен себет болды? — Олар:
— Жетеу, — дегенде, 21Иса:
— Сендер әлі де ұқпай тұрсыңдар ма?! — деген сұрақ қойды.
Бетсайдадағы зағиптың көзінің ашылуы
22Сонымен олар Бетсайда қаласына жетті. Сонда адамдар бір соқыр кісіні алып келіп, Исадан оған қолын тигізіп сауықтыруын өтінді. 23Иса осы зағипты қолынан ұстап, ауылдан жетелеп шықты. Оның көзіне бір түкіріп, үстіне қолын қойып:
— Бір нәрсе көріп тұрсың ба? — деп сұрады. 24Әлгі кісі көз тігіп:
— Адамдарды көріп тұрмын! Олар жүріп бара жатқан ағаш діңдеріне ұқсайды, — деді. 25Иса зағиптың көздеріне қайтадан қолын тигізіп, қарауға бұйырды. Сонда оның көзі ашылып, бәрін де анық көрді. 26Иса оған:
— Мына ауылға кірме (ондағы ешкімге болған оқиға туралы тіс жарма)! — деп ескертіп, үйіне қайтарып жіберді.
Иса шын мәнісінде кім, Оның жолы қандай болмақ?
27Иса шәкірттерін ертіп сол маңайдан кетіп, Філіп-Кесариясы#8:27 Ливан тауларындағы қала, аймақ әкімі Філіптің астанасы (Мат 16:13; Лұқ 3:1). қаласының айналасындағы ауылдарға барды. Жолшыбай Ол шәкірттеріне:
— Жұрт Мені кім деп жүр? — деген сұрақ қойды. 28Олар:
— Біреулері Сізді шомылдыру рәсімін жасаған Жақия, ал басқалары Ілияс пайғамбар, тағы басқалары ежелгі пайғамбарлардың өзге біреуі деп жүр,#8:28 Діндар яһудилердің көбі Мәсіх келмес бұрын Ілияс және басқа бір пайғамбар дүниеге қайта келуге тиіс деп сенетін (9:11-13; Мал 4:5; Заң 18:18). — деді. 29Сонда Иса:
— Ал сендер Мені кім дейсіңдер? — деп сұрады. Петір Оған жауап беріп:
— Сіз Мәсіхсіз!#8:29 Яки: Құдай жіберген Құтқарушы Патшасыз (1:1; Түсіндірмені де қараңыз). — деді. 30Бірақ Иса шәкірттеріне Өзінің кім екені жөнінде ешкімге тіс жармауларын ескертті.#8:30 Халық Мәсіхтен өздерін Римнің езгісінен құтқаруды күтсе, Иса олардан алдымен теріс жолдан қайтып, Құдайдың еркіне мойынсұнуларын талап етті (1:14-15). 31Мұнан кейін оларға былай деп тәлім бере бастады:
— Көктен келген Билеуші, Мен, көп азап шегуге тиіспін:#8:31 Яки: Құдай тағайындаған Билеуші («Адам Ұлы») көп азап шегуге тиіс (Мат 16:21). рубасылар мен басты діни қызметкерлердің және дін мұғалімдерінің Өзімнен бас тартулары әрі Менің өлтірілуім, бірақ содан кейінгі үшінші күні қайта тірілуім де қажет!
32Иса мұны бүкпесіз ашық айтқан еді. Сонда Петір Оны былайырақ алып шығып, қарсылық білдіре бастады. 33Бірақ Иса бұрылып, шәкірттеріне қарады да, Петірге: «Менен аулақ кет, әзәзіл!#8:33 Яки: шайтан. (Осында Петір білмей азғырушының сөзін сөйлеген еді: Мат 4:6-10.) Сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың!» — деп тыйым салды.
34Бұдан кейін Иса халықты және Өзінің шәкірттерін қасына шақырып алып, оларға мынаны айтты:
— Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін!#8:34 Яки: шәкіртім болғысы келген әркім өз мүддесінен бас тартып, айқышын көтеріп алып Менің соңымнан ілессін (Мат 16:24; Лұқ 9:23; Флп 3:10-11; Ғал 2:20). 35Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады,#8:35 Яки: кім (бұ дүниедегі) өмірімді сақтаймын десе, (шынайы) өмірден құр қалады (Мат 10:39; Лұқ 9:24; Евр 10:39). ал өмірін Мен үшін және Ізгі хабар үшін қиған әркім оны (мәңгі) аман сақтап қалады.
36Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті (мәңгілік) өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда? 37Адам өз өмірі үшін қандай құн төлей алады?#8:37 Яки: өз жаны үшін қандай төлем бере алады? (Жыр 48:8-10; Мат 16:26) 38Себебі кім осы опасыз, күнәкар ұрпақ арасында Мені және айтқан сөздерімді танудан бас тартса, Мен де Билеуші ретінде Әкемнің салтанатты ұлылығымен Оның қасиетті періштелерін ертіп көктен қайтып келген кезімде#8:38 13:26. сол адамды танудан бас тартамын.#8:38 Яки: кім Менен және сөздерімнен ұялса, Мен де... қайтып келген кезімде сол кісіден ұяламын (демек, оны өз шәкіртім деп мойындамаймын: Мат 10:32-33; Лұқ 9:26; 12:8-9).
Currently Selected:
Марқа 8: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.