Миха 4
4
Халықтардың Жаратқан Иенің тауында татуласып, жарылқануы
1Кейінгі заманда Жаратқан Иенің
Киелі үйі тұрған Сион тауы
Бастысы болады бар тау-төбелердің,
Бәрінен де оның атақ-даңқы
Әлдеқайда жоғары болып қалады.
Сонда халықтардың адамдары
Соған қарай ағылатын болады.
2«Енді жүріңдер, Жаратқан Иенің,
Жақыптың халқы сиынған Құдайдың,
Сион тауындағы киелі үйіне
Өрлеп барайық барлығымыз, кәне!
Сол жерде Жасаған Иеміз бізге
Ақ жолын нұсқайды, сонымен жүрейік,
Оның әділ еркін орындай берейік!» —
Деп, көп ұлттар жолға шығады бірігіп.
Сөзін таратады тәлімін#4:2 Яки: Таурат заңын (Иш 2:3). үйретіп
Жаратқан Ие Иерусалимнен,
Сиондағы өз киелі үйінен.
3Сонда Иеміз көп халықтар арасында
Төрелік етіп, алыс та алып ұлттарға
Шығаратын болады әділ үкімін.
Енді олар төс үстінде қаруларын
Қайта соғып, соқаға қылыштарын
Айналдырады, ораққа найзаларын.
Содан халықтар енді қайтып ешқашан
Бір-біріне қарсы қару көтермейді,
Олар соғысуды тіптен үйренбейді.
4Әркім отырады өз жүзім бұтасының
Түбінде әрі өз інжір ағашының,
Ешкім оларды қорқытпайды енді!#4:4 Яғни елді аман-есендік жайлайтын болады (Пат3 4:25; Зәк 3:10; Соф 3:13).
Осыны нық айтқан Әлемнің Иесі.
5Барлық басқа ұлттар өздерінің
Жалған тәңірлерінің жолын қуады,
Ал біз өз Құдайымыз Жаратқан Иенің
Жолымен жүретін боламыз ұдайы.#4:5 Еш 24:14-15; Иш 26:7-9.
Құдайдың ізгілікті жоспары
6Жаратқан Ие былай деп нық айтады: «Сол күні Мен ақсақтарды, жер аударылған және Өзімнен жапа шеккендерді жинап аламын. 7Сонда ақсақтар тірі қалып, алысқа жер аударылғандармен бірге Менің мықты халқым болады. Мен, Жаратқан Ие, сол күннен бастап мәңгілікке Сион тауынан оларға патшалық құратын боламын. 8Ал сен, Сион тауындағы қорған, отарымды қоритын мұнараға ұқсайсың. Бұрынғы билігің саған қайтарылып, Иерусалим қайтадан патшалықтың астанасы болады».
9«Енді неге айқайлайсың? Сенде патша жоқ па еді, кеңесшілерің опат болып па еді? Толғақ қысқан әйелдей азаптанып жатқаның сол себептен бе? 10Уа, Сионның халқы, толғатып жатқан әйелдей азаптан бұратылыңдар! Себебі сендер енді қаланы тастап, ашық далада түнеуге мәжбүр боласыңдар. Бабыл еліне кетесіңдер, бірақ сол жерде кейінірек құтқарыласыңдар. Сонда Жаратқан Ие сендерді жау қолынан азат етеді.#4:10 Яһуда халқының көбі б.з.д. 586 ж. Бабыл еліне жер аударылып, 538-жылдан бастап өз елдеріне қайта бастады (Шеж2 36:20,23; Езр 1:1-5; 2).
11Ал қазір көптеген халықтар саған қарсы жиналып жатыр. Олар: «Ол арамдана берсін! Сионның қирағанын өз көзімізбен көріп, соған мәз болайық!» — деседі. 12Алайда олар Жаратқан Иенің ой-ниетін білмейді. Ол соларды қырманға апарылатын бидай бауларындай жинап жатыр. Оның осы жоспарын олар түсінбейді.
13Тұр да, бидайды бастыр, уа, Сион қаласы! Мен саған сол үшін темір мүйіз әрі қола тұяқ секілді құрал-сайман беріп отырмын. Сонда сен көптеген халықтарды быт-шыт қылып қиратасың. Олардың арамдықпен жинаған өнімдерін енді Жаратқан Иеге бағыштайсың. Иә, солардың байлықтарын бүкіл жер бетінің Иесіне ұсынасың».
Currently Selected:
Миха 4: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.