Миха 5
5
Бетлехемнен шығатын болашақ Билеуші
1«Жасағыңды түзе, уа, соғысқа дайындалған қала, өйткені бізді жау қоршап алды. Олар Исраилдің билеушісінің бетін асатаяқпен соққылайтын болады.#5:1 Пат4 25:1-7.
2Ал сен, Ефрата аймағындағы Бетлехем, Яһуданың әулеттерінің#5:2 Яки: басты қалаларының. арасындағы маңызсызы болсаң да, сенен Менің халқым Исраилге басшылық ететін Көсем шығады. Оның шыққан тегі ежелгі заманнан, мәңгіліктен.
3Сондықтан Оған жүкті әйел толғатып, босанғанға дейін Жаратқан Ие Исраил халқын (жау қолына) тапсырады. Сол кезде Оның аман қалған ағайындары жер аударылған жақтарынан қайта оралып, Исраилдің өзге адамдарымен бірігетін болады.
4Сол Көсем тұрып, өз халқына Жаратқан Иенің берген қуатымен, әрі өз Құдайы Жаратқан Иенің есімінің салтанатымен билік жүргізетін болады. Оның даңқы жердің ең шалғай түкпірлеріне дейін жеткендіктен, олар қауіпсіздікте тұратын болады. 5Ол халқы үшін амандық пен тыныштықтың қайнар көзі болады».
Апаттан аман қалғандардың міндеті
«Ассур әскері#5:5 Осында Ассур — құдайсыз да мейірімсіз жаудың бейнесі (Иш 26:1-2,18-20; 37:21-29; 52:4). біздің елімізге басып кіріп, қамалдарымызды жайпап өтіп жатса, біз оларға қарсы жеті басқарушыны және сегіз әміршіні шығарамыз. 6Олар Ассур елін семсермен басқарып, Нымрод ежелде негізін қалаған сол елге#5:6 Жар 10:8-12. оның қала қақпаларының алаңдарында билік жүргізетін болады. Ассур әскері шекарамыздан өтіп, елімізге басып кіріп жатса, әміршілеріміз бізді жаудан құтқарады.
7Сонда Жақыптың үрім-бұтағының тірі қалғандары көптеген халықтар арасында Жаратқан Иенің жерге түсірген шығына#5:7 Ош 14:6. және шөпке жаудырған нөсеріне ұқсайды. Олар ешкімге бағынбай, адам баласынан тәуелсіз болады. 8Жақыптың үрім-бұтағының тірі қалғандары халықтар арасында тұрып, орман аңдарының ішіндегі арыстандай, қойлардың ішіндегі жас арыстандай қуатты болады. Олар тарпа бас салып, айыра жыртқанда, ешкім араша бола алмайды. 9Уа, Исраил халқы, жауларыңның үстінен жеңіске жет, дұшпандарыңның барлығы күйресін».
10«Сол күні Мен араларыңдағы жылқыларыңды құртып, соғыс күймелеріңді қиратамын, — деп жариялайды Жаратқан Ие. — 11Еліңдегі қалаларды талқандап, қорғандарыңның барлығын қиратамын. 12Өзіңнің сиқырлық істеріңді құртамын, бұдан былай бал ашатын сәуегейлерің болмайды. 13Мен араларыңдағы ағаштан ойылған тәңір мүсіндері мен тас бағаналарды қиратып тастаймын. Бұдан былай сендер өз қолдарыңмен жасаған тәңірсымақтарға табынбайтын боласыңдар. 14Мен араларыңнан Ашераның бағаналарын#5:14 Мыс 34:13; Иш 17:8; 27:9. алып тастап, (арамданған) қалаларыңды қиратамын. 15Өзіме мойынсұнбаған ұлттарға қарсы ашу-ызаға кенеліп, оларға лайықты жазаларын тартқызамын».
Currently Selected:
Миха 5: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.