YouVersion Logo
Search Icon

Матай 27

27
1Таң ата елдің басты діни қызметкерлері мен рубасыларының бәрі Исаны өлтіру туралы кеңесіп, шешім қабылдады. 2Оны байлатып, әмірші Пилатқа алып барып, табыс етті.
Сатқынның ақыры
3Исаға опасыздық жасаған Яһуда Оның сотталғанын көргенде өзінің істегеніне өкініп, басты діни қызметкерлер мен рубасыларына өздері берген отыз күміс теңгесін қайтарып тұрып:
4— Мен опасыздық жасап күнәға баттым: кінәсіз кісінің қаны төгілмекші! — деді. Олар:
— Онда біздің шаруамыз қанша? Бұл — өз мәселең, — деп жауап берді. 5Содан Яһуда ақшаны киелі үйдің ішіне лақтырып жіберіп, шығып кетті де, барып, асылып өлді.
6Басты діни қызметкерлер күміс теңгелерді жинап алып: «Бұл ақшаны ғибадатхананың қазынасына салуға болмайды, себебі ол төгілетін қанға байланысты», — деді. 7Олар ақылдасып, сол ақшаға құмырашының егіндік жерін сатып алып, оны шетелдіктердің зираты етпек болып шешті. 8Сондықтан осы жер танабы күні бүгінге дейін «Қанды танап» деп аталады. 9Еремия пайғамбардың мына тәрізді алдын ала айтқандары сол кезде жүзеге асты: Олар исраилдіктер Ол үшін белгілеген бағаны, отыз күміс теңгені,#27:9 26:15; 27:3. алып, 10соған құмырашының егіндік жерін сатып алды. Жаратқан Ие маған осылай айтқан еді.#27:10 Зәк 11:12-13. (Әдетте Зәкәрия пайғамбардың жазбасы бір үлкен шиыршық кітапқа Еремия пайғамбардың жазбасынан кейін жазылатын. Сол кітаптағы жазбалардың бәрі кейде «Еремия пайғамбардың кітабы» деп те аталатын.)
Мәсіхтің әмірші Пилат алдындағы әділ куәлігі, ал яһуди халқының жасаған опасыздығы
11Сол уақытта Иса римдік әміршінің алдында тұрған еді. Ол Исаға:
— Сен «Яһудилердің Патшасысың» ба? — деген сұрақ қойды. Иса:
— Өзіңіз айтып тұрсыз, — деді.
12Басты діни қызметкерлер мен рубасылар Өзін айыптағанда Иса еш жауап бермеді. 13Сонда Пилат Оған:
— Бұлардың Өзіңе қарсы қаншама куәлік келтіріп жатқанын естімей тұрсың ба? — деп сұрады. 14Алайда Иса олардың бірде-бір сөзіне жауап қайтармады.#27:14 Иш 53:7. Оның бұлай істегеніне әмірші қатты қайран қалды.
15Мейрамның құрметіне әміршінің халық сұраған бір тұтқынды оларға босатып беретін салты бар еді. 16Сол кезде Барабба есімді, аты шулы бір тұтқын римдіктердің түрмесінде отырған болатын. 17Сонымен яһудилер алаңға#27:17 Жох 19:13. жиналып болған соң, Пилат:
— Қайсысын босатып жіберуімді қалайсыңдар: Бараббаны ма, әлде Мәсіх#27:17 26:63; сол аяттағы түсініктемені де қараңыз. деп аталған Исаны ма? — деген сұрақ қойды. 18Яһуди басшыларының Исаны күншілдіктен өзіне ұстап бергендігін әмірші жақсы білетін.
19Бұған қоса, Пилат төрелік тағында отырған осы аралықта оған әйелінің мына сәлемі жетті: «Сол әділ Адамға еш жамандық істей көрме! Мен бүгін түсімде Оған бола қатты азап шегіп, қиналдым».
20Бірақ басты діни қызметкерлер мен рубасылар халық тобырын Пилаттан Бараббаны босатып, Исаны өлтіруді талап етуге көндірді. 21Әмірші қайтадан:
— Осы екеуінің қайсысын өздеріңе босатып бергенімді қалайсыңдар? — деген сауал қойғанда олар:
— Бараббаны! — деп айқай салды.
22— Ендеше Мәсіх#27:22 Яғни Құтқарушы Патша (26:63; Түсіндірмені де қараңыз). деп аталған Исаға не істейін? — деп сұрады Пилат. Бәрі де:
— Айқышқа шегеленсін! — деп айқай салды. 23Пилат:
— Сонда Ол қандай қылмыс жасады? — деген сұрақ қойды. Халық:
— Айқышқа шегеленсін! — деп бұрынғыдан бетер шулап кетті.
24Енді ештеңе істей алмайтынын, керісінше, халықтың толқуы өршіп бара жатқанын көрген Пилат су алдырып, жұрт алдында қолын жуып тұрып:
— Мына (әділ) Адамның төгілетін қанына мен кінәлі емеспін. Бұл — сендердің істерің! — деді. 25Бүкіл халық:
— Оның қаны біздің және ұрпақтарымыздың мойнында болсын! — деп жауап берді. 26Сонда әмірші оларға Бараббаны босатып берді. Ал Исаны қамшымен соқтырғаннан кейін, айқышқа шегелеп іліп өлтіруге жасақшылардың қолдарына тапсырды.
Мәсіхтің қатты азап шегіп жанын қиюы
27Содан әміршінің жасақшылары Исаны ордасына алып барып, қасына бүкіл әскер бөлімін жинады. 28Олар Исаның сырт киімін шешіп алып, Оның үстіне бір қызыл шапанды жапты. 29Жасақшылар, сондай-ақ, тікенді бұтақшалардан «тәж» өріп, оны Исаның басына кигізіп, оң қолына асатаяқ#27:29 Қызыл шапан, тікенді «тәж» және асатаяқ патшалық билік белгілерінің келекеленген түрі болды (27:29-31; Мар 15:17-20; Лұқ 23:11). ұстатып қойды. Исаның алдына тізе бүгіп тағзым еткенсіп: «Яһудилердің Патшасы жасасын!» — деп келекеледі. 30Бетіне түкіріп, қолындағы таяғын жұлып алып, сонымен Оның басын ұра берді. 31Мазақтап болғаннан кейін Исаның үстіндегі шапанды шешіп алып, өз киімін қайта кигізді.
Содан кейін жасақшылар Исаны айқыш ағашқа шегелеп іліп қою үшін алып кетті. 32Қаладан шыға жолшыбай олар Шимон есімді күренелік#27:32 Күрене: солтүстік Африкадағы өлке, қазіргі Либия мемлекетінің жерінде (Елш 2:10). ер адамға тап болды. Оны Исаның айқыш ағашын арқалап жүруге мәжбүр етті.
33Осылай олар Ғолғота, яғни «Маңдайтөбе»,#27:33 Немесе: «Бассүйек орны». деген жерге жетті. 34Сонда Исаға ішуге өт қосылған сірке суын#27:34 Немесе: өт қосылған шарап (27:48; Жыр 68:22). ұсынды, бірақ дәмін татқан соң Ол оны ішуден бас тартты.
35Жасақшылар Исаны айқыш ағашқа керіп шегелеп, тік көтеріп қойды. Бұдан кейін Оның киімдерін жеребе тастап өзара бөлісіп алды. 36Содан олар сол жерде отырып, Исаны күзетті. 37Оған тағылған айып: «Бұл — Яһудилердің Патшасы Иса»#27:37 2:2; 27:11. деп бір тақтайшаға жазылған болатын. Жасақшылар тақтайшаны Исаның басынан жоғары айқыш ағашқа бекітіп қойған еді.
38Олар Исамен бірге екі қарақшыны#27:38 Яки: екі (ұлтшыл) көтерілісшіні (Мар 15:7; Лұқ 23:18-19; Жох 18:40; Иш 53:12). да, біреуін оң, екіншісін сол жағына айқыш ағаштарға керіп шегелеп, тік көтеріп қойды.
39Қасынан өтіп бара жатқандар Исаға тіл тигізді. Олар бастарын шайқап: 40«Әй, киелі үйді бұзып, үш күнде қайта тұрғызушы! Өзіңді құтқарып ал! Егер де Құдайдың рухани Ұлы болсаң, айқыштан түс!» — деп Оны келеке етті.#27:40 16:21; 26:61; 4:6-7; Жох 2:19.
41Сол секілді басты діни қызметкерлер де дін мұғалімдерімен және рубасыларымен бірге Оны мазақтап: 42«Мынау басқаларды құтқарыпты, бірақ Өзін құтқара алмайды екен! Егер Ол Исраилдің Патшасы болса, Өзінің құдіретімен қазір-ақ айқыштан түссін! Сонда Оған сенеміз. 43Ол Құдайға үмітін артқан екен. Егер Құдай Оған разы болса, қазір-ақ Оны құтқарып алсын!#27:43 Жыр 21:9. Өйткені Ол Өзін Құдайдың рухани Ұлымын деді ғой», — десті.
44Жанындағы айқыштарға шегеленген қарақшылар да Исаны солай тілдеді.#27:44 Алайда сәл кейінірек екеудің біреуі күнәсіне өкініп, Иса оны кешірді (Лұқ 23:39-43).
45Тал түстен бастап бүкіл жерді қараңғылық басты, ол үш сағатқа созылды.#27:45 Түсіндірмедегі «Уақыт белгілеу жүйесін» қараңыз. 46Сағат үш шамасында Иса қатты дауыспен айқайлап: «Ілои, Ілои! Лама сабахтани?» — деді. Бұның аудармасы «О, Құдайым, Құдайым! Неліктен Мені жалғыз қалдырдың?»#27:46 Жыр 21:2; Мар 15:34; Жох 1:29; Пет1 2:24; Ғал 3:13. дегенді білдіреді. 47Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері мұны естіп: «Ол Ілияс#27:47 Ілияс пайғамбардың есімі түпнұсқадағы Ілои «Құдайым» деген сөзге ұқсас дыбысталады. пайғамбарды шақырып жатыр», — десті. 48Солардың біреуі дереу жүгіріп барып, бір сорғышты сірке суына батырып алды. Оны таяқтың ұшына қадап, Исаға ішуге ұсынды. 49Басқалары: «Күте тұрайық, Ілияс келіп, Оны құтқарып алар ма екен, көрейік!» — деп кекетті.
50Иса тағы бір рет қатты дауыстап жіберіп, жан тапсырды.
51Сол сәтте киелі үйдегі шымылдық#27:51 Бұл шымылдықпен киелі үйдегі ең қасиетті орын, яғни Құдайдың жер бетіндегі тұрағы, жабылып, адам көзінен тасаланатын (Мыс 26:33; 40:34-35; Евр 9:3-8; 10:19-22). кенеттен жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып, екіге бөлінді. Жер сілкініп, жартастар жарылып, 52қабір үңгірлері ашылды. Марқұм болған көптеген әділдердің#27:52 Яки: қасиеттілердің (Құдай жолын қуғандардың). сүйектері қайта тіріліп, 53қабірлерінен шықты. Олар кейінірек, Иса қайта тірілген соң, қасиетті қалаға#27:53 Яғни Иерусалимге. барып, көптеген адамдарға көрінді.
54Римдік жүзбасы және онымен бірге Исаны күзетіп тұрғандар жер сілкіністі және болған өзге оқиғалардың бәрін көргенде үрейлері ұшып: «Бұл шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!» — деп мойындады.#27:54 27:43,45-46,50-52.
55Сол жерде алысырақтан қарап тұрған көптеген әйелдер де болды. Олар Исаға қызмет етіп, Ғалилеядан еріп келгендер еді.#27:55 Лұқ 8:2-3. 56Араларында мағдалалық Мәриям және Жақып пен Жүсіптің шешесі Мәриям,#27:56 Немесе: Жақып пен Жосидың шешесі Мәриям. (Жоси: Жүсіп есімінің қысқаша түрі. Осы Мәриям Исаның да шешесі еді: 13:55; Жох 19:25.) сондай-ақ Зебедей ұлдарының шешесі#27:56 Яғни Исаның елшілері Жақып пен Жоханның шешесі (10:2; 20:20). де бар болатын.
Мәсіхтің мәйітінің қабірге қойылып, күзетілуі
57Кеш түспес бұрын Жүсіп есімді ариматеялық бір бай кісі келді. Өзі де Исадан тәлім алған шәкірті еді.#27:57 Немесе: Ол да Исадан тәлім алған болатын. 58Жүсіп Пилатқа барып, Исаның мәйітін қабірге қоюға рұқсат сұрап алды. Пилат мәйітті оған табыс етуге бұйырды. 59Жүсіп сүйекті түсіріп алып, кіршіксіз таза бәтес кебінге орады. 60Содан оны жартастан үңгіп жасаған өзінің жаңа қабіріне апарып қойды. Бұдан кейін қабірдің дәу қақпақ тасын домалатып әкеліп, қабірдің кіреберіс аузын сонымен мықтап жауып, кетіп қалды. 61Сол жерге келген мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям#27:61 Исаның шешесі (27:56). қабірдің қарсы алдында отырды.
62Келесі күні, жұманың ертеңіне басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Пилаттың қасына жиналып, 63былай деді:
— Тақсыр, әлгі «алдамшы» Кісінің тірі кезінде: «Үш күннен кейін қайта тірілемін» дегені есімізге түсті. 64Сондықтан да қабірді үшінші күнге дейін күзетіп, қауіпсіз етуге бұйыра көріңіз. Әйтпесе Оның шәкірттері (түн ішінде) келіп, сүйегін ұрлап алып кетіп, халыққа «өлімнен қайта тірілді» деп жүрулері мүмкін. Сонда соңғы алдау алғашқысынан да бетер болар.#27:64 Сол дінбасылардың көпшілігі Исаны қабылдамай қиқарлық танытып, Оны тіпті «алдамшы» деп жариялады (Жох 5:16-32; 7:32-49).65Пилат:
— Мейлі, қарауыл тобын алыңдар.#27:65 Немесе: Қарауылдарың бар ғой. Барып, қабірді өздерің білгендеріңше күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етіңдер, — деп шешті.
66Олар барып, мазардың айналасына күзет қойып, қақпақ тасты мөрмен бекітіп тастады.#27:66 Ресми мөрді рұқсатсыз сындырған әркім де, міндетін дұрыс атқармаған әр күзетші де ешбір кешірімсіз өлімге бұйырылатын еді (Елш 12:19).

Currently Selected:

Матай 27: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in